Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
203-бап. Салықтық есепке алу саясатына қойылатын талаптар
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 191. Требования к налоговой учетной политике
· толық сәйкестік кестесі
1. Салықтық есепке алу саясатында мынадай ережелер:
1) салық төлеуші (салық агенті) өзі дербес әзірлеген салықтық тіркелімдердің нысандары мен жасалу тәртібі;
2) салықтық есепке алу саясатының сақталуына жауапты адамдардың лауазымдарының атауы;
3) бөлек салықтық есепке алуды жүргізу жөніндегі міндет осы Кодексте көзделген жағдайларда, осындай есепке алуды жүргізу тәртібі;
4) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүзеге асырылған жағдайда, бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібі;
5) корпоративтік табыс салығын есептеу мақсатында шығыстарды шегерімдерге жатқызудың, сондай-ақ қосылған құн салығын есепке жатқызудың салық төлеуші таңдаған әдістері;
6) хеджирлеу операцияларын жүзеге асырған жағдайда хеджирленетін тәуекелдерді айқындау саясаты, хеджирленетін құжаттар және оларға қатысты пайдаланылатын хеджирлеу құралдары, хеджирлеу тиімділігінің дәрежесін бағалау әдістемесі;
7) исламдық бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асырған жағдайда исламдық бағалы қағаздар бойынша кірістерді есепке алу саясаты;
8) осы Кодекстiң 280-бабы 2-тармағының ережелерiн ескере отырып, тiркеп-белгіленген активтердiң әрбір кiшi тобы, тобы бойынша амортизация нормалары;
9) қосылған құн салығын төлеушi болып табылатын резидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшелерi осы Кодекске сәйкес шот-фактураларды жазып берген жағдайда, осындай құрылымдық бөлiмшелердi сәйкестендiру үшiн шот-фактураларды нөмiрлегенде пайдаланылатын осындай құрылымдық бөлiмшелердiң әрқайсысының коды;
10) шот-фактураларды жазып берген кезде оларды нөмірлеуде қолданылатын цифрлардың ең жоғары саны көзделуге тиіс.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 4), 8), 9) және 10) тармақшаларының ережелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бухгалтерлік есепке алуды жүргізу және қаржылық есептілікті жасау жөніндегі міндет жүктелмеген тұлғаларға қолданылмайды.
2. Бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар осы Кодексте белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша бірлескен қызмет жөніндегі салықтық есепке алу саясатын бекітеді.
3. Өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жай серіктестік (консорциум) құрамында жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде салықтық есепке алу саясатында осы баптың 1-тармағының талаптарымен қатар жай серіктестік қатысушыларының және (немесе) оператордың Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің әрбір түрі бойынша салықтық міндеттемені орындауының осы Кодекстің 755-бабының 3-тармағына сәйкес таңдап алынған тәсілі қамтылуға тиіс.
4. Салықтық есепке алу саясатының мынадай ережелерінің күші кемінде күнтізбелік бір жыл мерзімге қолданылады:
бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібі;
корпоративтік табыс салығын есептеу мақсатында шығыстарды шегерімдерге жатқызудың салық төлеуші таңдаған әдістері.
Қосылған құн салығын есепке жатқызудың салық төлеуші таңдаған әдістерінің күші мынадай мерзімге:
осы Кодекстің 487-бабы 2-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайда – қосылған құн салығын есептеу мақсатында белгіленген кемінде бір салықтық кезеңге;
қалған жағдайларда – кемінде күнтізбелік бір жыл қолданылады.
5. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық есепке алу саясатын өзгертуді және (немесе) толықтыруды мынадай тәсілдердің бірімен жүзеге асырады:
1) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес әзірленген жаңа салықтық есепке алу саясатын немесе оның жаңа бөлімін бекіту;
2) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес әзірленген қолданыстағы салықтық есепке алу саясатына немесе қолданыстағы есепке алу саясатының бөліміне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу.
6. Салық төлеушінің (салық агентінің):
1) кешенді және тақырыптық тексерулер жүргізу кезеңінде – тексерілетін салықтық кезеңнің;
2) шағымды берудің қалпына келтірілген мерзімін ескере отырып, тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымды беру және оны қарау мерзімі кезеңінде – шағым жасалатын салықтық кезеңнің;
3) салықтық тексеру жүргізілген салықтық кезеңдер бойынша салықтық есепке алу саясатына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуіне жол берілмейді.
7. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 312-бабының ережелерін қолдану туралы шешімді өзінің салықтық есепке алу саясатында көрсетуге міндетті.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-203/