Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
210-бап. Бөлек салықтық есепке алуды жүргізу қағидалары
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 194. Правила ведения раздельного налогового учета
· толық сәйкестік кестесі
1. Жалпыға бірдей белгіленгенге қарағанда осы Кодекспен өзге салық салу шарттары көзделген, мынадай бөлінетін санаттар:
қызметтің түрі немесе түрлерінің жиынтығы;
жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт;
рентабельділігі төмен, тұтқырлығы жоғары, суландырылған, шағын дебитті және игерілген санаттарға жатқызылған кен орны (кен орындарының тобы, кен орнының бір бөлігі);
сенімгерлік басқару шарты немесе сенімгерлік басқару туындайтын өзге де жағдай;
бірлескен қызмет туралы шарт;
тауарларды, жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді өткізу жөніндегі айналым;
кірістің түрі;
құрылыс объектісі:
салық мөлшерлемесі бойынша салықтардың белгілі бір түрі бойынша салықтық міндеттемелерді бөлек есептеу мақсаттары үшін салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді салықтық есепке алу бөлек салықтық есепке алу болып табылады.
Жалпыға бірдей белгіленген салық салу шарттарына қарағанда өзге салық салу шарттарына салықтың сомасын азайту, салық салудан босату, арнаулы салық режимiн қолдану да жатады.
Салық төлеуші (салық агенті) осы Кодексте бөлек салықтық есепке алуды жүргізу жөніндегі талаптар белгіленген бөлінетін санаттар бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді біріктіруге құқылы емес.
2. Салық төлеуші (салық агенті) осы Кодексте көзделген жағдайларда бөлек салықтық есепке алуды жүргізуге міндетті.
Салық салу объектілеріне және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды:
бірлескен қызмет туралы шарт бойынша бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың уәкілетті өкілі;
сенімгерлік басқару құрылтайшысы немесе сенімгерлік басқарушы жүргізуге міндетті.
3. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен салық салынуға жататын кірістер пайда болған кезде оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режиміндегі салықтық міндеттемелерден бөлек жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды жүргізуге міндетті.
4. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық есепке алу саясатында бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібін, оның ішінде жалпы кірістер мен шығыстар түрлерінің тізбесін, осындай кірістер мен шығыстарды осы Кодексте салық салудың әртүрлі шарттары белгіленген бөлінетін санаттар мен өзге де қызмет арасында бөлу әдістерін өзі дербес белгілейді.
5. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 757-бабында айқындалған тәртіппен келісімшарттан тыс қызметтен бөлек келісімшарттық қызмет бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды жүргізуге міндетті.
6. Туынды қаржы құралдарымен жасалатын операциялар жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға (келісімшарттық қызметке) жатпайды.
7. Салық төлеушілер (салық агенттері) бөлек салықтық есепке алуды бекітілген салықтық есепке алу саясатына сәйкес және осы бапта белгіленген ережелерді ескере отырып, есепке алу құжаттамасының деректері негізінде жүргізеді.
8. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық міндеттемені есептеу үшін бөлек салықтық есепке алуды жүргізу кезінде:
1) өзге қызметтен бөлек әрбір бөлінетін санат бойынша – осы Кодексте бөлек салықтық есепке алуды жүргізу туралы талап белгіленген салықтарды есептеу үшін салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді салықтық есепке алуда көрсетуді;
2) тұтастай бүкіл қызмет бойынша – осы Кодексте бөлек салықтық есепке алуды жүргізу туралы талап белгіленбеген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеуді;
3) мыналарды:
корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны;
кәсіпкерлік қызмет бойынша жеке табыс салығы бойынша декларацияны;
осы тармақтың 6) тармақшасында көзделген жағдайда, қосылған құн салығы бойынша декларацияны қоспағанда, тұтастай бүкіл қызмет бойынша – салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық есептілікті ұсынуды;
4) мыналарды:
оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимi қолданылатын кіріс түрлері бойынша – оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимi бойынша декларацияны;
шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимi қолданылатын қызметтен түсетін кірістер бойынша – шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимi бойынша декларацияны;
кірістің өзге түрлері бойынша – корпоративтік немесе жеке табыс салығы бойынша декларацияны бөлек ұсынуды;
5) тұтастай бүкіл қызмет бойынша кәсіпкерлік қызмет бойынша корпоративтік немесе жеке табыс салығы жөніндегі бірыңғай декларацияны және осы тармақтың 4) тармақшасында көрсетілмеген жағдайларда әрбір бөлінетін санат бойынша оған тиісті қосымшаларды ұсынуды;
6) мыналар:
осы Кодекстің 490-бабында көзделген қызмет бойынша;
өзге де қызмет бойынша қосылған құн салығы бойынша декларацияны бөлек ұсынуды қамтамасыз етуге міндетті.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-210/