НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

368-бап. Жеке тұлғаның кірісі болып табылмайтын тоқтатылған міндеттемелері

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алынған материалдық пайданың мынадай түрлері жеке тұлғаның кірісі болып табылмайды:
1) кредит (қарыз, ипотекалық қарыз, ипотекалық тұрғын үй қарызы, микрокредит) бойынша, оның ішінде негізгі борыш, сыйақы, комиссия және тұрақсыздық айыбы (өсімпұл, айыппұл) бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мұндай тұлғаға кредит (қарыз, ипотекалық қарыз, ипотекалық тұрғын үй қарызы, микрокредит) берілгеннен кейін басталған мынадай жағдайларда: заңды күшіне енген сот шешімі негізінде қарыз алушы-жеке тұлға хабарсыз кеткен, әрекетке қабілетсіз, әрекет қабілеті шектеулі деп танылған немесе заңды күшіне енген сот шешімі негізінде қайтыс болды деп жарияланған; қарыз алушы-жеке тұлғаға бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген, сондай-ақ қарыз алушы-жеке тұлға қайтыс болған; асыраушысынан айырылған, жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылған жағдайларда Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес әлеуметтік төлемдер алатын қарыз алушы жеке тұлғаның көрсетілген төлемдерден басқа кірісі болмаған; қарыз алушы-жеке тұлғаның және банк (микроқаржы ұйымы, ипотекалық ұйым) алдында қарыз алушы-жеке тұлғамен бірлесіп ортақ немесе субсидиарлық жауапкершілікте болатын үшінші тұлғалардың өндіріп алуды қолдануға болатын мүлкі, оның ішінде ақшасы, бағалы қағаздары немесе кірістері болмаған және Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес оның мүлкін немесе кірістерін анықтау бойынша сот орындаушысы қабылдаған шаралар нәтижесіз болған жағдайда, сот орындаушысының атқарушылық құжатты банкке (микроқаржы ұйымына, ипотекалық ұйымға) қайтару туралы қаулысы заңды күшіне енген; ипотекалық шарт жасасқан кезде негізгі міндеттемені толық қамтамасыз еткен кепілге салынған мүлік соттан тыс тәртіппен сауда-саттықта негізгі міндеттеме сомасынан төмен бағамен сатылған, сондай-ақ кепілге салынған мүлік сатылғаннан кейін мұндай мүлік «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өтелмеген кредиттің (ипотекалық қарыздың, ипотекалық тұрғын үй қарызының, микрокредиттің) сомасына кепіл ұстаушының меншігіне өткен жағдайларда тоқтатылған міндеттемелердің сомасы. Осы тармақшаның бірінші бөлігінің бесінші және алтыншы абзацтарының ережелері: банктің (ипотекалық ұйымның, микроқаржы ұйымының) жұмыскеріне, банк (ипотекалық ұйым, микроқаржы ұйымы) жұмыскерінің жұбайына (зайыбына), жақын туыстарына, банкпен (ипотекалық ұйыммен, микроқаржы ұйымымен) өзара байланысты тарапқа берілген; талап ету құқығын басқаға беру және (немесе) борышты аудару жүргізілген кредит (қарыз, ипотекалық қарыз, ипотекалық тұрғын үй қарызы, микрокредит) бойынша міндеттемелердің тоқтатылуына қолданылмайды;
2) талап ету құқығын екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционері болып табылатын ұйым сатып алған кредит (қарыз) бойынша міндеттемелер тоқтатылған кезде: негізгі борышты кешіру; сыйақы, комиссия, тұрақсыздық айыбы (өсімпұл, айыппұл) бойынша берешекті кешіру түрінде түзілген кіріс;
3) «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банкроттық немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қолданылған борышкердің міндеттемелерін есептен шығару.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-368/