НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

162-бап. Салықтық тексеру жүргізудің басталуы

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Егер осы баптың 6-тармағында өзгеше белгіленбесе, салық органының нұсқамасын салық төлеушіге (салық агентіне) жеке қолын қойғызып табыс еткен күн салықтық тексеру жүргізудің басталу күні болып есептеледі.
2. Салық органының нұсқамасы үзінді-көшірме жасалған күннен кейінгі үш жұмыс күні ішінде салық төлеушіге (салық агентіне) ұсынылады. Салық төлеуші (салық агенті) салық органы нұсқамасының данасына танысқаны және алғаны туралы қолтаңбасын, сондай-ақ алған күні мен уақытын қояды. Осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінің ережелері нақты салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты тағайындалмаған тақырыптық салықтық тексерулерге қолданылмайды.
3. Нақты салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты тағайындалмаған тақырыптық салықтық тексеруді жүргізу кезінде салық төлеушіге (салық агентіне) немесе тауарларды өткізуді, жұмыстарды орындауды немесе қызметтерді көрсетуді жүзеге асыратын оның жұмыскеріне танысу үшін нұсқаманың түпнұсқасы көрсетіледі және оның көшірмесі табыс етіледі. Салық органы нұсқамасының түпнұсқасына салық төлеуші (салық агенті) немесе тауарларды өткізуді, жұмыстарды орындауды немесе қызметтерді көрсетуді жүзеге асыратын оның жұмыскері: салық органының нұсқамасымен танысқаны және көшірмесін алғаны туралы тиісті жазба енгізеді; қолтаңбасын, салық органы нұсқамасының көшірмесін алу күні мен уақытын қояды.
4. Салық төлеуші (салық агенті) салық органының нұсқамасын алудан бас тартқан жағдайда, салық органының лауазымды адамы:
1) бас тарту фактісін бейне тіркеп-белгілеуді жүргізеді;
2) салық органы нұсқамасының данасына тиісті жазба жасайды;
3) куәгерлерді тарта отырып, салық органының нұсқамасын алудан бас тарту туралы акт жасайды.
5. Салық төлеушінің (салық агентінің) салық органының нұсқамасын алудан бас тартуы салықтық тексерудің күшін жоюға негіз болып табылмайды. Салық төлеушінің (салық агентінің) салық органының нұсқамасын алудан бас тартуы салық органының лауазымды адамдарын салықтық тексеруге жібермеуді білдіреді. Салық төлеушіде (салық агентінде) салық органының лауазымды адамдарын аумағына және (немесе) үй-жайларына кіргізуден бас тарту құқығы болған кезде осы тармақтың екінші бөлігінің ережесі қолданылмайды.
6. Салық төлеуші (салық агенті) салық органының нұсқамасын алудан бас тартқан жағдайда, нұсқаманы алудан бас тарту туралы акт жасалған күн тексеру жүргізудің басталу күні болып есептеледі.
7. Салықтық тексеруді жүргізу кезеңінде осы салықтық тексеруді:
1) салық төлеушінің (салық агентінің) салық өтініші бойынша тоқтатуға;
2) егер тексеру сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жүргізілсе, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша қылмыстық істі және салықтық тексеруді тоқтатуға жол берілмейді.
8. Салық төлеуші салықтық тексеруді жүзеге асыру кезеңінде салық органының нұсқамасына шағым жасаған кезде мұндай салықтық тексеруді тоқтата тұруға жол берілмейді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-162/