НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

517-бап. Тауарларды экспорттау кезінде салық

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

салынатын айналымның мөлшерін айқындау
1. Тауарларды экспорттау кезінде салық салынатын айналымның мөлшері, егер осы бапта және Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, мәміле жасасқан тараптар қолданатын бағалар мен тарифтерге сүйене отырып өткізілетін тауарлардың құны негізінде айқындалады.
2. Тауарларға (лизинг нысаналарына) меншік құқығының лизинг алушыға өтуі көзделетін лизинг шарты (келісімшарты) бойынша оларды экспорттау кезінде салық салынатын айналым мөлшері тауарлардың (лизинг нысаналарының) бастапқы құнының әрбір лизингтік төлемге тура келетін бір бөлігі мөлшерінде әрбір лизингтік төлемді төлеуге арналған лизинг шартында (келісімшартында) көзделген күнге айқындалады. Бұл ретте тауардың (лизинг нысанасының) бастапқы құны деп сыйақы есепке алынбаған, шартта көрсетілген лизинг нысанасының құнын түсіну керек.
3. Заттар түрінде қарыз беруді көздейтін шарттар (келісімшарттар) бойынша тауарларды экспорттау кезінде салық салынатын айналым мөлшері – шартта (келісімшартта) көзделген, берілетін (ұсынылатын) тауарлардың құны, шартта (келісімшартта) құны көрсетілмеген кезде – тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілген құн, шарттарда (келісімшарттарда) және тауарларға ілеспе құжаттарда құны көрсетілмеген кезде тауарлардың бухгалтерлік есепке алуда көрсетілген құны ретінде айқындалады. Бұл ретте осы тараудың мақсаттары үшін тауарға ілеспе құжаттар деп халықаралық автомобиль жүкқұжаты, теміржол көлігінің жүкқұжаты, тауар-көлік жүкқұжаты, бірыңғай үлгідегі жүкқұжат, багаж ведомосы, пошта ведомосы, багаж квитанциясы, авиа жүкқұжаты, коносамент, сондай-ақ тауарларды құбыржол көлігімен және электр беру желілері арқылы өткізу кезінде пайдаланылатын құжаттар және акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін өткізу кезінде пайдаланылатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген тасымалдар кезінде тауарлар мен көлік құралдарына ілеспе өзге де құжаттар; шот-фактуралар, ерекшеліктер, тиеп-жөнелту және орау парақтары, сондай-ақ тауарлар туралы мәліметтерді, оның ішінде тауарлардың құнын растайтын және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес пайдаланылатын басқа да құжаттар түсініледі.
4. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, өткізілген тауарлар бағасы ұлғайту (азайту) жағына өзгерген кезде не өткізілген тауарлардың саны (көлемі) олардың тиісті сапада және (немесе) жинақта болмауы себебінен қайтарылуына байланысты азайған кезде тауарларды экспорттау кезіндегі салық салынатын айналымның мөлшері шарт (келісімшарт) қатысушылары экспортталған тауарлардың бағасын өзгерткен (қайтаруды келіскен) салықтық кезеңде түзетіледі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-517/