НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

473-бап. Жекелеген жағдайларда салық салу

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Талаптарына сәйкес импортталатын тауарлар қосылған құн салығынан босатылатын, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт, өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын салық төлеушілерге өз өндiрiсiнің тауарларын өткізу бойынша айналымға қосылған құн салығы нөлдік мөлшерлеме бойынша салынады. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта, өнімді бөлу туралы келісімде (келісімшартта) қосылған құн салығынан босатылатын импортталатын тауарлардың тізбесі айқындалған жағдайда, осы тізбеде көрсетілген тауарларды өткізу бойынша айналымдарға нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынады. Осы баптың мақсатында салық төлеуші өндірген, шығарылған жері сертификаты бар өнім (тауар) өз өндірісінің тауары болып танылады. Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген салық төлеушілердің тізбесін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган уәкілетті органмен және салық саясаты саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.
2. Осы Кодекстің 755-бабының 1-тармағында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы өндірген және өткізген тұрақсыз конденсатты Қазақстан Республикасының аумағынан ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің аумағына өткізу бойынша айналымға қосылған құн салығы нөлдік мөлшерлеме бойынша салынады. Осы тармақта көрсетілген салық төлеушілердің тізбесін уәкілетті органмен және салық саясаты саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
3. Газ саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім шеңберінде қызметін жүзеге асыратын салық төлеушінің бұрын осы салық төлеуші Қазақстан Республикасының аумағынан әкеткен және ЕАЭО-ға мүше осындай басқа мемлекеттің аумағында қайта өңделген алыс-беріс шикізатынан алынған қайта өңдеу өнімдерін ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағында өткізуі бойынша айналымға қосылған құн салығы нөлдік мөлшерлеме бойынша салынады. Осы тармақта көрсетілген салық төлеушілердің тізбесін уәкілетті органмен және салық саясаты саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
4. Мыналар осы баптың 1-тармағында көрсетілген салық төлеушілерге тауарлардың өткізілгенін растайтын құжаттар болып табылады:
1) берілетін тауарлардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың, өнімді бөлу туралы келісімнің (келісімшарттың) жұмыс бағдарламасын орындауға арналғаны көрсетіле отырып, талаптарына сәйкес импортталатын тауарлар қосылған құн салығынан босатылатын жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт, өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын салық төлеушілерге тауарларды беруге арналған шарт;
2) салық төлеушілерге тауарлардың тиеп-жөнелтілгенін растайтын тауарға ілеспе құжаттардың көшірмелері;
3) салық төлеушілердің тауарларды алғанын растайтын құжаттардың көшірмелері.
5. Мыналар осы баптың 2-тармағында көрсетілген тұрақсыз конденсаттың өткізілгенін растайтын құжаттар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының аумағынан ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің аумағына әкетілген (әкетілетін) тұрақсыз конденсатты беруге арналған шарт (келісімшарт);
2) құбыржолдар жүйесі арқылы өткізілген тұрақсыз конденсаттың мөлшерін есепке алу аспаптарының көрсетілімдерін алу актісі;
3) Қазақстан Республикасының аумағынан ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің аумағына құбыржолдар жүйесі арқылы әкетілген тұрақсыз конденсатты қабылдау-беру актісі. Құбыржолдар жүйесі арқылы өткізілген тұрақсыз конденсаттың мөлшерін есепке алу аспаптарының көрсетілімдерін алу тәртібін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
6. Мыналар осы баптың 3-тармағында көрсетілген тауарлардың өткізілгенін растайтын құжаттар болып табылады:
1) алыс-беріс шикізатын қайта өңдеуге арналған шарттар (келісімшарттар);
2) қайта өңдеу өнімдерін өткізудің жүзеге асырылуына негіз болатын шарттар (келісімшарттар);
3) алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстардың орындалу фактісін растайтын құжаттар;
4) алыс-беріс шикізатының Қазақстан Республикасының аумағынан ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағына әкетілгенін растайтын тауарға ілеспе құжаттардың көшірмелері. Алыс-беріс шикізаты магистральдық құбыржолдар жүйесі арқылы әкетілген жағдайда тауарға ілеспе құжаттар көшірмелерінің орнына осындай алыс-беріс шикізатын қабылдау-беру актісі ұсынылады;
5) аумағында алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жүзеге асырылған ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің салық төлеушісіне – қайта өңдеу өнімдерін сатып алушыға олардың тиеп-жөнелтілгенін растайтын құжаттар;
6) салық төлеушінің Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен ашылған, Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейдегі банктердегі банктік шоттарына өткізілген қайта өңдеу өнімдері бойынша валюталық түсімнің түскенін растайтын құжаттар;
7) осы Кодекстің 523-бабының 8-тармағында көзделген, тиісті уәкілетті мемлекеттік органның ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің аумағында тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы қорытындысы. Қайтаруға жататын қосылған құн салығының асып кету сомасын айқындау кезінде Қазақстан Республикасы салық органының сұрау салуы бойынша ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің салық қызметі қайта өңдеу өнімдерін сатып алушыға қатысты жүзеге асырған тексерудің нәтижелері ескеріледі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-473/