Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
251-бап. Қатысу үлесі бойынша құн өсімінен түсетін кіріс
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 251. Вычет по уменьшению активов перестрахования
· толық сәйкестік кестесі
1. Қатысу үлесінің шығып қалуынан алынатын нәтиже оң немесе теріс мәнге ие болуы мүмкін және шығып қалудың әрбір операциясы бойынша мынадай тәртіппен айқындалады:
1) өткізу кезінде – қатысу үлесінің өткізу құны мен бастапқы құны арасындағы айырма;
2) қатысу үлесін жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде – қатысу үлесінің жарғылық капиталға салым ретінде берілген құны мен осы қатысу үлесінің бастапқы құны арасындағы айырма;
3) заңды тұлғаны бірігу, қосылу, бөліну немесе бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастыру нәтижесінде шығып қалу кезінде – беру актісінде немесе бөлу балансында көрсетілген қатысу үлесінің құны мен оның бастапқы құны арасындағы айырма.
Жеңілдік жасалатын қатысу үлестерінен басқа, қатысу үлестерінің шығып қалуының барлық операциясынан алынған нәтижелердің жалпы сомасы салықтық кезеңде:
егер мұндай сома оң мәнге ие болса, құн өсімінен түсетін кіріс;
егер мұндай сома теріс мәнге ие болса және осы Кодекстің 338, 341 және 344-баптарында белгіленген тәртіппен есепке алынса, қатысу үлестерінің шығып қалуынан келген залал деп танылады.
2. Егер салықтық кезеңде жеңілдік жасалатын қатысу үлестерінің әрбір түрі бойынша шығып қалудың барлық операциясынан алынатын нәтижелердің жалпы сомасы оң мәнге ие болса, онда мұндай сома жылдық жиынтық кіріске енгізілетін, жеңілдік жасалатын қатысу үлестері құнының өсімінен түсетін кіріс деп танылады және осы Кодекстің 337-бабының 2-тармағында белгіленген тәртіппен есепке алынады.
Егер салықтық кезеңде жеңілдік жасалатын қатысу үлестерінің әрбір түрі бойынша барлық шығып қалу операциясынан алынатын нәтижелердің жалпы сомасы теріс мәнге ие болса, онда мұндай мән корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде есепке алынбайды.
Осы Кодекстің 337-бабы 2-тармағының 7) және 10) тармақшаларында көрсетілген қатысу үлестері жеңілдік жасалатын қатысу үлестері болып табылады.
3. Қатысу үлесінің бастапқы құны шығып қалатын қатысу үлесінің мөлшеріне пропорционалды болып табылады:
1) оны сатып алуға арналған іс жүзіндегі шығындардың, қатысу үлесін сатып алуға байланысты және оның құнын халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес ұлғайтатын шығындардың жиынтығы
және (немесе)
2) жарғылық капиталға салым, заңды тұлға қатысушысының осындай заңды тұлғаның мүлкіне қосымша жарнасы ретінде берілген, бірақ төлеу есебіне актив берілген сомадан аспайтын активтің құны. Бұл ретте мұндай құн салымның енгізілгенін және активтің берілген құнын растайтын құжаттар (қабылдау-беру актісі және (немесе) өзге де құжаттар) негізінде айқындалады
және (немесе)
3) жарғылық капиталға салым, заңды тұлға қатысушысының қосымша жарнасы ретінде енгізілген, бірақ төлеу есебіне ақша берілген сомадан аспайтын ақша сомасы,
және (немесе)
4) егер қатысу үлесі жарғылық капиталға салым ретінде алынған жағдайда – жарғылық капиталға салым, заңды тұлға қатысушысының қосымша жарнасы ретінде алынған, бірақ ол төлеу есебіне алынған сомадан аспайтын қатысу үлесінің құны. Бұл ретте мұндай құн салымның алынғанын және қатысу үлесі алынған құнды растайтын құжаттар (қабылдау-беру актісі және (немесе) өзге де құжаттар) негізінде айқындалады
және (немесе)
5) егер қатысу үлесі қайта ұйымдастырылу нәтижесінде алынған жағдайда – беру актісінде немесе бөлу балансында көрсетілген құн
және (немесе)
6) егер қатысу үлесін акционер (қатысушы, құрылтайшы) заңды тұлға таратылған немесе жарғылық капитал азайтылған, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алған, эмитент-заңды тұлға осы эмитент шығарған акцияларды акционерден сатып алған кезде мүлікті бөлу нәтижесінде алған жағдайда – мүлікті бөлу кезінде акционер, қатысушы, құрылтайшы алатын (алған), оның ішінде бұрын енгізілген мүліктің орнына алатын (алған) қатысу үлесінің, қатысу үлесінің берілгенін растайтын және тараптардың қолтаңбаларымен куәландырылған құжатта көрсетілген қайта бағалау мен құнсыздану есепке алынбастан, беруші тұлғаның бухгалтерлік есепке алуында көрсетілуге жататын (көрсетілген) беру күніндегі баланстық құны
және (немесе)
7) егер қатысу үлесі өтеусіз алынған жағдайда – осы Кодекске сәйкес өтеусіз алынған мүліктің құны түрінде жылдық жиынтық кіріске енгізілген құн
және (немесе)
заңды тұлғаның жарғылық капиталына салымды ұлғайту заңды тұлғаның жарғылық капиталын осындай заңды тұлғаның меншікті капиталының құрамындағы қайта бағалаудан құн өсімі есебінен ұлғайту жолымен жүргізілді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-251/