Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
319-бап. Сақтандыру, қайта сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру қызметін жүзеге асыратын салық төлеушінің кірістері
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымы немесе Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі болып табылатын салық төлеуші мынадай түрдегі кірістерді сақтандыру, қайта сақтандыру шарттары бойынша кірістер деп таниды:
1) сақтандыру түсімі (сақтандырудан түсетін кіріс);
2) сақтандыру (қайта сақтандыру) бойынша қаржылық кірістер;
3) залал құрауышы бойынша шығыстарды түзету;
4) қайта сақтандыру бойынша залалды өтеу құрауышы;
5) туындаған залалдар бойынша қаржылық емес тәуекелге тәуекелдік түзету бойынша қайта сақтандыру активін қалыптастыру бойынша кіріс;
6) туындаған залалдар бойынша қайта сақтандыру активін қалыптастыру бойынша кіріс;
7) тәуекелдік түзетуді туындаған залалдар міндеттемесі бойынша қаржылық емес тәуекелге азайтудан түсетін кіріс;
8) регрессиялық талаптар мен залалдарды өтеуге байланысты кіріс (суброгация);
9) сақтанушылардың қарыздары бойынша сыйақы алуға байланысты кірістер;
10) осы Кодекстің 245-бабында көрсетілген кірістерді қоспағанда, сақтандыру, қайта сақтандыру шарттары бойынша өзге де кірістер.
Мыналар:
1) сыйлықақыларды бөлу тәсілін пайдалана отырып, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес танылған сақтандыру түсімі (сақтандырудан түсетін кіріс);
2) бағалаудың жалпы моделін пайдалана отырып, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес танылған сақтандыру түсімі (сақтандырудан түсетін кіріс);
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша маржа амортизациясынан түсетін кіріс;
4) тәуекелдік түзетуді қалған өтем міндеттемесі бойынша қаржылық емес тәуекелге азайтудан түсетін кіріс сақтандыру түсімі (сақтандырудан түсетін кіріс) түріндегі кіріс деп танылады.
Осы тармақта көзделген кірістер халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалады.
2. Осы баптың ережелері өздері бойынша сақтандыру сыйақылары түріндегі кіріс халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін толық мөлшерде танылған сақтандыру, қайта сақтандыру шарттарына қолданылмайды.
3. Зиян келтірген тұлғаға және (немесе) қайта сақтандыру шартына сәйкес қайта сақтандыру ұйымына кері талап қою (регресс) құқығы негізінде сақтандыру төлемдері бойынша салық төлеушіге шығыстарын өтеу сақтандыру төлемдері бойынша шығыстарды өтеу түріндегі кіріс болып танылады.
Бұл ретте 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін күшіне енген, сақтандыру жарналары түріндегі кірістер халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес, оның ішінде 2011 жылғы 31 желтоқсаннан кейін де танылатын жинақтаушы сақтандыру, қайта сақтандыру шарты, жинақтаушы емес сақтандыру, өмірді қайта сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдері бойынша шығыстарды өтеу түріндегі салық төлеушінің кірісі мынадай формула бойынша айқындалады:
К х (А/Б), мұнда:
К – есепті салықтық кезеңде алынуға жататын (алынған), сақтандыру төлемдері бойынша шығыстарды өтеу түріндегі кіріс;
А – 2011 жылғы 31 желтоқсаннан кейін есепті салықтық кезеңде сақтандыру төлемдері бойынша шығыстарды өтеу түріндегі кірісті тану күнін қоса алғанда, алынуға жататын (алынған) сақтандыру жарналары;
Б – шарт күшіне енген күннен бастап есепті салықтық кезеңде сақтандыру төлемдері бойынша шығыстарды өтеу түріндегі кірісті тану күнін қоса алғанда, алынуға жататын (алынған) сақтандыру жарналары.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-319/