Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
545-бап. Акцизделетiн тауарларды экспорттауды растау
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 471. Подтверждение экспорта подакцизных товаров
· толық сәйкестік кестесі
1. Акцизделетін тауарларды экспорттауды растайтын құжаттар Мыналар болып табылады:
1) экспортталатын акцизделетiн тауарларды беруге арналған шарт (келісімшарт);
2) акцизделетiн тауарларды экспорттың кедендік рәсімінде шығаруды жүзеге асырған кеден органының белгісі бар тауарларға арналған декларация немесе кеден органы куәландырған оның көшірмесі.
Акцизделетiн тауарлар экспорттың кедендік рәсімінде магистральдық құбыржолдар жүйесімен не толық емес мерзімдік декларациялау рәсімі қолданыла отырып әкетілген жағдайда, кедендік декларациялауды жүргізген кеден органының белгісі бар тауарларға толық декларация экспортты растау болады;
3) ЕАЭО-ның кедендік шекарасындағы өткізу пунктінде орналасқан кеден органының белгісі бар тауарға ілеспе құжаттардың көшірмелері.
Акцизделетiн тауарлар экспорттың кедендік рәсімінде магистральдық құбыржолдар жүйесімен әкетілген жағдайда тауардың ілеспе құжаттары көшірмелерінің орнына тауарларды қабылдау-тапсыру актісі ұсынылады;
4) салық төлеушінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ашылған Қазақстан Республикасындағы банктік шоттарына акцизделетiн тауарларды өткізуден түсетін түсімнің іс жүзінде түскенін растайтын төлем құжаттары мен банктің үзінді көшірмесі.
2. Акцизделетiн тауарлар Қазақстан Республикасы акцизделетiн тауарларды экспорттауды акцизден босатуды көздейтін халықаралық шарттар жасасқан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге (ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді қоспағанда) экспортталған кезде Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан экспорттың кедендік рәсімінде әкетілген, акцизделетiн тауарлар импортталатын елде ресімделген тауарларға арналған декларация акцизделетiн тауарларды экспорттауды растайтын қосымша құжат болып табылады.
3. Акцизделетін тауарларды ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің аумағына экспорттау кезінде осы Кодекстің 538-бабының 3-тармағына сәйкес акциз төлеуден босатудың негізділігін растау үшін салық төлеуші тұрған жеріндегі салық органына акциз бойынша декларациямен бір мезгілде осы Кодекстің 521-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген құжаттарды қоспағанда, осы Кодекстің 521-бабында көзделген құжаттарды ұсынады.
Бұл ретте салық төлеуші акциз бойынша декларацияны қоспағанда, көрсетілген құжаттарды салық органына операция жасалған күннен бастап күнтізбелік бір жүз сексен күн ішінде ұсынуға құқылы.
4. Салық органдарының ақпараттық жүйелерінде кеден органдарының тауарларды іс жүзінде әкету туралы хабарламасы бар электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларация да акцизделетін тауарларды экспорттауды растайтын құжат болып табылады. Осы тармақта көзделген электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларация болған кезде осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген құжаттарды ұсыну талап етілмейді.
5. Акцизделетiн тауарларды экспортқа өткізу осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарына сәйкес расталмаған жағдайда, акцизделетін тауарларды өткізудің расталмауына байланысты өсімпұл есепке жазыла отырып, мұндай өткізуге Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетiн тауарларды өткізу үшін осы бөлімде айқындалған тәртіппен акциз салынуға жатады.
Толысылған шарапты (шарап материалын), сыра мен сыра сусынын қоспағанда, алкоголь өнімі есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалануға жатады.
6. Акцизделетін тауарларды экспортқа өткізу осы баптың 3-тармағында белгіленген мерзімдер өткен соң расталған жағдайда, осы баптың 5-тармағына сәйкес төленген акциздердің сомалары осы Кодекстің 120 және 122-баптарына сәйкес есепке жатқызылуға және қайтарылуға жатады.
Бұл ретте акцизделетін тауарларды ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің аумағына экспортқа өткізу расталмауына байланысты есепке жазылған өсімпұлдың төленген сомасы қайтарылуға жатпайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-545/