НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

257-бап. Жалпы ережелер

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Осы Кодекске сәйкес шегерiмге жатпайтын шығындарды (шығыстарды) қоспағанда, салық төлеушiнiң кіріс алуға бағытталған қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстары салық салынатын кірісті айқындау кезiнде осы Кодекстің 258 – 273-баптарында және 27 – 31-тарауларында белгіленген ережелер ескеріле отырып, шегерімге жатады. Осы тармақтың ережелері салық төлеушінің Қазақстан Республикасында да, оның шегінен тысқары жерлерде де шеккен шығыстарына қолданылады.
2. Салық төлеушінің тіркеп-белгіленген активтерді салуға, сатып алуға арналған шығындары және күрделі сипаттағы басқа да шығындары осы Кодекстің 273 – 285-баптарына сәйкес шегерімге жатқызылады.
3. Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын болашақ кезеңдердің шығыстары өздері жататын салықтық кезеңде шегерiмге жатады.
4. Салық төлеуші шегерiмдердi өзінің кіріс алуға бағытталған қызметіне байланысты шығыстарды растайтын құжаттары болған кезде іс жүзінде жүргізілген осындай шығыстар бойынша жүргiзедi.
5. Егер осы бапта, осы Кодекстің 258 – 273-баптарында және 27 – 31-тарауларында өзгеше белгіленбесе, осы бөлімнің мақсаттары үшін шығыстарды тану күнін қоса алғанда, оларды тану халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес тану тәртібі осы Кодекске сәйкес шегерімдерді айқындау тәртібінен ерекшеленген жағдайда, көрсетілген шығыстар осы Кодексте айқындалған тәртіппен салық салу мақсаттары үшін есепке алынады.
6. Егер осы Кодекстің 204-бабының 4-тармағында өзгеше көзделмесе, төленуге жататын (төленген) шығындардан басқа, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарын және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасын қолдану кезінде активтер және (немесе) міндеттемелер құнының өзгеруіне байланысты бухгалтерлік есепке алуда туындайтын шығындар салық салу мақсаттарында шығындар ретінде қаралмайды.
7. Валюта бағамының өзгеруіне байланысты теңгемен төленуге жататын міндеттемені түзету (индекстеу), егер мұндай түзету төленуге жатса және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бухгалтерлік есепке алуда шығындар (шығыстар) деп танылса, салық салу мақсатында шығындар (шығыстар) деп танылады. Бұл ретте осы Кодекстің 288-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, валюта бағамының өзгеруіне байланысты теңгемен төленуге жататын міндеттемені түзетуден (индекстеуден) келетін шығындар (шығыстар) сомасы бухгалтерлік есепке алуда жатқызылған сол шығындар (шығыстар) түрінің құрамында есепке алынады. Мұндай шығындар (шығыстар) осы бөлімнің ережелері ескеріле отырып шегерімдерге жатқызылады.
8. Егер шығыстардың сол бір түрлері шығыстардың бiрнеше баптарында көзделсе, онда салық салынатын кірісті есептеу кезінде көрсетілген шығыстар бiр рет шегерiледi.
9. Салық төлеушінің шет мемлекетте қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыруға байланысты шығыстары осы Кодекске сәйкес шегерімге жатады. Резидент-заңды тұлғаның шет мемлекеттегі тұрақты мекемесінің салық салынатын кірісін айқындау кезінде осындай шет мемлекеттің салық заңнамасының немесе халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес осындай салық салынатын кірісті алу мақсатында Қазақстан Республикасында да, оның шегінен тысқары жерлерде де жұмсалған басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстарды шегеруге жол беріледі. Басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстардың сомасы резидент-заңды тұлға кіріс алған көздерден шет мемлекетте салық заңнамасында айқындалған тәртіппен осындай шет мемлекетте шегерімге жатады. Егер резидент-заңды тұлға кіріс алған көздерден шет мемлекеттің салық заңнамасында немесе халықаралық шартта басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстарды шегеруге жол берілген, бірақ бұл ретте шет мемлекеттің салық заңнамасында мұндай шығыстарды шегерімге жатқызу тәртібі көзделмеген жағдайда, резидент-салық төлеуші көрсетілген шет мемлекетте басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстарды осы Кодекстің 708 – 711-баптарында айқындалған тәртіппен шегерімге жатқызады.
10. Салық төлеуші осы Кодекстің 288-бабына сәйкес шегерімдерді түзетуді жүзеге асырады. Бұл ретте осы түзетулер есепке алынған шегерімдер сомасы теріс мәнге ие болуы мүмкін.
11. Салық төлеуші алдыңғы салықтық кезеңде қолданғаннан басқа запастарды бағалаудың өзге әдісіне көшкен кезде бухгалтерлік есепке алуда пайда болған теріс айырма сомасы шегерімге жатады.
12. Осы бөлімде мынадай жағдайларда:
1) осы бөлімнің 27-тарауында – туынды қаржы құралдары бойынша;
2) осы бөлімнің 28-тарауында – ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша;
3) осы бөлімнің 29-тарауында – жер қойнауын пайдаланушылардың;
4) осы бөлімнің 30-тарауында – қаржылық қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың;
5) осы бөлімнің 31-тарауында – цифрлық активтермен операцияларды жүзеге асыратын тұлғалардың шегерімдерді айқындау ерекшеліктері белгіленген.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-257/