Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
170-бап. Салықтық тексерудің аяқталуы
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 158. Завершение налоговой проверки
· толық сәйкестік кестесі
Бұрынғы кодексте:
Статья 170. Государственный реестр
· толық сәйкестік кестесі
1. Салықтық тексеру аяқталған соң салық органының салықтық тексеру жүргізген лауазымды адамы салықтық тексеру актісін жасайды.
Салықтық тексеру актісінде:
1) жасалған күні мен орны;
2) тексеру нысаны, тексерілетін кезең;
3) салық органының салықтық тексеруді жүргізген лауазымды адамдарының лауазымы, тегі, аты және әкесінің аты;
4) салықтық тексеруді жүргізу кезінде қатысқан жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктері өкілдерінің лауазымы, тегі, аты және әкесінің аты;
5) салық органының атауы;
6) тексерілген салық төлеушінің (салық агентінің) сәйкестендіру деректері;
7) тексерілген салық төлеушінің (салық агентінің) банктік деректемелері;
8) салық төлеуші (салық агенті) басшысының және салықтық есептілік пен бухгалтерлік есептілікті жүргізуге және салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеуге жауапты лауазымды адамдарының тегі, аты және әкесінің аты;
9) алдыңғы тексеру және бұрын анықталған бұзушылықтарды жою бойынша қабылданған шаралар туралы мәліметтер (кешенді немесе тақырыптық салықтық тексеруді жүргізу кезінде);
10) тексерілген салық төлеуші (салық агенті) ұсынған құжаттар туралы жалпы мәліметтер;
11) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары бұзылған тиісті ережелерін көрсете отырып, анықталған бұзушылықтардың егжей-тегжейлі сипаттамасы;
12) тексеру нәтижелері қамтылуға тиіс.
Салықтық тексеру актісіне салық құпиясы болып табылатын мәліметтерді қоспағанда, құжаттардың қажетті көшірмелері, салық органының салықтық тексеруді жүргізген лауазымды адамы жасаған есеп-қисаптар және салықтық тексеру барысында алынған басқа да материалдар қоса беріледі.
2. Салықтық тексеру актісі кемінде екі данада жасалады және оған:
1) қолын қойғызып жеке табыс еткен жағдайда – салық органының осындай тексеруді жүргізген лауазымды адамдары қол қояды;
2) электрондық тәсілмен табыс етілген жағдайда – салық органының осындай тексеруді жүргізген лауазымды адамдарының электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылады.
3. Тексерілген салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық тексеру актісі табыс етілген күн салықтық тексеру мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.
Салықтық тексеру актісі осы Кодекстің 163-бабының 7-тармағында айқындалған тәртіппен тексерілген салық төлеушіге (салық агентіне) ұсынылады.
4. Тексерілген салық төлеушінің (салық агентінің) тұрған жерінде болмауына байланысты оған салықтық тексеру актісін қолын қойғызып жеке табыс ету мүмкін болмаған жағдайда, куәгерлерді тарта отырып, салықтық зерттеп-қарау жүргізіледі және салықтық тексеру актісіне тиісті жазба жасалады.
Салықтық зерттеп-қарау актісі жасалған күн салықтық тексеру актісін табыс ету күні болып табылады.
5. Тексерілген салық төлеуші (салық агенті) салықтық тексеру актісін алудан бас тартқан кезде салықтық тексеру актісіне тиісті жазба жасалады және салықтық тексеру актісін алудан бас тарту туралы акт жасалады.
Салықтық тексеру актісін алудан бас тарту туралы акт жасалған күн салықтық тексеру актісін табыс ету күні болып табылады.
6. Егер таратудың салықтық есептілігін алған күннен бастап таратудың салықтық тексеруі аяқталған күнге дейінгі кезеңде салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді есептеу, төлеу бойынша салықтық міндеттеме және әлеуметтік міндеттеме туындайтын болса, мұндай міндеттемелер өсімпұл есепке жазылмай және айыппұл санкциялары қолданылмай салықтық тексеру актісіне қосымшада көрсетіледі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-170/