НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

566-бап. Салықты есептеу тәртiбi

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Салық төлеушi осы Кодекстің 565-бабына сәйкес салық салу объектiсіне салық мөлшерлемелерін қолдану арқылы салықтық кезең үшiн салық сомасын дербес есептейдi.
2. Осы Кодекстің 357-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген ауыл шаруашылығы өнімін, аквашаруашылық (балық шаруашылығы) өнімін өндіруші заңды тұлғалар, ауыл шаруашылығы кооперативтері осы Кодекстің 563-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген көлік құралдарын қоспағанда, көлік құралдарына салық есептеуді салық сомасын 70 пайызға төмендету құқығымен жүргізеді.
3. Көлік құралы салықтық кезеңнен аз уақыт меншік құқығында, шаруашылық жүргізу құқығында немесе жедел басқару құқығында болған жағдайда, салық сомасы көлiк құралы осындай құқықта іс жүзінде болған кезең үшiн жылдық салық сомасын он екіге бөлу және көлiк құралы осындай құқықта іс жүзінде болған айлардың санына көбейту арқылы есептеледi.
4. Салықтық кезең ішінде меншік құқығын, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығын басқаға берген кезде салық салу объектілеріне салық сомасы мынадай тәртіппен есептеледі:
1) беруші тарап үшiн: салықтық кезеңнiң басында болған көлiк құралдары бойынша салық сомасы салықтық кезеңнiң басынан бастап көлiк құралына меншiк құқығы, шаруашылық жүргiзу құқығы немесе жедел басқару құқығы берілген айдың 1-iне дейiнгi кезең үшiн есептеледi; салықтық кезеңнiң iшiнде беруші тарап сатып алған көлiк құралдары бойынша салық сомасы көлiк құралына меншiк құқығы, шаруашылық жүргiзу құқығы немесе жедел басқару құқығы алынған айдың 1-iнен бастап осындай құқық басқаға берілген айдың 1-iне дейiнгi кезең үшiн есептеледi;
2) алушы тарап үшiн – салық сомасы көлiк құралына меншiк құқығы, шаруашылық жүргiзу құқығы немесе жедел басқару құқығы алынған айдың 1-iнен бастап салықтық кезеңнiң соңына дейiн немесе алушы тарап кейiннен осындай құқықты басқаға берген айдың 1-iне дейiнгi кезең үшін есептеледi.
5. Жеке тұлғалар сатып алу кезінде Қазақстан Республикасында есепте тұрмаған көлiк құралын сатып алған кезде салық сомасын көлiк құралына меншiк құқығы туындаған айдың 1-iнен бастап салықтық кезеңнiң соңына дейiнгi немесе меншік құқығы тоқтатылған айдың 1-іне дейінгі кезең үшiн есептейді.
6. Ішкі істер органдары салық органдарына ұсынатын көлік құралын айдап әкету және (немесе) ұрлау туралы арыздың Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелу фактісін (күнін) растайтын мәліметтер иелерінен айдап әкетілген және (немесе) ұрланған деп саналған көлік құралын іздестіру кезеңінде салық төлеуден босату үшін негіз болып табылады. Бұл ретте мұндай салықты есептеу (есепке жазу) көлік құралын айдап әкету және (немесе) ұрлау туралы арыз Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген күннен бастап тоқтатылады. Салықты есептеу (есепке жазу) ішкі істер органдары салық органдарына ұсынған мәліметтер негізінде көлік құралын айдап әкету және (немесе) ұрлау және оны қайтару туралы қылмыстық іс тоқтатылған күннен бастап қайта басталады.
7. Заңды тұлғалар салықтық кезеңнің соңында меншік құқығында, шаруашылық жүргізу құқығында немесе жедел басқару құқығында болған көлік құралдары бойынша, сондай-ақ салықтық кезеңнің басынан бастап салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына дейінгі кезеңде мұндай құқықтар туындаған және (немесе) тоқтатылған көлік құралдары бойынша салық сомасын:
1) егер көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы салықтық кезеңнің басынан бастап салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына дейінгі кезеңде туындаса және салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына дейін тоқтатылмаса – осындай құқық туындаған айдың 1-інен бастап салықтық кезеңнің соңына дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы мөлшерінде;
2) егер салықтық кезеңнің басынан бастап салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына дейінгі кезеңде көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы: тоқтатылған жағдайда – салықтық кезеңнің басынан бастап осындай құқық тоқтатылған айдың 1-іне дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы мөлшерінде; туындаған және тоқтатылған жағдайда – көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы туындаған айдың 1-інен бастап осындай құқық тоқтатылған айдың 1-іне дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы мөлшерінде;
3) қалған жағдайларда – жылдық салық сомасы мөлшерінде есептейді. Бұл ретте салықтық кезеңнің 1 қаңтарынан бастап салықтық кезеңнің соңына дейінгі кезеңде көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы тоқтатылған жағдайда, декларацияда салықтық кезеңнің басынан бастап осындай құқық тоқтатылған айдың 1-іне дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы көрсетіледі.
8. Есепті салықтық кезең үшін жеке тұлғалардың көлік құралдары салығы бойынша есеп-қисаптар сальдосын айқындау мақсатында салық органдары көлік құралдарын есепке алуды және тіркеуді жүзеге асыратын уәкілетті органдар автоматтандырылған режимде ұсынатын мәліметтердің негізінде есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 мамырынан кешіктірмейтін мерзімде салық есептеуді жүргізеді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-566/