Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
351-бап. Төлем көзінен салық салынатын кірістер
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 307. Доходы, облагаемые у источника выплаты
· толық сәйкестік кестесі
1. Егер осы баптың 3-тармағында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғасы, қызметін Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға кірістерді төлеген кезде Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғасының мынадай кіріс түрлеріне төлем көзінен корпоративтік табыс салығы салынуға жатады:
1) ұтыстар;
2) сыйақы.
2. Қазақстан Республикасының бейрезидент-заңды тұлғасының мынадай кіріс түрлеріне төлем көзінен корпоративтік табыс салығы салынуға жатады:
1) егер осы баптың 3-тармағында өзгеше көзделмесе, қызметін Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғасы, Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаға төлеген кездегі ұтыстар мен сыйақылар;
2) осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілгендерді қоспағанда, осы Кодекстің 679-бабына сәйкес айқындалатын, осындай бейрезиденттердің тұрақты мекемесімен байланысты емес, Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғасы, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға кірістерді төлеген кезде бейрезиденттердің Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін кірістері;
3) резидент-заңды тұлға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған пайлық инвестициялық қорлар, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесіне немесе бейрезиденттің тұрақты мекемесіне төлеген кездегі дивидендтер.
3. Мыналар төлем көзінен салық салуға жатпайды:
1) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар және агенттік облигациялар бойынша сыйақы;
2) орналастырылған зейнетақы активтері бойынша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін сыйақы;
3) орналастырылған зейнетақы активтері бойынша ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін сыйақы;
4) өмірді сақтандыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдарына төленетін сыйақы;
5) пайлық және акционерлік инвестициялық қорларға төленетін сыйақы;
6) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін сыйақы;
7) әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін сыйақы;
8) жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға төленетін сыйақы;
9) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізімінде осындай сыйақыны есепке жазу күніндегі борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақы;
10) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға төленетін кредиттер (қарыздар) бойынша сыйақы;
11) резидент-банкке төленетін кредит (қарыз), депозит бойынша сыйақы;
12) резидент-лизинг берушіге төленетін лизинг шарты бойынша сыйақы;
13) репо операциялары бойынша сыйақы;
14) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға (ломбардтарды қоспағанда) төленетін микрокредиттер бойынша сыйақы;
15) мыналарға:
бағалы қағаздар нарығында кәсіптік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға;
бағалы қағаздар нарығында кәсіптік қызметті жүзеге асыратын ұйымдар арқылы заңды тұлғаларға төленетін борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақы;
16) мыналарға:
көппәтерлі тұрғын үй мүлкі меншік иелерінің бірлестіктерінен, пәтер (тұрғын емес үйжайлар) меншік иелерінің кооперативтерінен басқа, акционерлік қоғамдар, мекемелер және тұтыну кооперативтері нысанында тіркелгендерді қоспағанда, коммерциялық емес ұйымдарға;
«Астана Хаб» қатысушыларына төленетін депозиттер бойынша сыйақы;
17) талап ету құқығы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген заңды тұлғаға берілген кредит (қарыз, микрокредит) бойынша төленетін сыйақы;
18) Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционері болып табылатын екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйымға төленетін сыйақы;
19) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционері болып табылатын ұйым берген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде, дауыс беретін акцияларының 100 пайызы Ұлттық Банкке тиесілі орнықтылық ұйымына банктік салым шарты бойынша төленетін сыйақы.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-351/