Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
144-бап. Ірі салық төлеушілер мониторингі
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 130. Мониторинг крупных налогоплательщиков
· толық сәйкестік кестесі
1. Ірі салық төлеушілер мониторингі ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушылардың тізбесіне (бұдан әрі осы параграфтың мақсатында – қатысушылар тізбесі) енгізілген салық төлеушілерге қатысты жүзеге асырылады.
2. Қатысушылар тізбесіне:
1) 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе құзыретті орган және жер қойнауын пайдаланушы арасында жасалған және міндетті салықтық сараптамадан өткен өнімді бөлу туралы келісімде (келісімшартта) көрсетілген және (немесе) мұнай-газ конденсаты немесе теңіз кен орнында қызметін жүзеге асыратын сенім білдірілген тұлға (оператор) және (немесе) жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдаланушылар);
2) қатысушылар тізбесі қолданысқа енгізілген жылдың алдындағы жылдың 1 қазанында мынадай шарттарға сәйкес келетін:
кең таралған пайдалы қазбаларды және жерасты суларын барлауға, өндіруге арналған келісімшарттарды қоспағанда, пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт жер қойнауын пайдаланушымен жасалса;
жер қойнауын пайдаланушы өңірлік саясат саласындағы орталық уәкілетті орган бекітетін тізбеге сәйкес қала құраушы заңды тұлғалар санатына жатқызылса, жер қойнауын пайдаланушы;
3) жыл сайынғы төленген салықтар сомасы қатысушылар тізбесі бекітілуге тиісті жылдың соңына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде 2 000 000 еселенген мөлшерін құрайтын салық төлеушілер енгізіледі.
Бұл ретте жыл сайынғы төленген салықтар сомасы қатысушылар тізбесі бекітілуге тиісті жылдың алдындағы күнтізбелік үш жылдың әрқайсысы үшін айқындалады;
4) қатысушылардың тізбесі бекітілуге тиісті жылдың алдындағы салықтық кезең үшін осы Кодекстің 255-бабында көзделген азайтуды есепке алмағанда, жылдық жиынтық кірісі қатысушылардың тізбесі бекітілуге жататын жыл соңында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 3 000 000 еселенген мөлшерінен асатын екінші деңгейдегі банктер мен сақтандыру ұйымдары;
5) осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген шарттарға сәйкес келетін ірі салық төлеушілердің ішінен осы Кодекстің 255-бабында көзделген азайтуды есепке алмағанда, неғұрлым көп жылдық жиынтық кірісі бар алғашқы үш жүз ірі салық төлеуші енгізіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көрсетілген алғашқы үш жүз ірі салық төлеуші салықтық кезеңнің соңында тіркеп-белгіленген активтерінің құндық баланстарының сомасы қатысушылар тізбесі бекітілуге тиісті жылдың соңында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде 325 000 еселенген мөлшерін құрайтын салық төлеушілер арасынан іріктеледі.
Осы баптың мақсаттары үшін:
1) осы Кодекстің 255-бабында көзделген азайтуды есепке алмағанда, жылдық жиынтық кіріс қатысушылар тізбесі бекітілуге тиісті жылдың алдындағы салықтық кезеңдегі корпоративтік табыс салығы бойынша декларация деректерінің негізінде айқындалады;
2) тіркеп-белгіленген активтердің құндық баланстарының сомасы қатысушылар тізбесі бекітілуге тиісті жылдың алдындағы жылға салықтық есептілік негізінде айқындалады;
3. Қатысушылардың бекітілген тізбесі бекітілген жылынан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан кейін қолданысқа енгізіледі және қолданысқа енгізілген күнінен бастап екі жыл бойы қолданыста болады.
Қатысушылардың тізбесі осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген тізбе қолданысқа енгізілген жылдың алдындағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша ұсынылған салықтық есептілік деректері негізінде қалыптастырылады.
4. Салық төлеушілер қатысушылар тізбесіне енгізілуге жататын шарттар өзгерген жағдайларды қоспағанда, қатысушылар тізбесі қолданылу кезеңінің ішінде қайта қаралуға жатпайды.
5. Егер қатысушылар тізбесі қолданысқа енгізілетін жылдың алдындағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша қатысушылар тізбесіне енгізілуге жататын салық төлеуші таратылу сатысында болса, мұндай салық төлеуші осы тізбеге енгізілуге жатпайды.
Ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушы қайта ұйымдастырылған жағдайда, оның құқық мирасқоры (құқық мирасқорлары) қатысушылардың кейінгі тізбесі қолданысқа енгізілгенге дейін ірі салық төлеушілер мониторингіне жатады.
Ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушы таратылған жағдайда, сондай-ақ оны банкрот деп тану туралы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап мұндай қатысушы қатысушылар тізбесінен шығарылды деп танылады.
6. Ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушы деңгейлес мониторинг туралы келісімнің қолданылу кезеңінде қатысушылар тізбесінен шығарылуға жатпайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-144/