Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
276-бап. Тіркеп-белгіленген активтерді есепке алу
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Тіркеп-белгіленген активтерді есепке алу негізгі қорлар сыныптауышына сәйкес қалыптастырылатын топтар бойынша мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
Р/с
№
Топтың №
Тіркеп-белгіленген активтердің атауы
1
2
3
1.
I
Мұнай және газ ұңғымаларын, сондай-ақ беру құрылғыларын қоспағанда, ғимараттар, құрылысжайлар
2.
II
Мұнай-газ өндіру машиналары мен жабдықтарын, сондай-ақ ақпаратты өңдеуге арналған компьютерлер мен жабдықтарды қоспағанда, машиналар мен жабдықтар
3.
III
Ақпаратты өңдеуге арналған компьютерлер, бағдарламалық қамтылым және жабдықтар
4.
IV
Басқа топтарға енгізілмеген тіркеп-белгіленген активтер, оның ішінде мұнай және газ ұңғымалары, беру құрылғылары, мұнай-газ өндіру машиналары мен жабдықтары
2. Тіркеп-белгіленген активтерді есепке алу мыналарды:
1) салықтық кезеңнің басындағы және соңындағы I топ объектілерінің құндық баланстарын және (немесе) топтардың құндық баланстарын;
2) тіркеп-белгіленген активтердің салықтық кезеңдегі түсімдерін;
3) тіркеп-белгіленген активтердің салықтық кезеңдегі шығып қалуын;
4) I топ объектілерінің қалдық құнын;
5) тіркеп-белгіленген активтер бойынша кейінгі шығыстарды есепке алу түрінде жүргізіледі.
3. Топтардың құндық баланстары салықтық кезеңнің басында және соңында:
I топ бойынша – әрбір объект бойынша айқындалады. Әрбір объект бойынша құндық баланстардың жалпы сомасы I топтың құндық балансын құрайды;
II, III және IV топтар бойынша – әрбір топ бойынша айқындалады.
4. Салықтық кезеңнің басындағы I топ объектісінің құндық балансы және (немесе) топтардың құндық баланстары мынадай формуланы қолдану кезінде алынған соманың оң мәні ретінде айқындалады:
алдыңғы салықтық кезеңнің соңындағы I топ объектісінің құндық балансы және (немесе) топтардың құндық балансы
алу
алдыңғы салықтық кезеңде есептелген амортизациялық аударымдардың сомасы
алу
осы Кодекстің 282-бабына сәйкес шегерімдер мен түзетулер.
5. Салықтық кезеңнің соңындағы I топ объектілерінің құндық балансы және (немесе) топтардың құндық баланстары:
салықтық кезеңнің басындағы I топ объектісінің құндық балансы және (немесе) топтың құндық балансы
қосу
осы Кодекстің 277-бабына сәйкес айқындалатын құн бойынша салықтық кезеңде түскен тіркеп-белгіленген активтер
алу
осы Кодекстің 279-бабына сәйкес айқындалатын құн бойынша салықтық кезеңде шығып қалған тіркеп-белгіленген активтер,
қосу
осы Кодекстің 281-бабына сәйкес I топ объектісінің құндық балансы немесе топтың (II, III немесе IV топтар бойынша) құндық балансын ұлғайтуға немесе қалыптастыруға жатқызылатын тіркеп-белгіленген активтер бойынша кейінгі шығыстар.
6. Салықтық кезеңнің соңындағы I топ объектісінің қалдық құны:
салықтық кезеңнің басындағы I топ объектісінің құндық балансы
қосу
осы Кодекстің 281-бабына сәйкес тіркеп-белгіленген активтер бойынша осы объектінің құндық балансын ұлғайтуға немесе І топ объектісінің құндық балансын қалыптастыруға жатқызылатын кейінгі шығыстар ретінде айқындалады.
7. Сенімгерлік басқарушы осы Кодекстің 275-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген тіркеп-белгіленген активтер бойынша I топ объектілерінің жекелеген құндық баланстарын және (немесе) топтардың (II, III немесе IV топтар бойынша) құндық баланстарын қалыптастырады және осындай активтер бойынша осы Кодекстің 210 және 211-баптары негізінде бөлек салықтық есепке алуды жүргізеді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-276/