НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

159-бап. Салықтық тексеруге қатысушылар

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Мыналар салықтық тексеруге қатысушылар болып табылады:
1) салық органының салықтық тексеруді жүргізетін лауазымды адамдары;
2) осы Кодекске сәйкес салық органы салықтық тексеруді жүргізуге тартатын, нұсқамада көрсетілген мамандар (бұдан әрі – маман);
3) тексерілетін тұлғалар: нақты салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты тағайындалмаған тақырыптық салықтық тексерулер кезінде – нұсқамада көрсетілген аумақ учаскесіндегі салық төлеуші, оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің және ЕАЭО-ға мүше болып табылмайтын мемлекеттердің салық төлеушісі; салықтық тексерулердің басқа нысандары кезiнде – нұсқамада көрсетiлген салық төлеушi (салық агенті).
2. Арнаулы білім мен дағдыларды талап ететін мәселелерді зерттеу және консультациялар алу үшін салық органы осындай арнаулы білімі мен дағдылары бар маманды, оның ішінде Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарының лауазымды адамдарын салықтық тексеруге тартуға құқылы. Қағаз жеткізгіште немесе электрондық құжат нысанында ұсынылған, салық органының лауазымды адамы көтерген мәселелер бойынша тексеруге тартылған маман салықтық тексеру барысында пайдаланылатын қорытынды жасайды. Осындай жазбаша мәселелер мен қорытындылардың көшірмелері салықтық тексеру актісіне, оның ішінде салық төлеушіге (салық агентіне) табыс етілетін данаға қоса беріледі.
3. Салықтық тексеру тексерілетін салық төлеушінің (салық агентінің) кәсіпкерлік қызметіне байланысты мәселелер бойынша тексерілетін салық төлеуші (салық агенті) туралы мәліметтерді алу үшін осындай қызмет бойынша жиынтық салықтық есепке алуды жүргізуге жауапты жай серіктестікке (консорциумға) қатысушылардың уәкілетті өкіліне қатысты да жүзеге асырылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-159/