НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

192-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) шағым беру тәртібі

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Салық төлеушiнің (салық агентінің) салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымы салық төлеушiге (салық агентіне) салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарлама табыс етілген күннен кейінгі отыз жұмыс күнi iшiнде уәкілетті органға берiледi. Бұл ретте салық төлеушi (салық агентi) шағымның көшiрмесiн салықтық тексеру жүргiзген және салықтық тексерудің алдын ала актісіне салық төлеушiнің (салық агентiнің) қарсылығын қараған салық органдарына ұсынуға тиiс. Беру тәсiлiне қарай:
1) келу тәртібімен берілгенде – уәкілетті органның шағымды тіркеу күні;
2) пошта немесе өзге байланыс ұйымы арқылы берілгенде – пошта немесе өзге байланыс ұйымының қабылдау туралы белгi қойған күні;
3) электрондық тәсілмен берілгенде – веб-порталы арқылы жөнелтілген күні уәкілетті органға шағымды беру күнi болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімді дәлелді себеппен өткізіп алған жағдайда, шағымды беруші салық төлеушінің (салық агентінің) өтінішхаты бойынша осы мерзімді шағымды қарайтын уәкілетті орган қалпына келтіруі мүмкін.
3. Уәкілетті орган шағымды берудің өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру мақсатында салықтық тексеру жүргізілген жеке тұлғаның, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) басшысының және (немесе) бас бухгалтерінің (ол болған кезде) еңбекке уақытша жарамсыздығын дәлелді себеп ретінде таниды. Осы тармақтың ережелері салықтық тексеру жүргізілген жеке тұлғаларға, сондай-ақ ұйымдық құрылымы жоғарыда аталған адамдар болмаған кезде оларды алмастыратын адамдардың болуын көздемейтін салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қолданылады. Бұл ретте салық төлеуші (салық агенті) шағымды берудің өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатқа осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған адамдардың еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңін растайтын құжатты және осындай салық төлеушінің (салық агентінің) ұйымдық құрылымын белгілейтін құжатты қоса беруге тиіс.
4. Уәкілетті орган салық төлеушінің (салық агентінің) шағымды берудің өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатын салық төлеуші (салық агенті) шағым мен өтінішхатты осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде аталған адамдардың еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңі аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей берген жағдайда, қанағаттандырады.
5. Уәкілетті органға шағым берген салық төлеуші (салық агенті) осы шағым бойынша шешім қабылданғанға дейін, осы тармақтың үшінші бөлігінде белгіленген жағдайды қоспағанда, оны қағаз жеткізгіштегі немесе электрондық құжат нысанындағы өзінің өтініші негізінде кері қайтарып алуға құқылы. Салық төлеушінің (салық агентінің) шағымды кері қайтарып алуы осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімдер сақталған жағдайда, оны қайтадан шағым беру құқығынан айырмайды. Салық төлеуші (салық агенті) шағымды қарау кезінде уәкілетті орган тақырыптық салықтық тексеру тағайындаған күннен бастап оны аяқтаған күнге дейінгі кезеңде шағымды кері қайтарып алуды жүргізуге құқылы емес.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-192/