Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
320-бап. Құрылған провизиялардың (резервтердің) мөлшерлерін төмендетуден түсетін кіріс
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 232. Доход от снижения размеров созданных провизий
· толық сәйкестік кестесі
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, осы Кодекстің 323-бабына сәйкес провизияларды (резервтердi) құру бойынша шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеушi құрған провизиялардың (резервтердiң) мөлшерiн төмендетуден түсетiн кірістер деп:
1) борышкер талапты орындаған кезде – орындау сомасына пропорционалды мөлшерде есепті және (немесе) алдыңғы салықтық кезеңдерде шегерімге жатқызылған провизиялар (резервтер) сомасы;
2) борышкерге қойылатын талаптардың мөлшерiн цессия шартын жасасу жолымен талап ету құқықтарын басқаға қайта табыстау туралы шарттың, жаңарту, басқаға қайта беру шартының негiзiнде және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негiздерде азайтқан кезде, есепті және (немесе) алдыңғы салықтық кезеңдерде талаптар мөлшерiн азайту сомасына пропорционалды мөлшерде шегерімге жатқызылған провизиялар (резервтер) сомасы;
3) есепті және (немесе) алдыңғы салықтық кезеңдерде шегерімге жатқызылған провизияларды (резервтердi) күтілетін кредиттік залалдардың бағалануын өзгерту нәтижесінде азайту сомалары танылады.
2. Есепті және (немесе) алдыңғы салықтық кезеңдерде шегерімге жатқызылған провизиялар (резервтер) сомасы борышкерге қойылатын талаптар мөлшерi мынадай жағдайларда азайтылған кезде осы Кодекстiң 323-бабына сәйкес провизияларды (резервтердi) құру бойынша шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеушi құрған провизиялардың (резервтердiң) мөлшерлерiн төмендетуден түсетiн кiрiс деп танылмайды:
1) борышкер заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздер бойынша заңды күшіне енген сот шешімі бойынша таратылуына байланысты оны Бизнес-сәйкестендіру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен алып тастау;
2) борышкер жеке тұлғаны заңды күшiне енген сот шешiмi негiзiнде хабарсыз кеткен, әрекетке қабiлетсiз, әрекет қабiлетi шектеулi деп танығанда немесе оны заңды күшiне енген сот шешiмi негiзiнде қайтыс болды деп жариялау;
3) борышкер жеке тұлғаға бірінші, екінші топтардағы мүгедектiк белгіленгенде, сондай-ақ борышкер жеке тұлға қайтыс болған жағдайда;
4) борышкердің және осы Кодекстің 323-бабына сәйкес провизияларды (резервтерді) құру бойынша шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеуші алдында борышкермен бірлесіп ортақ немесе субсидиарлық жауапкершілігі бар үшінші тұлғалардың өндіріп алуды қолдануға болатын мүлкі, оның ішінде ақшасы, бағалы қағаздары, немесе кірістері болмаған және оның мүлкін немесе кірістерін анықтау бойынша сот орындаушысы қолданған, Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы заңнамасында көзделген шаралар нәтижесіз болған жағдайда, сот орындаушысының осы Кодекстің 323-бабына сәйкес провизияларды (резервтерді) құру бойынша шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеушіге атқарушылық құжатты қайтару туралы қаулысының заңды күшіне енуі;
5) борышкер-дара кәсiпкердiң Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес банкрот деп танылуына байланысты жеке тұлғаны дара кәсiпкер ретiнде тiркеу есебiнен шығару;
6) екінші деңгейдегі банктің, ипотекалық ұйымның, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның (ломбардты қоспағанда) бастапқы құжаттарына сәйкес кредит (қарыз, ипотекалық қарыз, ипотекалық тұрғын үй қарызы, микрокредит) бойынша талап ету құқығы басқаға берілген күні екінші деңгейдегі банк, ипотекалық ұйым, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым (ломбардты қоспағанда) басқаға беруді жүргізген кредит (қарыз, ипотекалық қарыз, ипотекалық тұрғын үй қарызы, микрокредит) бойынша талап ету құқығының құны мен екінші деңгейдегі банктің, ипотекалық ұйымның, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның (ломбардты қоспағанда) борышкерден алуына жататын кредит (қарыз, ипотекалық қарыз, ипотекалық тұрғын үй қарызы, микрокредит) бойынша талап ету құқығының құны арасындағы терiс айырма бөлiгiнде екінші деңгейдегі банктің, ипотекалық ұйымның, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның (ломбардты қоспағанда) кредит (қарыз, ипотекалық қарыз, ипотекалық тұрғын үй қарызы, микрокредит) бойынша талап ету құқықтарын «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген заңды тұлғаларға беруі;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есепті салықтық кезеңде борышкерге салық төлеушінің мұндай талап қою құқығын толық немесе ішінара тоқтатуы болмаған жағдайда, осы Кодекстің 323-бабының 1 және 4-тармақтарына сәйкес провизиялар (резервтер) құру бойынша шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеушінің бухгалтерлік есепке алуда төленбеген, мерзімі өткен кредит (қарыз, ипотекалық қарыз, ипотекалық тұрғын үй қарызы) және ол бойынша сыйақы, құжаттық есеп айырысулар және кепiлдiктер бойынша дебиторлық берешек түрінде борышкерге қойылатын талаптың мөлшерін халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес азайтуы;
8) осы Кодекстің 323-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес провизиялар (резервтер) құру бойынша шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеушінің кредит (қарыз, ипотекалық қарыз, ипотекалық тұрғын үй қарызы) бойынша үмiтсiз берешекті және ол бойынша сыйақыны кешіруіне байланысты борышкерге қойылатын талап мөлшерін кредиттер (қарыздар, ипотекалық қарыз, ипотекалық тұрғын үй қарызы) бойынша үмiтсiз берешектің және олар бойынша сыйақының салықтық кезеңде кешірілген жалпы сомасының салықтық кезеңнің басындағы кредиттер (қарыздар, ипотекалық қарыздар, ипотекалық тұрғын үй қарыздары) бойынша негізгі борыш сомасына және олар бойынша сыйақыларға арақатынасының ең жоғары мөлшері шегінде азайту. Бұл ретте мұндай арақатынастың ең жоғары мөлшері 0,1 коэффициентке тең;
9) осы Кодекстiң 323-бабының 3-тармағына сәйкес провизиялар (резервтер) құру бойынша шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеушiнің кредит (қарыз) бойынша үмiтсiз берешекті және ол бойынша сыйақыны кешіруіне байланысты, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде қайта қаржыландырылуға жататын ипотекалық тұрғын үй қарызы (ипотекалық қарыз) бойынша борышкерге қойылатын талап мөлшерін кредиттер (қарыздар) бойынша үмiтсiз берешектің және олар бойынша сыйақының салықтық кезеңде кешірілген жалпы сомасының салықтық кезеңнің басындағы кредиттер (қарыздар) бойынша негізгі борыш сомасына және олар бойынша сыйақыларға арақатынасының ең жоғары мөлшері шегінде азайту. Бұл ретте мұндай арақатынастың ең жоғары мөлшері 0,1 коэффициентке тең.
10) осы Кодекстің 323-бабының 2-тармағына сәйкес провизиялар (резервтер) құру жөніндегі шығыстардың сомасын, микрокредиттер бойынша үмітсіз берешекті және олар бойынша сыйақыны шегеруге құқығы бар салық төлеушінің кешіруіне байланысты борышкерге қойылатын талаптың мөлшерін салықтық кезең үшін кешірілген микрокредиттер бойынша үмітсіз берешектің және олар бойынша сыйақының жалпы сомасының салықтық кезеңнің басындағы микрокредиттер және олар бойынша сыйақылар бойынша негізгі борыш сомасына арақатынасының ең жоғары мөлшері шегінде азайту. Бұл ретте мұндай арақатынастың ең жоғары мөлшері 0,2 коэффициентке тең.
3. Құрылған провизиялардың (резервтердің) мөлшерін азайтудан түсетін кірісті айқындау кезінде бұрын банк болып табылған заңды тұлға:
1) осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерін қолданады;
2) егер осы баптың 2-тармағында өзгеше көзделмесе, осы тармақта айқындалған жағдайларда және шарттармен осы баптың 4-тармағына сәйкес провизиялар (резервтер) мөлшерін азайтудан түсетін кірістерді танымайды;
3) 2029 жылға келетін салықтық кезеңдегі құрылған провизиялардың (резервтердің) мөлшерін азайтудан түсетін кірісті таниды және оны осы баптың 5-тармағына сәйкес жылдық жиынтық кіріске енгізеді.
4. Бұрын банк болып табылған заңды тұлға:
негізгі борыш бойынша берешектен;
2012 жылғы 31 желтоқсаннан кейін есепке жазылған сыйақы бойынша берешектен;
кредитке (қарызға) байланысты берешектен тұратын кредит (қарыз) бойынша борыш кешірілген жағдайда, есепті және (немесе) алдыңғы салықтық кезеңдерде шегерімге жатқызылған провизиялар (резервтер) сомасын провизиялар (резервтер) мөлшерінің төмендеуінен түсетін кіріс деп танымайды.
Бұрын банк болып табылған заңды тұлға кредит (қарыз) бойынша борыш және (немесе) кредитке (қарызға) байланысты берешек кешірілген жағдайда, мынадай шарттар бір мезгілде орындалған кезде:
1) кредит (қарыз) 2009 жылғы 1 қазанға дейін берілсе;
2) кредит (қарыз) бойынша және (немесе) кредитке (қарызға) байланысты берешек бойынша борышкер банктің немесе бұрын осындай банк болып табылған заңды тұлғаның басқару органы 2019 жылғы 1 шілдеге дейін бекіткен және 2019 жылғы 1 тамыздан кешіктірілмей уәкілетті органға ұсынылған, борышы кешірілуге жататын борышкерлердің тізбесінде (тізбелерінде) көрсетілсе;
3) кредит (қарыз) бойынша борышты және (немесе) кредитке (қарызға) байланысты берешекті кешіру банктің немесе бұрын осындай банк болып табылған заңды тұлғаның басқару органы 2019 жылғы 1 шілдеге дейін бекіткен және 2019 жылғы 1 тамыздан кешіктірілмей уәкілетті органға ұсынылған, борышы кешірілуге жататын борышкерлердің тізбесінде (тізбелерінде) көрсетілген сома шегінде жүргізілсе;
4) мыналарға берілген кредит (қарыз) бойынша бір және (немесе) одан көп құжат болса, провизиялар (резервтер) мөлшерінің төмендеуінен түсетін кірісті кіріс деп танымайды:
бейрезидентке берілген кредит (қарыз) бойынша:
борышкер жеке тұлғаға және (немесе) лауазымды адамға немесе борышкер заңды тұлға қабылдаған шешімдерді өзгеше түрде тікелей немесе жанама түрде айқындауға мүмкіндігі болған адамға қатысты қылмыстық іс қозғау туралы шет мемлекеттің құқық қорғау органына арыз;
борышты өндіріп алу туралы, кепілге өндіріп алуды қолдану және (немесе) кепілге жоғалтқан құқықтарды қалпына келтіру туралы Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің сотына талап қою;
борышкерде және борышкермен бірлесіп аталған банк алдында ортақ немесе субсидиарлық жауаптылықта болатын үшінші тұлғаларда өндіріп алу қолданылуы мүмкін мүлік, оның ішінде ақша, бағалы қағаздар немесе кірістер болмаған және оның мүлкін немесе кірістерін анықтау бойынша қабылданған шаралар нәтижесіз болған жағдайда, атқарушылық құжатты банкке қайтару туралы сот орындаушысының заңды күшіне енген қаулысы немесе шет мемлекеттің өзге де құжаты;
борышты өндіріп алудан, кепілге жоғалтқан құқықтарды қалпына келтіруден, борышкердің мүлкіне, оның ішінде ақшасына, бағалы қағаздарына немесе кірістеріне өндіріп алуды қолданудан бас тарту туралы шет мемлекет сотының заңды күшіне енген шешімі;
борышкерді банкрот деп тану туралы шет мемлекет сотының заңды күшіне енген шешімі және (немесе) конкурстық іс жүргізуді аяқтау туралы ұйғарым;
таратылуына байланысты борышкерді немесе кепіл берушіні заңды тұлғалардың тізілімінен шығару туралы шет мемлекеттің құзыретті органының құжаты;
резидентке берілген кредит (қарыз) бойынша:
борышкер жеке тұлғаға және (немесе) лауазымды адамға немесе борышкер заңды тұлға қабылдаған шешімдерді өзгеше түрде тікелей немесе жанама айқындау мүмкіндігі болған адамға қатысты қылмыстық іс қозғау туралы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органына арыз;
банктің арызы бойынша Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының шаралар жүргізгенін немесе қылмыстық іс қозғалғанын растайтын құжат.
Бейрезиденттерге берілген кредиттер (қарыздар) бойынша осы тармақшада көзделген құжаттардың болуы:
ипотека шартын жасасу күнге негізгі борышты толық қамтамасыз еткен кепілге қойылған мүлік соттан тыс тәртіппен сауда-саттықта негізгі борыш сомасынан төмен баға бойынша сатылғаннан кейін кредит бойынша өтелмеген борыш сомасы кешірілген кезде;
банк талап ету құқығын басқаға беру күні бейрезидент болып табылатын үшінші тұлғаға кредит (қарыз) бойынша дисконтпен талап ету құқығын берген кезде, егер басқаға беру жүргізілген кредит (қарыз) бойынша талап ету құқығының құны – бағалаушы мен осындай үшінші тұлға немесе банк не банктің мүддесін білдіретін немесе осындай банктің мүддесі үшін мүлікті басқаруға шет мемлекеттің соты тағайындаған тұлға арасындағы шарт бойынша бағалау қызметі туралы Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған банктің талап ету құқығының нарықтық құнына тең болса, талап етілмейді.
Осы тармақшаның мақсаттары үшін банк басқаға беруді жүргізген кредит (қарыз) бойынша талап ету құқығының құны мен кредит бойынша талап ету құқығының құны арасындағы теріс айырма дисконт деп танылады;
банктің басқару органы мынадай құжаттардың болмауына байланысты шет мемлекеттің құқық қорғау органына немесе сотына жүгіну мүмкін емес екенін құжаттамалық растаған жағдайда:
қылмыстық және (немесе) азаматтық істер бойынша Қазақстан Республикасы мен осындай шет мемлекет арасындағы құқықтық көмек туралы келісім;
кредит (қарыз) берілгенін растайтын шарттың түпнұсқасы;
кредит (қарыз) бойынша борыш сомасы мен осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген банктің талап ету құқығының бағалаушы мен борышкер немесе осындай банк арасындағы шарт бойынша бағалау қызметі туралы Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған нарықтық құны арасындағы айырма ретінде айқындалатын борыштың бір бөлігі борышты кешіру күніне бейрезидент болып табылатын борышкерге кешірілген кезде, егер:
кредит (қарыз) берілген шартқа борыштың қалған бөлігін (бұдан әрі – борыш қалдығы) өтеу шартымен борыштың бір бөлігін кешіру көзделетін, борышкер қол қойған өзгеріс болса;
осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген банк:
осы баптың 1-тармағына сәйкес борыш қалдығы мөлшерінде құрылған провизиялар (резервтер) мөлшерін төмендетуден түсетін кірісті таныса;
кіріске осы Кодекстің 256-бабында көзделген түзету жүргізбесе;
борыштың бір бөлігі кешірілгеннен кейін құрылған, борыш қалдығының сомасына қарсы провизиялар (резервтер) бойынша шығыстар сомасын шегерімге жатқызбаса;
5) кредит (қарыз) бойынша кредиттік бюрода Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасына сәйкес банк берген осындай кредит (қарыз) бойынша борыш сомасы туралы ақпарат болса;
6) кредит (қарыз) бойынша осы Кодекстің 323-бабының 1-тармағына сәйкес шегерімге жатқызылған провизиялар (резервтер) құрылған осындай кредит (қарыз) бойынша бастапқы бухгалтерлік құжат болса;
7) кредит (қарыз) бойынша кредиттік тіркелімде банк Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен Ұлттық Банкке берген ақпарат болса, провизиялар (резервтер) мөлшерінің төмендеуінен түсетін кіріс деп танымайды.
Бұл ретте, борышы кешірілуге жататын кредиттер (қарыздар) бойынша борышкерлердің тізбесінде әрбір кредит (қарыз) бойынша:
1) кредиттік дерекнаманың нөмірі;
2) кредитті (қарызды) беру күні;
3) қарыз алушының (бірлесіп қарыз алушының) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және (немесе) атауы;
4) кредит (қарыз) бойынша 2012 жылғы 31 желтоқсаннан кейін есепке жазылған сыйақы және негізгі борыш бөлінісінде кешірілуге жататын борыштың шекті сомасы көрсетіледі.
Осы тармақтың ережелері банк жұмыскеріне, банк жұмыскерінің жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына берілген кредиттерге (қарыздарға) қолданылмайды.
5. Бұрын банк болып табылған заңды тұлға 2029 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша бухгалтерлік есепке алуда көрсетілген, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес есепті және (немесе) алдыңғы салықтық кезеңдерде шегерімдерге жатқызылған провизиялар (резервтер) мөлшерінің төмендеуінен түсетін кірісті таниды және мұндай кірісті 2029 жылға келетін салықтық кезеңдегі жылдық жиынтық кіріске енгізеді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-320/