НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

15-бап. Әлеуметтік саладағы қызметті жүзеге асыратын ұйым

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген әлеуметтік саладағы қызметтің бір немесе бірнеше түрін жүзеге асырудан түсетін кірістері, осы баптың 3-тармағында көзделген кірістер ескеріле отырып, жылдық жиынтық кірістің кемінде 90 пайызын құрайтын заңды тұлға әлеуметтік саладағы қызметті жүзеге асыратын ұйым деп танылады.
2. Әлеуметтік саладағы қызметке мынадай қызмет түрлері жатады:
1) медициналық қызметке лицензиясы бар денсаулық сақтау субъектісінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық қызметтер көрсетуі, оның ішінде кешенді түрде медициналық қызметтер көрсетуі;
2) білім беру саласында: білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензиялар бойынша жүзеге асырылатын қызметтерді көрсету; мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту; білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы бар білім беру ұйымы жүзеге асыратын қосымша білім беру;
3) ғылым саласындағы уәкілетті орган аккредиттеген ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері жүзеге асыратын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет (ғылыми зерттеулер жүргізуді, зияткерлік меншік объектілерін пайдалануды, оның ішінде өткізуді қоса алғанда). Осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген кірістерге ғылым саласындағы уәкілетті орган аккредиттеген ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің зерттеу университеттері жанынан ғылыми орталықтар құруға арналған қаржыландыру түріндегі кірістері де жатады;
4) спорт саласындағы қызмет;
5) мәдениет ұйымдары жүзеге асыратын мәдениет саласындағы қызмет;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау бойынша қызметтер көрсету (ақпарат тарату мен насихаттауды қоспағанда);
7) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп танылған адамдарға (отбасыларға) көмек көрсету;
8) кітапхананың қызмет көрсетуі;
9) дербес білім беру ұйымдарының: Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген білім берудің мынадай деңгейлері: бастауыш мектеп (мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды қоса алғанда), негізгі мектеп, жоғары мектеп, орта білімнен кейінгі білім, жоғары білім, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бойынша; қосымша білім беру жөніндегі қызметі; ғылыми-техникалық, инновациялық, ғылыми-зерттеу қызметі (іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді қоса алғанда).
3. Осы баптың 1-тармағын қолдану мақсатында кірістердің мынадай түрлері де ескеріледі:
1) өтеусіз алынған мүлік түріндегі кіріс (қайырымдылық және демеушілік көмекті қоса алғанда);
2) құрылтайшыдан, қатысушыдан, мүшеден өтеусіз және қайтарымсыз негізде түсетін кіру жарналары, мүшелік жарналар және өзге де түсімдер;
3) депозиттер бойынша сыйақылар;
4) оң бағамдық айырма сомасының теріс бағамдық айырма сомасынан асып кетуі.
4. Әлеуметтік саладағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға акцизделетін тауарларды өндіру және өткізу жөніндегі қызметтен кірістер алатын ұйымдар жатпайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-15/