НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

417-бап. Кірістер мен мүлік туралы декларация

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Егер осы тармақтың екінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, резидент-жеке тұлғалар кірістер мен мүлік туралы декларацияны есепті салықтық кезең ішінде мынадай шарттардың біріне сәйкес келген кезде ұсынады:
1) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну жөніндегі міндет жүктелген тұлғалар;
2) коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшыларын (қатысушыларын) қоспағанда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, жарғылық капиталындағы үлестің (акционерлік қоғам акцияларының) 10 пайызынан астамын иеленетін заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), сондай-ақ олардың резидент-жұбайлары (зайыптары);
3) кәсіпкерлік қызметтен түскен кірістерді қоспағанда, жеке тұлғаның дербес салық салуына жататын кірісті алған жеке тұлғалар;
4) есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде орналасқан шетелдік банктердің банк шоттарында жиынтығында айлық есептік көрсеткіштің 1 000 еселенген мөлшерінен асатын сомада ақшасы бар жеке тұлғалар;
5) есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша меншік құқығында мынадай мүлкі: мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге (есепке алуға) жататын мүлік не шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге (есепке алуға) жататын құқықтар және (немесе) мәмілелер; эмитенттері Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тіркелген бағалы қағаздар; Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тіркелген заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі; Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тіркелген зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері; инвестициялық алтыны бар жеке тұлғалар;
6) есепті салықтық кезең ішінде Қазақстан Республикасында және (немесе) оның шегінен тысқары жерде есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына қолданыста болатын жиынтық құны айлық есептік көрсеткіштің 20 000 еселенген мөлшерінен асатын мүлікті: мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлікті; мемлекеттік тіркеуге жататын механикалық көлік құралдары мен тіркемелерді; заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін; бағалы қағаздарды; туынды қаржы құралдарын (орындалуы базалық активті сатып алу немесе өткізу жолымен болатын туынды қаржы құралдарын қоспағанда); тұрғын үй құрылысына қатысу үлестерін; инвестициялық алтынды сатып алған адамдар. Мүліктің жиынтық құны есепті салықтық кезең ішінде оны сатып алу бағаларын жинақтау арқылы айқындалады.
7) есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша меншігінде цифрлық активтері бар адамдар;
8) осы Кодекстің 363-бабының 1) тармақшасында көзделген кестенің 2-жолында көрсетілген жеке табыс салығының мөлшерлемесі қолданылған жалғыз кіріс көзі болып табылатын, төлем көзінен салық салуға жататын жұмыскердің кірісін алғандарды қоспағанда, осы Кодекстің 363-бабының 1) тармақшасында көрсетілген, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде есепті салықтық кезең үшін салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 8 500 еселенген мөлшерінен асатын сомада кірістер алған жеке тұлғалар;
9) есепті салықтық кезең үшін, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына қолданылатын 230 000 еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын сомада дивидендтер түрінде кіріс алған жеке тұлғалар. Осы тармақтың 5) және 6) тармақшаларында айқындалған жағдайларда туындайтын табыстар мен мүлік туралы декларацияны ұсыну жөніндегі міндеттемелер ағымдағы есепті кезеңде осы Кодекстің 422-бабына сәйкес активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсыну жөніндегі міндетті орындайтын тұлғаларға қолданылмайды.
2. Кірістер мен мүлік туралы декларацияда декларация жасалған күнге:
1) жеке тұлғамен жасалған міндеттеменің немесе талаптың туындауына негіз болып табылатын нотариат куәландырған шарт (мәміле, келісім) болған кезде – жеке тұлғалар арасында түзілген басқа тұлғалардың жеке тұлғаға дебиторлық берешегі және (немесе) жеке тұлғаның басқа тұлғаларға кредиторлық берешегі көрсетіледі. Осы тармақшада көрсетілген берешекті декларацияны ұсынудың осы Кодекстің 418-бабында белгіленген мерзімінен кешіктірілмейтін мерзімде нотариат куәландыруға тиіс;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған банк ұйымдарына, микроқаржы ұйымдарына берешекті қоспағанда, салыстырып тексеру актісі және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт болған кезде – жеке тұлға мен заңды тұлға және (немесе) дара кәсіпкер, оның ішінде бейрезидент болып табылатын дара кәсіпкер арасында түзілген;
3) заңды күшіне енген сот шешімімен расталған басқа тұлғалардың жеке тұлғаға дебиторлық берешегі және (немесе) жеке тұлғаның басқа тұлғаларға кредиторлық берешегі көрсетіледі. Осы тармақта көрсетілген құжаттар кірістер мен мүлік туралы декларациямен бір мезгілде ұсынылады. Растайтын құжаттары ұсынылмаған берешек нөлге тең деп есептеледі. Бұл ретте кірістер мен мүлік туралы декларацияда берілген лицензия негізінде әрекет ететін АХҚО қатысушысының қарыздық краудфандингтік платформасын пайдалана отырып жасалған шарт бойынша дебиторлық және (немесе) кредиторлық берешектер көрсетілмейді.
3. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық немесе оларға теңестірілген өкілдіктердің, шет мемлекеттердің консулдық мекемелерінің, халықаралық ұйымдардың және олардың өкілдіктерінің қызметкерлері болып табылатын шетел азаматтарына немесе азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ олармен бірге тұратын олардың отбасы мүшелеріне қолданылмайды.
4. 1-тармақтың 1), 2) және 6) тармақшаларында көрсетілген жеке тұлғалар кірістер мен мүлік туралы декларацияда мүлікті сатып алу, иеліктен шығару және (немесе) өтеусіз алу туралы, сондай-ақ мынадай мүліктің, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерден сатып алуға арналған шығыстарды жабу көздері туралы мәліметтерді де көрсетеді:
1) мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын жылжымайтын мүлік, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлік;
2) мемлекеттік тіркеуге жататын көлік құралдары мен тіркемелер;
3) заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлестері;
4) тұрғын үй құрылысына қатысу үлестері;
5) бағалы қағаздар;
6) цифрлық активтер;
7) туынды қаржы құралдары (орындалуы базалық активті сатып алу немесе өткізу жолымен болатын туынды қаржы құралдарын қоспағанда);
8) инвестициялық алтын;
9) зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері.
5. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде орналасқан шетелдік банктерде шоттарды (салымдарды) ашу және иелену, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде орналасқан шетелдік банктерде қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтау бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеуді қабылдайтын жеке тұлғалар кірістер мен мүлік туралы декларацияда банктік салым сомасына қарамастан, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі шетелдік банктерде ақшасының бар-жоғы туралы ақпаратты көрсетеді. Осы мәліметтерді көрсету туралы талап кірістер мен мүлік туралы декларацияға қосымшада көрсетіледі.
6. Осы Кодексті қолдану мақсатында кәмелетке толмаған адамның және (немесе) әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі адамның салықтық міндеттемесін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес заңды өкілі орындайды.
7. Кірістер мен мүлік туралы декларацияға қосымшалар салық органдары салықтық бақылау мақсатында пайдаланатын салықтық міндеттемені есептеу туралы ақпаратты егжей-тегжейлі көрсетуге арналған.
8. Жеке тұлғаның осы Кодекстің 418-бабында белгіленген мерзімде кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсынбауы осындай жеке тұлғада: жеке тұлғаның дербес салық салуына жататын кірістердің; осы бапта белгіленген мүліктер мен міндеттемелердің жоқ екенін растау болып есептеледі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-417/