Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
323-бап. Резервтік қорларға аударымдар бойынша шегерім
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 250. Вычет по отчислениям в резервные фонды
· толық сәйкестік кестесі
1. Акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі, ұлттық даму институты болып табылатын банкті қоспағанда, банктердің халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес және уәкілетті органмен келісу бойынша қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен құрылған провизиялар (резервтер) бойынша шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар.
Кепілдің және басқа да қамтамасыз етудің құны, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелері бойынша арнаулы қор берген кепілдік сомасы провизияларды (резервтерді) құру қағидаларында айқындалған жағдайларда және тәртіппен провизиялардың (резервтердің) сомасын айқындау кезінде ескеріледі.
Осы тармақтың ережелері мынадай активтерге, шартты міндеттемелерге:
1) басқа банктерде орналастырылған, корреспонденттік шоттардағы қалдықтарды қоса алғанда, депозиттерге, сондай-ақ осындай депозиттер бойынша 2012 жылғы 31 желтоқсаннан кейін есепке жазылған сыйақыларға;
2) басқа банктер мен клиенттерге берілген кредиттерге (қаржы лизингін қоспағанда), сондай-ақ осындай кредиттер бойынша 2012 жылғы 31 желтоқсаннан кейін есепке жазылған сыйақыларға;
3) құжаттық есеп-қисаптар, кепілдіктер және факторингтік операциялар бойынша дебиторлық берешекке;
4) жабылмаған аккредитивтер, шығарылған немесе расталған кепілдіктер бойынша шартты міндеттемелерге қарсы провизиялар (резервтер) бойынша қолданылады.
Осы тармақтың ережелері өзара байланысты тараптардың пайдасына не өзара байланысты тараптардың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген активтер мен шартты міндеттемелерге қарсы провизиялар (резервтер) бойынша қолданылмайды.
Банктер екiншi деңгейдегi банктердiң кредиттiк портфельдерiнiң сапасын жақсартуға маманданатын, жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылатын ұйымнан сатып алынған активтерге қарсы провизиялар (резервтер) құру бойынша шығыстар сомасын шегерiмге жатқызуға құқылы емес.
Осы тармақтың ережелерін бұрын банк болып табылған заңды тұлға да қолданады.
2. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың (ломбардты қоспағанда), өзара байланысты тарапқа не өзара байланысты тараптың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген активтерді қоспағанда, берілген микрокредиттер бойынша күмәнді және үмітсіз активтерге қарсы провизиялар (резервтер) құру бойынша шығыстар сомасын, сондай-ақ олар бойынша сыйақыларды шегеруге құқығы бар.
Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар (ломбардты қоспағанда) провизиялар (резервтер) бойынша шығыстар сомасын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелері бойынша арнаулы қор салықтық кезең үшін берген кепілдік сомасына азайтады.
Осы тармақтың өзара байланысты тарапқа не өзара байланысты тараптың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген активтерді алып тастау бөлігіндегі ережелері Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасына сәйкес кредиттік серіктестіктер өз қатысушыларына беретін микрокредиттерге қолданылмайды.
Берілген микрокредиттер бойынша активтерді күмәнді және үмітсіз активтерге жатқызу тәртібін, сондай-ақ оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру тәртібін уәкілетті органмен келісу бойынша қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
3. Банктік қарыз операцияларын жүргізуге арналған лицензия негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес және уәкілетті органмен келісу бойынша қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен құрылған күмәнді және үмітсіз активтерге қарсы провизиялар (резервтер) бойынша шығыстар сомасын, мыналарды қоспағанда, кредиттерге (қарыздарға) қарсы шегеруге құқығы бар:
1) қаржы лизингі;
2) өзара байланысты тараптардың пайдасына не өзара байланысты тараптардың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген кредиттер (қарыздар).
Кепіл мен басқа да қамтамасыз етудің құны провизияларды (резервтерді) құру қағидаларында айқындалған жағдайларда және тәртіппен провизиялардың (резервтердің) сомасын айқындау кезінде ескеріледі.
Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар провизиялар (резервтер) бойынша шығыстар сомасын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелері бойынша арнаулы қор салықтық кезең үшін берген кепілдік сомасына азайтады.
4. Ұлттық басқарушы холдингтің, сондай-ақ негізгі қызмет түрі қарыз операцияларын жүзеге асыру немесе талап ету құқықтарын сатып алу болып табылатын және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) 100 пайызы ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалардың өзара байланысты тараптар пайдасына не өзара байланысты тараптардың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген активтер мен шартты міндеттемелерді (кредиттік серіктестіктердің активтері мен шартты міндеттемелерінен басқа) қоспағанда, мынадай күмәнді және үмітсіз активтерге, шартты міндеттемелерге:
банктерде орналастырылған, корреспонденттік шоттардағы қалдықтарды қоса алғанда, депозиттерге;
банктер мен клиенттерге берілген кредиттерге (қаржы лизингін қоспағанда);
құжаттық есеп-қисаптар мен кепілдіктер бойынша дебиторлық берешекке;
жабылмаған аккредитивтер, шығарылған немесе расталған кепілдіктер бойынша шартты міндеттемелерге қарсы провизиялар (резервтер) құру бойынша шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар.
Осы тармақта көзделген салық төлеушілер провизиялар (резервтер) бойынша шығыстар сомасын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелері бойынша арнаулы қор салықтық кезең үшін берген кепілдік сомасына азайтады.
Провизиялар (резервтер) құру бойынша шығыстар сомасын шегеру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен құрылған провизиялар (резервтер) сомасы шегінде жүзеге асырылады.
Осы тармақта көрсетілген заңды тұлғалардың тізбесін және осындай тізбені қалыптастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-323/