Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
452-бап. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 372. Оборот по реализации товаров, работ, услуг
· толық сәйкестік кестесі
бойынша айналым
1. Тауарларды өткізу бойынша айналым:
1) мыналарды:
тауарды сатуды, тауарды тиеп-жөнелтуді, оның ішінде төлемді бөліп төлеу шарттарымен және (немесе) басқа тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге айырбастай отырып, тауарды сатуды, тиеп-жөнелтуді;
кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде тұтастай сатуды;
тауарды өтеусіз беруді;
жұмыс берушінің жұмыскер алдындағы берешекті өтеу есебіне жұмыскерге тауарды беруін;
кепіл берушінің кепілге салынған мүлікті сатып алушының немесе кепіл ұстаушының меншігіне беруін қоса алғанда, тауарға меншік құқығын беруді;
2) тауар экспортын;
3) тауарды тиеп-жөнелтуді, оның ішінде төлемді бөліп төлеу шарттарымен және (немесе) басқа тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге айырбастай отырып, тауарды тиеп-жөнелтуді;
4) лизинг нысанасы берілген құн бөлігінде мүлікті қаржы лизингіне беруді;
5) тауарды комиссия шарты немесе тапсырма шарты бойынша тиеп-жөнелтуді;
6) бұрын экспорт кедендік рәсімімен орналастырыла отырып әкетілген тауарды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыруды;
7) осы Кодекстің 474-бабында көрсетілген тауардан басқа, еркін кедендік аймақ кедендік рәсімімен орналастырыла отырып, қосылған құн салығынсыз сатып алынған тауарды жоғалтуды білдіреді.
2. Жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым кез келген жұмыстар орындауды немесе қызметтер көрсетуді, оның ішінде өтеусіз орындауды немесе көрсетуді, сондай-ақ тауарды өткізуден ерекшеленетін, сыйақы үшін кез келген қызметті, оның ішінде:
1) лизинг шарттарынан басқа, мүліктік жалдау шарттары бойынша мүлікті уақытша иеленуге және пайдалануға беруді;
2) лизинг шарты бойынша мүлікті қаржы лизингіне беру кезіндегі сыйақыны;
3) зияткерлік меншік объектілеріне құқықтар беруді;
4) жұмыс берушінің жұмыскер алдындағы берешекті өтеу есебіне жұмыскерге жұмыстарды орындауын, қызметтерді көрсетуін;
5) аванстарды және айыппұл санкцияларын қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуге байланысты талап ету құқықтарын басқаға беруді;
6) кәсіпкерлік қызметті шектеуге немесе тоқтатуға келісуді;
7) кредиттер (қарыздар, микрокредиттер) бойынша сыйақыны;
8) Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес ислам банкінің үшінші тұлғаға тауарды кейіннен сату шарттарымен не мұндай шарттарсыз коммерциялық кредит беру арқылы сауда делдалы ретінде жеке және заңды тұлғаларды қаржыландыруын;
9) Қазақстан Республикасының теміржол көлігі туралы заңнамасына сәйкес уақытша теңгерімдеу төлемақысын алуды білдіреді.
3. Қазақстан Республикасында қызметін құрылымдық бөлімшелер арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттер мынадай шарттардың бірі сақталған кезде:
бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі жасасқан келісімшарт болса;
бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша жазып берген шот-фактура болса;
бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі қол қойған орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісі болса;
бейрезидент-заңды тұлғамен жасалған, жұмыстар орындауды, қызметтер көрсетуді осындай бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің жүзеге асыратыны көзделген келісімшарт болса;
бейрезидент-заңды тұлға қол қойған орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісінде осындай бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің жұмыстарды орындағаны, қызметтерді көрсеткені көрсетілсе;
орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін кірісті төлеу бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесіне жүзеге асырылса, осындай құрылымдық бөлімшелердің жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымын таниды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-452/