НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

137-бап. Камералдық бақылау жүргізу

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

тәртібі және нәтижелері
1. Камералдық бақылау:
1) салық органдарында, оның ішінде салықтық нысандарда бар мәліметтерде;
2) өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтерінде;
3) әртүрлі ақпарат көздерінен алынған салық төлеушінің (салық агентінің) қызметі туралы мәліметтерде қамтылатын деректерді салыстыру арқылы жүргізіледі.
2. Камералдық бақылауды салық органы осы Кодексте белгіленген салықтық есептілікті ұсыну мерзімі өткеннен кейін тиісті салықтық кезең үшін жүргізеді. Салықтық кезеңдегі камералдық бақылау осындай кезең бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде жүргізіледі.
3. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша алшақтықтар анықталған кезде, деңгейлес мониторингке қатысушыны қоспағанда, салық төлеушіге (салық агентіне) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарлама (бұдан әрі осы баптың мақсатында – хабарлама) ұсынылады.
4. Мыналар хабарламаның орындалуы деп танылады:
1) хабарламада көрсетілген алшақтықтармен келіскен жағдайда – салық төлеушінің (салық агентінің) Қазақстан Республикасы салық заңнамасының анықталған бұзушылықтарын: алшақтықтар анықталған салықтық кезең үшін хабарлама бойынша салықтық есептілікті ұсыну; қосылған құн салығын қайтару туралы салық төлеушінің (салық агентінің) талабы бойынша бюджеттен бұрын қайтарылған қосылған құн салығының сомасын, сондай-ақ осындай сомаларды салық төлеушіге (салық агентіне) аудару күнінен бастап төлеу күніне дейінгі әрбір күн үшін өсімпұлды бюджетке төлеу; өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін – арнаулы мобильді қосымшада деректерді көрсету және (немесе) салық пен әлеуметтік төлемдерді төлеу; тиісті салық режиміне көшу мақсатында осы Кодекстің 716-бабында көзделген әрекеттерді жасау арқылы жоюы;
2) хабарламада көрсетілген алшақтықтармен келіспеген жағдайда – осы баптың 6-тармағының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, салық төлеушінің (салық агентінің) хабарламаны ұсынған салық органына Қазақстан Республикасы салық заңнамасының бұзылуына алып келмейтін алшақтықтардың себептері туралы түсінік (бұдан әрі осы баптың мақсатында – түсінік) ұсынуы. Хабарламада көрсетілген алшақтықтардың бір бөлігімен келіскен жағдайда, салық төлеушінің (салық агентінің) алшақтықтарды анықталған бөлігінде жоюы және қалған бөлікте алшақтықтардың жоқтығы жөнінде түсінікті ұсынуы хабарламаның орындалуы деп танылады.
5. Салық төлеушінің (салық агентінің) түсінігінде:
1) салық төлеушінің (салық агентінің) және хабарламаны ұсынған салық органының сәйкестендіру деректері;
2) түсінік ұсынылатын хабарламаның күні мен нөмірі;
3) хабарламада көрсетілген алшақтықтармен келіспеу себептері;
4) күні, қолтаңбасы;
5) хабарламамен келіспеудің негізділігін растайтын құжаттардың тізбесі (бар болса) қамтылуға тиіс. Салық органдарының хабарламаны орындау үшін құжаттарды талап етіп алдыруына тыйым салынады.
6. Корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шығыстарды шегерімге жатқызу және мыналар:
1) жазып берілуі бойынша әрекетті (әрекеттерді) заңды күшіне енген сот актісімен немесе қылмыстық қудалау органының сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ақталмайтын негіздер бойынша тоқтату туралы қаулысымен жеке кәсіпкерлік субъектісі іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасаған (жасалған) деп танылған шот-фактураның және (немесе) өзге құжаттың негізінде;
2) заңды күшіне енген сот актісі негізінде жарамсыз деп танылған мәмілелер бойынша;
3) заңды күшіне енген сот актісінде белгіленген, басшысының және (немесе) құрылтайшысының (қатысушысының) мұндай заңды тұлғаны тіркеуге (қайта тіркеуге) және (немесе) оның қаржылық-шаруашылық қызметін жүзеге асыруға қатысы жоқ салық төлеушімен іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасалған операциялар бойынша;
4) заңды күшіне енген сот актісі негізінде тіркелуі (қайта тіркелуі) жарамсыз деп танылған заңды тұлғалармен және (немесе) дара кәсіпкерлермен жасалған мәмілелер (операциялар) бойынша сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызу кезінде хабарламаға түсінік беруге тыйым салынады. Осы тармақтың бірінші бөлігінің күші салық төлеушінің (салық агентінің) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іс жүзінде сатып алуын (алуын) сот белгілеген мәмілелерге (операцияларға) қолданылмайды.
7. Хабарламаны орындау мерзімі осы баптың 6-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іс жүзінде сатып алуды (алуды) растау бойынша сотқа шағым берген кезде тоқтатыла тұрады. Шағымды іс жүргізуге қабылдау туралы сот актісінің көшірмесін салық төлеуші (салық агенті) хабарламаны ұсынған салық органына ұсынады. Бұл ретте тоқтата тұру осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген сот актісі шығарылған күннен бастап ол заңды күшіне енгенге дейінгі кезеңге қолданылады.
8. Салықтық тексеру жүргізілген кезеңде салық төлеушіге (салық агентіне) тексерілетін кезеңге хабарлама берілмейді, бұл ретте камералдық бақылау нәтижелері жүргізілетін салықтық тексеру барысында пайдалануға жатады.
9. Хабарламаны орындамаған кезде:
1) Қазақстан Республикасының аумағында қызметін интернет-алаң арқылы жүзеге асыратын шетелдік компанияның интернет-ресурстарына және (немесе) интернет-алаңына қолжетімділік шектеледі;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілмеген салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттары бойынша шығыс операциялары хабарламаны орындау мерзімі өткен күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде тоқтатыла тұрады;
3) салық төлеушінің электрондық шот-фактураларын жазып беру хабарламаны орындау мерзімі өткен күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде тоқтатыла тұрады. Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген қамтамасыз ету тәсілдері, егер көрсетілген бөлікте өзгеше белгіленбесе, осы Кодекстің 5-тарауының 4-параграфында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қолданылады.
10. Салық органы түсінікте баяндалған себептердің анықтығын растау үшін немесе хабарлама осы Кодексте белгіленген мерзімде орындалмаған кезде камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған алшақтықтар бойынша салықтық тексеру жүргізуге құқылы.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-137/