Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
453-бап. Өткізу бойынша айналым болып табылмайтын операциялар
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Мынадай операциялар өткізу бойынша айналым болып табылмайды:
1) мүлікті жарғылық капиталға салым ретінде беру;
2) мүлікті бөлу кезінде акционерге, қатысушыға, құрылтайшыға тауарды:
заңды тұлға таратылған немесе жарғылық капитал азайтылған кезде – жарғылық капиталды азайту жүзеге асырылатын қатысу үлесіне, акциялар санына тура келетін, төленген жарғылық капитал мөлшері шегінде;
заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғадағы қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алған кезде – сатып алынатын қатысу үлесіне тура келетін, төленген жарғылық капитал мөлшері шегінде;
адвокаттық кеңсенің серіктесі болып табылатын адвокат осындай адвокаттық кеңседен шыққан, адвокаттық қызмет осындай адвокаттық кеңсе арқылы тоқтатылған не адвокаттық кеңсе таратылған кезде – адвокаттық кеңсенің серіктесі болып табылатын адвокат осындай адвокаттық кеңсенің меншігіне берген мүліктің құны шегінде беру;
3) тауар бірлігінің құны осындай беру күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 5 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, осындай тауарды жарнама мақсатында өтеусіз беру;
4) тапсырыс берушінің мердігерге дайын өнімді соңғысының дайындауы, қайта өңдеуі, құрастыруы (монтаждауы, орнатуы), жөндеуі және (немесе) объектілер салуы үшін алыс-беріс тауарларын тиеп-жөнелтуі. ЕАЭО-ның кедендік аумағынан тыс жерде дайындалған, қайта өңделген, құрастырылған, жөнделген жағдайда, егер оларды әкету ЕАЭО-ның кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кедендік аумақтан тыс жерде қайта өңдеу кедендік рәсімінде жүзеге асырылса, көрсетілген тауарларды тиеп-жөнелту өткізу бойынша айналым болып табылмайды;
5) қайтарылатын ыдысты тиеп-жөнелту. Құны онымен жiберiлетiн өнiмдi өткiзу құнына енгізілмейтін және осы өнiмдi беруге арналған шартта (келiсiмшартта) белгiленген талаптармен және мерзiмдерде, бiрақ ұзақтығы алты айдан аспайтын мерзiмде өнiм берушiге қайтаруға жататын ыдыс қайтарылатын ыдыс болып табылады. Егер ыдыс белгiленген мерзiмде қайтарылмаса, мұндай ыдыстың құны осы Кодекстің 462-бабының 14-тармағына сәйкес өткiзу бойынша айналымға енгiзiледi;
6) қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын алушының (сатып алушының) тауарды қайтаруы;
7) бұрын шектері ЕАЭО-ның кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақтың аумағына еркін кедендік аймағының кедендік рәсімінде әкелінген тауарды тиеп-жөнелту;
8) егер мұндай әкету ЕАЭО-ның кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес уақытша әкету кедендік рәсімінде ресімделсе, шартта белгіленген талаптармен және мерзімдерде қайта әкелуге жататын тауарды көрмелер, басқа да мәдени және спорттық іс-шараларды өткізу үшін ЕАЭО-ның кедендік аумағынан тыс жерге әкету;
9) жер қойнауын пайдаланушы жаңадан жасаған және (немесе) сатып алған, жер қойнауын пайдалану жөніндегi операцияларды орындау үшiн пайдаланылған және жер қойнауын пайдалануға арналған жасалған келiсiмшарт талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасына беруге жататын мүлiктi жер қойнауын пайдаланушының Қазақстан Республикасының меншiгiне беруi;
10) эмитенттің эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруы;
11) қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның негізгі құралдарын, материалдық емес активтерін және өзге мүлкін, оның ішінде осы Кодекстің 449-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес тауарлардың қалдықтары түріндегі айналым танылған тауарларды оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) беру;
12) концессия объектісін концедентке беру, сондай-ақ концессия шарты шеңберінде пайдалану үшін концессия объектісін кейіннен концессионерге (құқық мирасқорына немесе концессия шартын іске асыру үшін тек қана концессионер арнайы құрған заңды тұлғаға) беру;
13) дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам болып табылатын жеке тұлғаның жеке мүлкін осындай жеке тұлғаның өткізуі бойынша айналым.
Осы бөлімнің мақсаттары үшін жеке тұлғаның материалдық нысандағы, меншік құқығындағы немесе оның ортақ меншіктегі үлесі болып табылатын заттары, жеке тұлға осындай мүлікті кәсіпкерлік қызмет мақсатында пайдаланбаған жағдайда, жеке тұлғаның жеке мүлкі деп танылады;
14) сенімгерлік басқару құрылтайшысының мүлікті сенімгерлік басқарушыға беруі;
15) сенімгерлік басқарудың туындау негізі қолданылуын тоқтатқан кезде сенімгерлік басқарушының мүлікті қайтаруы;
16) сенімгерлік басқарушының сенімгерлік басқарудан түсетін таза кірісті сенімгерлік басқару құрылтайшысына беруі;
17) салымшының (клиенттің) банктік шот және (немесе) банктік салым шарттары бойынша өзіне есепке жазылған және (немесе) төленген сыйақы сомасын алуы;
18) тауарлардың бір заңды тұлға шегінде берілуіне (өткізілуіне) байланысты оларды Қазақстан Республикасының аумағынан ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағына әкету;
19) жер қойнауын пайдаланушының салықтарды төлеу бойынша салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне пайдалы қазбаларды мемлекет атынан алушыға беруі;
20) мемлекет атынан алушының немесе мемлекет атынан алушы осындай өткізуге уәкілеттік берген тұлғаның жер қойнауын пайдаланушы салықтарды төлеу бойынша салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне берген пайдалы қазбаларды өткізуі;
21) мемлекет атынан алушының немесе мемлекет атынан алушы осындай өткізуге уәкілеттік берген тұлғаның жер қойнауын пайдаланушы салықтарды төлеу бойынша салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне берген пайдалы қазбаларды өткізуге байланысты шығыстарды өтеуді білдіретін комиссиялық сыйақы үшін осындай пайдалы қазбаларды өткізу бойынша қызметтер көрсетуі;
22) қаржыландырылуы өтеусіз негізде Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген нысаналы салым есебінен қамтамасыз етілетін қызмет:
23) қайырымдылық, демеушілік көмекті, грантты алушының оларды ұсыну шарттарын орындауы;
24) кірістер мен шығыстар арасындағы теріс айырма түрінде айқындалған залалдар және (немесе) шығыстар бойынша бюджеттік субсидия.
Осы тармақшаның мақсаты үшін кірістер мен шығыстар халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалады;
25) жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотына ақшаның түсуі;
26) цифрлық майнингтік пулдың цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалар арасында цифрлық активтерді бөлуі;
27) Ұлттық инфрақұрылым операторының жолаушыларды, багажды, жүк-багажды, пошта жөнелтілімдерін тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын теміржол тасымалдаушысына теміржол көлігімен жолаушыларды тасымалдау кезінде магистральдық теміржол желісінің көрсетілетін қызметтерін өтеусіз негізде, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес теміржол көлігімен жолаушыларды тасымалдау кезінде магистральдық теміржол желісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне арналған тарифке 0 мөлшеріндегі уақытша төмендету коэффициентін қолдана отырып көрсетуі;
28) мүлікті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік мекемеге өтеусіз негізде беру;
29) «Дамуға ресми көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған дамуға ресми көмек жобасы шеңберінде дамуға ресми көмек саласындағы оператордың немесе оның атына өтеусіз негізде мүлікті беруі, жұмыстарды орындауы, қызметтер көрсетуі;
30) адвокаттық кеңсенің серіктесі болып табылатын адвокаттың мүлікті осындай адвокаттық кеңсеге салым ретінде беруі;
31) адвокаттық кеңсе үшін адвокаттық кеңседе қызметін жүзеге асыратын адвокаттардың есебінен және мүдделерінде адвокаттық кеңсе жасасқан заң көмегін көрсету туралы шарт бойынша заң көмегін көрсету;
32) резидент болып табылатын заңды тұлға үшін – өткізу орны Қазақстан Республикасы болып танылмайтын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді шет мемлекеттің аумағында тіркелген осындай заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің өткізуі;
33) төленуге жататын (алынған) кредит (қарыз, микрокредит) сомасы, сондай-ақ валюта бағамының өзгеруіне байланысты теңгемен төленуге жататын (алынған) кредит (қарыз, микрокредит) сомасын түзету (индекстеу).
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-453/