НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

329-бап. Коммерциялық емес ұйымдарға салық салу

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында коммерциялық емес ұйым үшін белгіленген нысанда тіркелген, қызметiн қоғамдық мүдденi көздеп жүзеге асыратын және мынадай шарттарға сай келетiн:
1) кіріс ретінде кіріс алу мақсаты жоқ;
2) алынған таза кірісті немесе мүлiктi қатысушылар арасында бөлмейтiн ұйым осы Кодекстiң мақсаттары үшiн коммерциялық емес ұйым болып танылады. Коммерциялық емес ұйым жылдық жиынтық кірістен мынадай кірістерді алып тастайды: осы Кодекстің 9-бабына сәйкес келетін қайырымдылық көмекті, демеушілік көмекті, ақшаны, гранттарды, сондай-ақ өтеусіз негізде алынған кез келген басқа көмекті, гранттарды, мүлікті қоса алғанда, өтеусіз алынған мүлік түріндегі кіріс; кiру жарналары және мүшелiк жарналар; адвокаттық кеңседе қызметін жүзеге асыратын адвокаттардың оның мүлкіне салымдары, сондай-ақ олар жүргізетін адвокаттық кеңсені ұстауға арналған жарналар (аударымдар); мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты жүзеге асыруға арналған шарт бойынша кіріс; депозиттер бойынша сыйақылар; депозитке салынған ақша бойынша, оның ішінде оларға қатысты сыйақы бойынша туындаған оң бағамдық айырма сомасының терiс бағамдық айырма сомасынан асып кетуi; «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген міндетті және нысаналы жарналар, сондай-ақ пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың, тұрақ орнының, қойманың меншік иесінің ақы төлеу мерзімін өткізіп алғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалған өсімпұл. Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шарттар сақталмаған жағдайда, осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жылдық жиынтық кірістен алып тастау жүргізілмейді.
2. Коммерциялық емес ұйымның осы баптың 1-тармағында көрсетілмеген кірістері жалпыға бiрдей белгiленген тәртiппен салық салынуға жатады. Бұл ретте коммерциялық емес ұйым шығыстарының шегерімге жатқызылуға тиіс сомасы мына тәсілдердің бірімен: осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілмеген кірістердің коммерциялық емес ұйым кірістерінің жалпы сомасындағы үлес салмағы негiзге алына отырып; осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген кірістер есебінен жүргізілген шығыстардың және басқа кірістер есебінен жүргізілген шығыстардың бөлек есепке алынуын көздейтін салықтық есепке алу деректері негізінде айқындалады.
3. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес акционерлік қоғам, мекеме және тұтынушылар кооперативі нысанында тіркелген коммерциялық емес ұйым осы баптың ережелерін қолдануға құқылы емес.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-329/