НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

518-бап. Салық салынатын импорттың мөлшерін айқындау

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Тауарлардың, оның ішінде оларды дайындау туралы шарт (келісімшарт) бойынша жұмыстарды орындау нәтижесі болып табылатын тауарлардың салық салынатын импортының мөлшері сатып алынған тауарлардың құны негізінде айқындалады.
2. Осы баптың мақсаттары үшін сатып алынған тауарлардың құны салық салу мақсатында бағаны айқындау қағидаты негізінде айқындалады. Салық салу мақсатында бағаны айқындау қағидаты шарттың (келісімшарттың) талаптарына сәйкес тауарлар үшін төленуге жататын мәміле бағасының негізінде сатып алынған тауарлар құнын айқындауды білдіреді. Егер шарттың (келісімшарттың) талаптары бойынша мәміле бағасы сатып алынған тауарлардың, сондай-ақ басқа да шығыстардың құнынан тұратын болса және бұл ретте сатып алынған тауарлардың құны және (немесе) басқа да шығыстардың құны бөлек көрсетілсе, онда тек сатып алынған тауарлардың құны ғана салық салынатын импорттың мөлшері болып табылады. Егер шарттың (келісімшарттың) талаптары бойынша мәміле бағасы сатып алынған тауарлардың, сондай-ақ басқа да шығыстардың құнынан тұратын болса және бұл ретте сатып алынған тауарлардың құны және (немесе) басқа да шығыстардың құны бөлек көрсетілмесе, онда шартта (келісімшартта) көрсетілген мәміле бағасы салық салынатын импорттың мөлшері болып табылады. Бағалардың ең төмен деңгейiн бағалардың ең төмен деңгейiн айқындау тәртiбiне сәйкес бағалардың ең төмен деңгейi қолданылатын жекелеген тауар түрлерiнiң тiзбесiне енгiзiлген тауарлар бойынша уәкiлеттi орган айқындайды. Бағалардың ең төмен деңгейі қолданылатын жекелеген тауар түрлерінің тізбесін, сондай-ақ бағалардың ең төмен деңгейін айқындау тәртібін сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган бекітеді. Бағалардың ең төмен деңгейі қолданылатын жекелеген тауар түрлерінің тізбесіне енгізілген импортталатын тауар бойынша құн бағалардың белгіленген ең төмен деңгейінен төмен мәлімделген кезде салық төлеуші көрсетілген сомалардың айырмасы ескерілген салықты осы Кодекстің 503-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлеме бойынша осы Кодекстің 530-бабында көзделген мерзімде төлеуге міндетті. Салық органы салық төлеушінің осы тармақтың алтыншы бөлігінде белгіленген талапты сақтамағанын анықтаған кезде бағаның ең төмен деңгейі мен бағалардың ең төмен деңгейі қолданылатын жекелеген тауар түрлерінің тізбесіне енгізілген импортталған тауардың мәлімделген құнының сомасы арасындағы айырма сомасы жеке шотты жүргізу тәртібіне сәйкес жеке шотқа есепке жазылады.
3. Тауарлардың салық салынатын импортының мөлшеріне акцизделетін тауарлар бойынша акциз сомалары енгізіледі. Лизинг шарттары бойынша тауарлардың (лизинг нысаналарының) салық салынатын импортының мөлшеріне акцизделетін тауарлар бойынша акциздің есептелген сомалары импортталған акцизделетін тауарларды (лизинг нысаналарын) есепке қабылдаған күнге енгізіледі.
4. Тауар алмасу (бартерлік) шарттары (келісімшарттары), сондай-ақ заттар түрінде қарыз беруді көздейтін шарттар (келісімшарттар) бойынша алынған тауарлардың салық салынатын импортының мөлшері осы баптың 2-тармағында көзделген салық салу мақсатында баға айқындау қағидаты ескеріле отырып, тауарлар құнының негізінде айқындалады. Бұл ретте тауарлардың құны – шартта (келісімшартта) көзделген тауарлар бағасы, шартта (келісімшартта) тауарлардың бағасы көрсетілмеген кезде – тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілген тауарлардың бағасы, шарттарда (келісімшарттарда) және тауарға ілеспе құжаттарда тауарлардың бағасы көрсетілмеген кезде тауарлардың бухгалтерлік есепке алуда көрсетілген бағасы негізінде айқындалады.
5. Алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімдері болып табылатын тауарлардың салық салынатын импортының мөлшері акцизделетін қайта өңдеу өнімдері бойынша төленуге жататын акциздерді қоса алғанда, осы алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстардың құны негізінде айқындалады.
6. Тауарларға меншік құқығының лизинг алушыға өтуін көздейтін лизинг шарты бойынша тауарлардың (лизинг нысаналарының) салық салынатын импортының мөлшері осы баптың 2-тармағында көзделген салық салу мақсатында баға айқындау қағидаты негізінде сыйақы есепке алынбаған, осы Кодекстің 516-бабының 3-тармағында белгіленген күнге көзделген тауар (лизинг нысанасы) құнының бір бөлігі мөлшерінде айқындалады. Егер лизинг шарты (келісімшарты) бойынша тауарлар (лизинг нысаналары) құнының бір бөлігін төлеу мерзімінің басталу күні тауарларды (лизинг нысанасын) Қазақстан Республикасының аумағына әкелу күніне дейін белгіленсе, тауарлардың (лизинг нысаналарының) салық салынатын импортын жасаудың алғашқы күніндегі салық салынатын импорттың мөлшері төлеу мерзімінің басталған күні лизинг шартына (келісімшартына) сәйкес тауарларды (лизинг нысаналарын) лизинг алушыға беру күніне дейін белгіленген лизинг шарты (келісімшарты) бойынша сыйақы есепке алынбаған барлық лизингтік төлемдер сомасы ретінде айқындалады. Осы Кодекстің 511-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес келетін лизинг шартында (келісімшартында) көзделген лизингтік төлемдерді лизинг алушы мерзімінен бұрын өтеген жағдайда, салық салынатын импортты жасаудың соңғы күніндегі оның мөлшері лизинг шарты (келісімшарты) бойынша сыйақы есепке алынбаған барлық лизингтік төлемдер мен сыйақы есепке алынбаған өтелген төлемдер сомасы арасындағы айырма ретінде айқындалады. Осы Кодекстің 511-бабының 2-тармағында белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда, сондай-ақ мүлікті (лизинг нысанасын) берген кезден бастап үш жыл өткеннен кейін лизинг шарты бұзылған жағдайда, салық салынатын импорттың мөлшері ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген, салық салу мақсатында баға айқындау қағидаты ескеріле отырып, олар бойынша бұрын жанама салықтар төленген лизинг шарты (келісімшарты) бойынша лизингтік төлемдердің (сыйақы есепке алынбаған) сомасына азайтылған тауарлардың (лизинг нысаналарының) құны негізінде айқындалады. Бұл ретте лизинг шартында (келісімшартында) көзделген сыйақы көрсетілген жағдайлар басталғанға дейін салық салынатын импорт мөлшеріне қосылады.
7. Салық органдары тауарларды ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импорттау кезінде қосылған құн салығы бойынша салықтық міндеттемелердің орындалуын бақылауды жүзеге асыру кезінде уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және (немесе) Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, салық салынатын импорттың мөлшерін түзетуге құқылы. Бұл ретте салық төлеуші уәкілетті орган айқындаған жоғарыда көрсетілген тәртіпті және (немесе) Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, салық салынатын импорттың мөлшерін өзі дербес түзетеді.
8. Импортталған тауарлар есепке қабылданған ай өткеннен кейін шартқа (келісімшартқа) қатысушылар осындай тауарлардың бағасын ұлғайту жағына өзгерткен жағдайда, салық салынатын импорттың мөлшері тиісті түрде түзетіледі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-518/