Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
418-бап. Кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну мерзімдері
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше белгіленбесе, кірістер мен мүлік туралы декларация есепті күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей тұрғылықты (болу) жері бойынша ұсынылады.
2. Осы Кодекстің 373-бабында көзделген кірістерді алған Қазақстан Республикасының резидент-еңбекші көшіп келушілері кірістер мен мүлік туралы декларацияны есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығының сомасы жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемдер сомасынан асып кеткен жағдайда ұсынады.
Осы Кодекстің 373-бабында көзделген кірістер бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны резидент-еңбекші көшіп келушілер есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей, болатын жеріндегі салық органына ұсынады.
Бұл ретте осы Кодекстің 373-бабында көзделген кірістерді алған резидент-еңбекші көшіп келуші Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шыққан жағдайда салықтық кезең ішінде кірістер мен мүлік туралы декларация (декларациялар) осындай адамның Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шыққан күніне дейін ұсынылады.
3. Кірістер мен мүлік туралы декларация ұсынылған күнге бекітілген қаржылық есептілік болмаған жағдайда, бақыланатын шетелдік компаниялардың немесе бақыланатын шетелдік компаниялардың тұрақты мекемелерінің жиынтық пайдасын есептеу осы Кодекстің 115-бабының ережелері ескеріле отырып, қаржылық есептілік бекітілген күннен кейінгі алпыс жұмыс күні ішінде, бірақ есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші жылдың 1 шілдесінен кешіктірілмей ұсынылатын кірістер мен мүлік туралы қосымша декларацияда жүргізіледі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-418/