Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
252-бап. Бағалы қағаздар бойынша құн өсімінен түсетін кіріс
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Борыштық бағалы қағаздардан басқа, бағалы қағаздардың шығып қалуынан алынатын нәтиже оң немесе теріс мәнге ие болуы мүмкін және салықтық кезеңде шығып қалудың әрбір операциясы бойынша мынадай тәртіппен айқындалады:
1) өткізу кезінде – бағалы қағазды өткізу құны мен оның бастапқы құны арасындағы айырма;
2) жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде – бағалы қағаздың жарғылық капиталға салым ретінде берілген құны мен оның бастапқы құны арасындағы айырма;
3) заңды тұлғаны бірігу, қосылу, бөліну немесе бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастыру нәтижесінде шығып қалған кезде – беру актісінде немесе бөлу балансында көрсетілген бағалы қағаздың құны мен оның бастапқы құны арасындағы айырма.
2. Борыштық бағалы қағаздардың шығып қалуынан алынатын нәтиже оң немесе теріс мәнге ие болуы мүмкін және салықтық кезеңде шығып қалудың әрбір операциясы бойынша мынадай тәртіппен айқындалады:
1) өткізу, оның ішінде өтеу кезінде – өткізу күніндегі борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконттың және (немесе) сыйлықақының амортизациясы ескеріле отырып, борыштық бағалы қағазды өткізу, өтеу құны мен оның бастапқы құны арасындағы купонды есепке алмағандағы айырма;
2) жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде – беру күніндегі борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконттың және (немесе) сыйлықақының амортизациясы ескеріле отырып, борыштық бағалы қағаздың жарғылық капиталға салым ретінде берілген құны мен оның бастапқы құны арасындағы купонды есепке алмағандағы айырма;
3) заңды тұлғаны бірігу, қосылу, бөліну немесе бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастыру нәтижесінде шығып қалу кезінде – шығып қалу күніндегі борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконттың және (немесе) сыйлықақының амортизациясы ескеріле отырып, беру актісінде немесе бөлу балансында көрсетілген борыштық бағалы қағаздың құны мен оның бастапқы құны арасындағы купонды есепке алмағандағы оң айырма.
3. Жеңілдік жасалатын бағалы қағаздардан басқа, бағалы қағаздардың шығып қалуының барлық операциясынан алынған нәтижелердің жалпы сомасы салықтық кезеңде:
егер мұндай сома оң мәнге ие болса, құн өсімінен түсетін кіріс;
егер мұндай сома теріс мәнге ие болса және осы Кодекстің 338, 341 және 344-баптарында белгіленген тәртіппен есепке алынса, шығып қалудан келетін залал деп танылады.
4. Егер салықтық кезеңде жеңілдік жасалатын бағалы қағаздардың әрбір түрі бойынша шығып қалудың барлық операциясынан алынатын нәтижелердің жалпы сомасы оң мәнге ие болса, онда мұндай сома жылдық жиынтық кіріске енгізілетін, жеңілдік жасалатын бағалы қағаздар құнының өсімінен түсетін кіріс деп танылады және осы Кодекстің 337-бабының 2-тармағында белгіленген тәртіппен есепке алынады.
Егер салықтық кезеңде жеңілдік жасалатын бағалы қағаздардың әрбір түрі бойынша барлық шығып қалу операциясынан алынатын нәтижелердің жалпы сомасы теріс мәнге ие болса, онда мұндай мән корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде есепке алынбайды.
Осы Кодекстің 337-бабы 2-тармағының 5), 6), 7), 8), 9), 10) тармақшаларында және үшінші бөлігінде көрсетілген бағалы қағаздар жеңілдік жасалатын бағалы қағаздар болып табылады.
5. Бағалы қағаздардың бастапқы құны мынадай көрсеткіштердің сомасы ретінде айқындалады:
1) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бағалы қағаздардың құнына енгізілетін сатып алуға арналған шығындардың жиынтығы,
немесе
егер бағалы қағаздар жарғылық капиталға салым ретінде алынған жағдайда – бағалы қағаздардың жарғылық капиталға салым ретінде алынған, бірақ төлеу есебіне алынған сомадан аспайтын құны. Бұл ретте мұндай құн салымның алынғанын және бағалы қағаздар алынған құнды растайтын құжаттар (қабылдау-беру актісі және (немесе) өзге де құжаттар) негізінде айқындалады,
немесе
егер бағалы қағаздар қайта ұйымдастырылу нәтижесінде алынған жағдайда – беру актісінде немесе бөлу балансында көрсетілген құн,
немесе
егер бағалы қағаздарды акционер (қатысушы, құрылтайшы) заңды тұлға таратылған немесе жарғылық капитал азайтылған, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алған, эмитент-заңды тұлға осы эмитент шығарған акцияларды акционерден сатып алған кезде, мүлікті бөлу нәтижесінде алған жағдайда – мүлікті бөлу кезінде акционер, қатысушы, құрылтайшы алатын (алған), оның ішінде бұрын енгізілген мүліктің орнына алатын (алған), осындай бағалы қағаздардың берілгенін растайтын және тараптардың қолтаңбаларымен куәландырылған құжатта көрсетілген қайта бағалау мен құнсыздану есепке алынбастан, беруші тұлғаның бухгалтерлік есепке алуында көрсетілуге жататын (көрсетілген) беру күніндегі баланстық құны,
немесе
егер бағалы қағаздар өтеусіз алынған жағдайда – осы Кодекске сәйкес жылдық жиынтық кіріске өтеусіз алынған мүліктің құны түрінде енгізілген құн;
2) осы Кодекстің 286-бабының 2), 13) және 16) тармақшаларында және 287-бабында көрсетілген шығындардан (шығыстардан) басқа, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бағалы қағаздардың құнын, оның ішінде сатып алынғаннан кейін де ұлғайтатын басқа да шығындар.
Бағалы қағаздар шығып қалған кезде олардың бірлігінің бастапқы құны бағалы қағаздардың келіп түскен уақыты бойынша алғашқысының бастапқы құны бойынша айқындалады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-252/