Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
581-бап. Автотұрақтарға (паркингтерге), автожанармай құю станцияларына бөлінген, казино алып жатқан, сондай-ақ тиісті мақсаттарда пайдаланылмайтын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасы бұзыла отырып пайдаланылатын жер учаскелеріне арналған салықтық мөлшерлемелер
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Елді мекендердің автожанармай құю станцияларына бөлінген жеріне осы Кодекстің 577-бабы кестесінің 3-бағанында белгіленген елді мекендер жеріне арналған, он есе ұлғайтылған базалық мөлшерлемелер бойынша салық салынуға жатады.
Автожанармай құю станцияларына бөлінген басқа санаттардағы жер жақын орналасқан елді мекеннің жері үшін осы Кодекстің 577-бабы кестесінің 3-бағанында белгіленген елді мекендер жеріне арналған, он есе ұлғайтылған базалық мөлшерлемелер бойынша салық салынуға жатады. Бұл ретте салықты есептеу кезінде жеріне базалық мөлшерлемелер қолданылатын жақын орналасқан елді мекенді жергілікті өкілді орган айқындайды.
Жергілікті өкілді органның шешімі бойынша салықтық мөлшерлемелер төмендетілуі мүмкін, бірақ ол осы Кодекстің 577-бабында белгіленгеннен кем болмайды.
2. Елдi мекендердiң казино алып жатқан жерiне осы Кодекстiң 577-бабында белгiленген елдi мекендер жерiне арналған, он есе ұлғайтылған базалық мөлшерлемелер бойынша салық салынуға жатады.
Казино алып жатқан басқа да санаттардағы жерге, тұрғын үй қоры, оның iшiнде оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар алып жатқан жердi қоспағанда, жақын орналасқан елдi мекеннің жерi үшiн осы Кодекстiң 577-бабында белгiленген елдi мекендердiң жерiне арналған, он есе ұлғайтылған базалық мөлшерлемелер бойынша салық салынуға жатады.
Елдi мекеннiң жерiне салықты есептеу кезiнде қолданылатын базалық мөлшерлемелерді жергiлiктi өкiлдi орган белгiлейдi.
Жергiлiктi өкiлдi органның шешiмi бойынша салықтық мөлшерлемелер төмендетiлуi мүмкiн, бiрақ ол осы Кодекстiң 577-бабында белгiленгеннен кем болмайды.
3. Елді мекендердің автотұрақтарға (паркингтерге) бөлінген жеріне осы Кодекстің 577-бабы кестесінің 3-бағанында белгіленген елді мекендердің жеріне арналған базалық мөлшерлемелер бойынша салық салынуға жатады.
Автотұрақтарға (паркингтерге) бөлінген басқа санаттардағы жерге жақын орналасқан елді мекеннің жері үшін осы Кодекстің 577-бабы кестесінің 3-бағанында белгіленген елді мекендердің жеріне арналған базалық мөлшерлемелер бойынша салық салынуға жатады. Бұл ретте салықты есептеу кезінде жеріне базалық мөлшерлемелер қолданылатын жақын орналасқан елді мекенді жергілікті өкілді орган айқындайды.
Автотұрақтар (паркингтер) алып жатқан жерге арналған базалық салықтық мөлшерлемелер жергілікті өкілді органның шешімі бойынша ұлғайтылуы мүмкін, бірақ ол он еседен артық болмайды. Осы тармақта көзделген, жергілікті өкілді орган белгілейтін мөлшерлемелерді ұлғайту автотұрақтар (паркингтер) санаттарына қарай жүргізіледі.
Бұл ретте жекелеген салық төлеушілер үшін жер салығының мөлшерлемелерін жеке-дара азайтуға немесе арттыруға тыйым салынады.
4. Объектілер салуға арналған және тиісті мақсаттарда пайдаланылмайтын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасы бұзыла отырып пайдаланылатын жер учаскелері бойынша осы Кодекстiң 577-бабы кестесінің 27 – 30-жолдарында көрсетілген мөлшерлемелерден басқа, осы Кодекстiң 577, 578 және 579-баптарында және осы бапта белгіленген базалық салықтық мөлшерлемелер жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орталық уәкілетті орган ведомствосының астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық бөлімшесі меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға жер учаскесін мақсаты бойынша пайдалану және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықты жою қажеттігі туралы нұсқаманы табыс еткен күннен бастап он есеге ұлғайтылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің және осы баптың 5-тармағының мақсаттары үшін тиісті мақсаттарда пайдаланылмайтын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасы бұзыла отырып пайдаланылатын жер учаскелерін анықтау тәртібін жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайды.
Осы тармақтың ережелері екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционері болып табылатын ұйымға және оның еншілес компанияларына қолданылмайды.
5. Мақсаты бойынша пайдаланылмайтын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасы бұзыла отырып пайдаланылатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша осы Кодекстің 576-бабында белгіленген базалық салықтық мөлшерлемелер меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орталық уәкілетті орган ведомствосының астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық бөлімшесі Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы табыс еткен күннен бастап қырық есеге ұлғайтылады.
Осы тармақтың ережелері екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционері болып табылатын ұйымға және оның еншілес компанияларына қолданылмайды.
6. Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орталық уәкілетті орган ведомствосының астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық бөлімшесі салық органдарына осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетілген жер учаскелері бойынша мәліметтерді ұсынады.
7. Мәліметтерін жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орталық уәкілетті орган ведомствосының астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық бөлімшесі ұсынатын осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетілген жер учаскелері бойынша жер салығын салық органдары салық төлеушіге салық органы есептеген салықтардың және (немесе) төлемдердің сомасы туралы хабарлама жібере отырып, жер салығының белгіленген мөлшерлемелерін және жер учаскесінің алаңын негізге ала отырып есептейді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-581/