Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
475-бап. Халықаралық тасымалдарға байланысты айналымдар
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 395. Обороты, связанные с международными перевозками
· толық сәйкестік кестесі
1. Өткізу орны Қазақстан Республикасы болып табылатын, осы Кодекстің 468 және 522-баптарына сәйкес халықаралық болып табылатын тасымалдарға байланысты мынадай жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдар қосылған құн салығынан босатылады:
1) тиеу, түсіру, қайта тиеу (ағызу, құю, өнімді басқа магистральдық құбыржолдарға беру, басқа көлік түріне ауыстырып тиеу);
2) ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кедендік шекарасын кесіп өту кезінде вагондарды арбаларға немесе жолтабанының ені басқа дөңгелек жұптарына ауыстыру;
3) Қазақстан Республикасының аумағынан экспортталатын, Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларды, оның ішінде поштаны, сондай-ақ транзиттік жүктерді экспедициялау;
4) вагондар (контейнерлер) операторының көрсетілетін қызметтері;
5) әуеайлақтық және жерде қызмет көрсетудің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әуежай қызметінің құрамына кіретін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша көрсетілетін қызметтері;
6) халықаралық рейстерге қызмет көрсету бойынша теңіз порттарының көрсетілетін қызметтері;
7) пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері;
8) тіркелетін пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша көрсетілетін қызметтер.
2. Осы бөлімнің мақсатында жүктерді тасымалдауды ұйымдастыру мақсатында өзі кешенді түрде көрсететін және тасымалдау құжатында тасымалдау процесіне қатысушы ретінде көрсетілген вагондар (контейнерлер) операторы ұсынатын мынадай көрсетілетін қызметтер вагондар (контейнерлер) операторының көрсетілетін қызметтері болып табылады:
1) вагондарды (контейнерлерді) пайдалануға беру жоспарын қалыптастыру және оны тасымалдау процесіне қатысушылар арасында келісу;
2) вагондарды (контейнерлерді) пайдалануға беру;
3) жүк тиелген және бос вагондардың (контейнерлердің) іс жүзіндегі қозғалысын орталықтан жедел бақылау және қашықтан басқару арқылы диспетчерлік ету.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-475/