Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
156-бап. Тақырыптық салықтық тексеру
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 142. Тематическая проверка
· толық сәйкестік кестесі
1. Тақырыптық салықтық тексеру – сақталуын бақылау салық органына жүктелген, салықтардың және (немесе) бюджетке төленетін төлемдердің жекелеген түрлері бойынша салықтық міндеттеменің және (немесе) әлеуметтік міндеттеменің және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де талаптарының орындалуын салықтық тексеру.
2. Тақырыптық салықтық тексеру:
1) салықтардың және (немесе) бюджетке төленетін төлемдердің жекелеген түрлері бойынша салықтық міндеттемені орындау;
2) әлеуметтік төлемдерді есептеудің, ұстап қалудың және аударудың толықтығы мен уақтылығы;
3) сот шот-фактура жазып берудің жасалуын іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жүзеге асырылды деп таныған шот-фактура жазып беру жөніндегі әрекет (әрекеттер) бойынша салықтық міндеттемені айқындау;
4) іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей шот-фактураларды жазып беру жөніндегі әрекеттерді жасау фактісі бойынша өзіне (өздеріне) қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан салық төлеушімен (салық төлеушілермен) өзара есеп айырысулар бойынша салықтық міндеттемені айқындау;
5) салық органы осы Кодекстің 88-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін тоқтата тұруды қолданған салық төлеушімен (салық төлеушілермен) өзара есеп айырысулар бойынша салықтық міндеттемені айқындау;
6) салық төлеуші мен оның дебиторлары арасындағы өзара есеп айырысуларды айқындау;
7) ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында импортталатын және алып өтілетін тауарларға тауар-көлік жүкқұжаттарының болуы және тауарлар атауының тауар-көлік жүкқұжаттарында көрсетілген мәліметтерге сәйкестігі;
8) мынадай:
тауарларды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы, оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында халықаралық автомобиль тасымалдарымен жүзеге асырылатын алып өту, өткізу және (немесе) тиеп-жөнелту кезінде;
тауарларды ЕАЭО-ға мүше болып табылмайтын мемлекеттердің және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердiң аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде;
тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан ЕАЭО-ға мүше болып табылмайтын мемлекеттердiң және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердiң аумағына әкету кезінде тауарларға ілеспе жүкқұжаттардың болуы және тауарлар атауының, санының (көлемінің) тауарларға ілеспе жүкқұжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкестігі;
9) Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуына байланысты кедендік баждардың төмендетілген мөлшерлемелері қолданылатын тауарлардың тізбесіне енгізілген тауарлар қалдықтарының болуын растау;
10) халықаралық шарттардың ережелерін қолданудың құқыққа сыйымдылығы;
11) бейрезидент қосарланған салық салуды болғызбау және салықтарды төлеуден жалтаруға жол бермеу мәселелерін реттейтін халықаралық шарттың ережелерін қолдануға байланысты бюджеттен қайтаруды ұсынған табыс салығын растау;
12) бейрезиденттiң қосарланған салық салуды болғызбау және салықтарды төлеуден жалтаруға жол бермеу мәселелерін реттейтін халықаралық шарттың ережелерін қолдануға байланысты бюджеттен табыс салығын қайтаруға арналған салықтық өтiнiшiн қайтадан қарау туралы жолданымында баяндалған мәселелер;
13) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердiң аумағына әкету кезінде халықаралық шарттарды іске асыру үшін қабылданған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген құжаттардың болуы және тауарлардың құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкестігі;
14) жекелеген жағдайларда шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан,
шетел азаматтарынан, азаматтығы жоқ адамдардан ақша және (немесе) өзге де мүлікті алу, жұмсау кезінде тұлғаның және (немесе) заңды тұлға құрылымдық бөлімшесінің осы Кодексте белгіленген талаптарды орындауы;
15) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті таңбалауға жататын тауарлар бойынша тауарда сәйкестендіру құралдарының болуы және оның төлнұсқалығы;
16) Қазақстан Республикасының акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерінің өндірісін және айналымын, сондай-ақ авиациялық отынның, биоотынның, мазуттың айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамаларының талаптарын сақтау;
17) сәйкестендіру құралдары мен есепке алу-бақылау маркаларының болуы және олардың төлнұсқалығы;
18) лицензияның болуы;
19) салық органдарында тіркеу есебіне қою;
20) ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердiң аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарлар бойынша қосылған құн салығы және (немесе) акциз бойынша салықтық мiндеттемені орындау;
21) қосылған құн салығының асып кету сомаларының, оның ішінде қайтаруға ұсынылған соманың анықтығын растау;
22) тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету бойынша айналымның іс жүзінде жасалғанын растау;
23) электрондық шот-фактураларды жазып беру тәртібін сақтау;
24) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарламада көрсетілген бұзушылықтардың болуын растау;
25) салықтық тіркеу талаптарын сақтау;
26) бақылау-касса машиналарын және (немесе) үш құрауышты интеграцияланған жүйені қолдану тәртібін сақтау;
27) бақылау-касса машиналарының және (немесе) үш құрауышты интеграцияланған жүйенің болуы;
28) төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болуы;
29) ірі салық төлеушілер мониторингі бойынша уәжді шешімнің орындалмауы;
30) салықтық міндеттемені орындау мәселелері бойынша деңгейлес мониторинг жөніндегі уәжді шешіммен келіспеу және (немесе) мұндай шешімді орындамау;
31) салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымында баяндалған мәселелер;
32) банк ұйымдарының:
осы Кодексте;
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде;
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында;
сақталуын бақылау салық органдарына жүктелген Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында белгіленген міндеттерді орындауы;
33) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасының және акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін өндіру, сақтау және өткізу шарттарының сақталуы;
34) трансферттік баға белгілеу;
35) салық төлеушінің (салық агентінің) кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімді орындау жөніндегі мәселелер бойынша жүргізіледі.
Тақырыптық салықтық тексеру бір мезгілде бірнеше мәселе бойынша жүргізілуі мүмкін.
3. Салық органдары салық төлеушіге (салық агентіне) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарлама жіберілгенге және оның орындалу мерзімі өткенге дейін сот шот-фактура жазып берудің жасалуын іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жүзеге асырылды деп таныған шот-фактураны жазып беру жөніндегі әрекеттерге тақырыптық салықтық тексеруді жүзеге асыруға құқылы емес.
4. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерімен келісу бойынша мұндай бірлестіктердің өкілдері нақты салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты тағайындалмаған тақырыптық салықтық тексеруді жүргізу кезінде қатысу үшін тартылуы мүмкін.
Жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің өкілдері көрсетілген тақырыптық салықтық тексерулерді жүргізу кезінде салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
5. Тақырыптық салықтық тексеру мынадай негіздердің бірі:
1) қосылған құн салығының асып кету сомасының анықтығын растау бойынша – жиырма салықтық кезең ішінде қосылған құн салығының асып кету сомасын тең үлестермен қайтару тәртібін қолдану үшін қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы салық төлеушінің салықтық өтініші;
2) қосылған құн салығының қайтаруға ұсынылған асып кету сомасының анықтығын растау бойынша – қосылған құн салығы бойынша декларацияда көрсетілген салық төлеушінің қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талабы бойынша тағайындалған кезде салықтардың және (немесе) бюджетке төленетін төлемдердің жекелеген түрлері бойынша салықтық міндеттемені орындау және қосылған құн салығының асып кету сомаларының, оның ішінде қайтаруға ұсынылған сомаларының анықтығын растау мәселелері бойынша бір мезгілде жүргізіледі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-156/