Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
582-бап. Базалық салықтық мөлшерлемелерді түзету
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 510. Корректировка базовых налоговых ставок
· толық сәйкестік кестесі
1. Жергілiктi өкiлдi органдардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жүргiзiлетiн жердi аймаққа бөлу жобалары (схемалары) негiзiнде жер салығының мөлшерлемелерін осы Кодекстiң 577 және 578-баптарында белгiленген жер салығының базалық мөлшерлемелерінің 50 пайызынан асырмай азайтуға немесе арттыруға құқығы бар.
Бұл ретте жер салығының мөлшерлемелерін жекелеген салық төлеушілер үшін жеке-дара азайтуға немесе арттыруға тыйым салынады.
Жер салығының мөлшерлемелерін азайту немесе арттыру туралы мұндай шешімді жергілікті өкілді орган ол енгізілетін жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей қабылдайды және ол қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Жергілікті өкілді органның жер салығының мөлшерлемелерін азайту немесе арттыру туралы шешімі ресми жариялануға тиіс.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері осы Кодекстің 581-бабында көрсетілген жер учаскелеріне қолданылмайды.
2. Жер салығын есептеген кезде мына төлеушiлер тиiстi мөлшерлемелерге 0 коэффициентiн қолданады:
1) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес мүгедектігі бар адамдардың мамандандырылған ұйымдары;
2) арнайы экономикалық аймақтар аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымдар – арнайы экономикалық аймақтың аумағында орналасқан және осы Кодекстің 80-тарауында белгіленген ережелерді ескере отырып, қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын жер учаскелері бойынша;
3) инвестициялық басым жобаны іске асыратын ұйымдар – осы Кодекстің 837-бабында белгіленген ережелерді ескере отырып, инвестициялық басым жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын жер учаскелері бойынша;
4) инвестициялар туралы келісім жасасқан және осы Кодекстің 81-тарауының ережелерін қолданатын тұлғалар – инвестициялық жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын жер учаскелері бойынша;
5) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компаниялары – арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын (пайдалануға жоспарланатын) салық салу объектілері (салық алу объектілері) бойынша.
3. Мына төлеушiлер салықты есептеген кезде тиiстi мөлшерлемелерге 0,1 коэффициентiн қолданады:
1) балаларды сауықтыру мекемелері – осындай балаларды сауықтыру мекемелерінің балаларды сауықтыру жөніндегі өздерінің қызметінде пайдаланатын жер учаскелері бойынша;
2) негiзгi қызмет түрi ормандарды өртке қарсы жайластыру, өртке, орман зиянкестерi мен ауруларына қарсы күрес, табиғи биологиялық ресурстардың өсімін молайту және ормандардың экологиялық әлеуетiн арттыру жөнiндегi жұмыстарды орындау болып табылатын мемлекеттiк кәсiпорындар – өздері осы қызметте пайдаланатын жер учаскелері бойынша;
3) балықты ұдайы молайту мақсатындағы мемлекеттiк кәсiпорындар – өздері балықты ұдайы молайту жөніндегі қызметте пайдаланатын жер учаскелері бойынша;
4) психоневрологиялық және туберкулез мекемелерi жанындағы емдеу-өндiрiстiк кәсiпорындары;
5) технологиялық парктер – «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негізгі қызмет түрін жүзеге асыру үшін пайдаланылатын жер учаскелері бойынша.
Осы тармақшаның ережелерін бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін технологиялық парктер қолдануға құқылы:
мұндай технологиялық парктер Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес құрылған;
осындай технологиялық парктердің дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) 50 және одан көп пайызы технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институтына тиесілі;
6) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес акционерлік қоғам, мекеме, тұтыну кооперативі, діни бірлестік нысанында тіркелгендерді қоспағанда, коммерциялық емес ұйымдар;
7) осы тармақтың 6) тармақшасында көрсетілген коммерциялық емес ұйымдардан басқа, әлеуметтік салада қызметті жүзеге асыратын ұйымдар – осы Кодекстің 15-бабының 2-тармағында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын жер учаскелері бойынша.
4. Осы баптың 2-тармағы 1) тармақшасының және 3-тармағы 4) тармақшасының ережелері жер учаскесін және (немесе) оның бір бөлігін мүліктік жалдау (жалға беру) шарты бойынша берілгеннен, өзге де негіздерде пайдалануға берілгеннен түскен кіріс мемлекеттік бюджеттің есебіне жатқызылатын жағдайды қоспағанда, жер учаскесін және (немесе) оның бір бөлігін (ондағы ғимараттармен, құрылыстармен, құрылысжайлармен бірге не оларсыз) мүліктік жалдау (жалға беру) шарты бойынша берілген, өзге де негіздерде пайдалануға берген немесе оларды коммерциялық мақсаттарда пайдаланған жағдайларда қолданылмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелерін қолданған кезде:
салық төлеушілер салық салу объектілерін бөлек-бөлек есепке алуды жүргізуге міндетті;
жер учаскесінің бөлігі бойынша жер салығының мөлшері осындай учаске бөлігі алаңының бүкіл жер учаскесінің жалпы алаңына үлестік салмағы бойынша айқындалады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-582/