Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
514-бап. ЕАЭО-да тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
қызметтерді өткізу бойынша айналымды
және салық салынатын импортты айқындау
1. Тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағына экспорттау тауарларды өткізу бойынша айналым болып табылады.
2. Кейіннен Қазақстан Республикасының аумағына қасиеттері мен сипаттамаларын өзгертпей әкелінетін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағына уақытша әкету өткізу бойынша айналым болып табылмайды.
3. Егер осы Кодекстің 515-бабы 2-тармағының негізінде жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу орны Қазақстан Республикасы болып танылса, осы Кодекстің 452-бабының 2-тармағына сәйкес айналымдар ЕАЭО-да жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым болып табылады.
4. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген (әкелінетін) тауарлар (осы Кодекстің 525-бабының 2-тармағына сәйкес қосылған құн салығынан босатылғандарды қоспағанда) салық салынатын импорт болып табылады.
Осы тармақшаның ережесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында мемлекеттік тіркелуге жататын, әкелінген (әкелінетін) көлік құралдарына да қатысты қолданылады;
2) Қазақстан Республикасының аумағына ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағынан әкелінген алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімдері болып табылатын тауарлар салық салынатын импорт болып табылады.
5. Мыналар:
1) кейіннен Қазақстан Республикасының аумағынан қасиеттері мен сипаттамаларын өзгертпей әкетілетін тауарларды ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелу;
2) бұрын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағына уақытша әкетілген тауарларды қасиеттері мен сипаттамаларын өзгертпей ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелу салық салынатын импорт болып табылмайды.
Осы тармақтың ережелері:
1) жылжымалы мүлік пен көлік құралдарын мүліктік жалдау (жалға беру) шарттары бойынша;
2) көрмелер мен жәрмеңкелерге тауарларды уақытша әкелу кезінде қолданылады.
Осы тармақтың ережелері осы Кодекстің 468-бабының 2-тармағында көзделген халықаралық тасымалдар бойынша қызметтер көрсетілетін көлік құралдарына қолданылмайды.
Осы тармақта көрсетілген тауарлар өткізілген жағдайда, осындай тауарларды әкелу салық салынатын импорт болып танылады және осындай тауарларды есепке алуға қабылдаған күннен бастап импортталған тауарлар бойынша осы Кодексте айқындалған тәртіппен және мөлшерде қосылған құн салығын салуға жатады.
Уақытша әкелінген тауарлар әкелу күнінен бастап екі жылдан астам Қазақстан Республикасының аумағында болған жағдайда, мұндай тауарларды әкелу салық салынатын импорт болып танылады және мұндай тауарларды есепке алуға қабылдаған күннен бастап импортталған тауарлар бойынша осы Кодексте айқындалған тәртіппен және мөлшерде қосылған құн салығы салынуға жатады.
6. Жанама салықтар Қазақстан Республикасының аумағына:
1) жеке тұлғалар кәсіпкерлік қызметті мақсат етпей әкелінетін тауарларды;
2) тауарларды бір заңды тұлға шегінде беруге байланысты ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің аумағынан әкелінетін тауарларды импорттау кезінде алынбайды.
7. Салық төлеуші осы баптың 5-тармағы екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында және 6-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген тауарларды әкелу (әкету) кезінде салық органдарын хабардар етуге міндетті.
Қазақстан Республикасының аумағына ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрмай қызметін жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға тауарларды уақытша әкелген кезде, тауарларды уақытша пайдалануға алған Қазақстан Республикасының салық төлеушісінде хабарлама беру міндеті туындайды.
Тауарларды әкелу (әкету) туралы хабарламаның нысанын, оны салық органдарына ұсыну тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті орган бекітеді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-514/