Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
590-бап. Салық салу объектісі
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есепке алуды жүргізуді және қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмайтын дара кәсiпкерлерді қоспағанда, дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар үшiн Қазақстан Республикасының аумағындағы:
1) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі қаражат, жылжымайтын мүлікке инвестициялар құрамында есепке алынатын, техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган белгілеген сыныптамаға сәйкес осындайларға жататын ғимараттар, құрылысжайлар, осындай ғимараттардың бөліктері;
2) халықаралық қаржылық есептіліктің стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес ұзақ мерзімді дебиторлық берешек ретінде есепке алынатын тұрғынжайды сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша жеке тұлғаларға берілген, техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган белгілеген сыныптамаға сәйкес осындайларға жататын ғимараттар, осындай ғимараттардың бөліктері;
3) иелену, пайдалану құқықтары концессия шарты бойынша берілген, концессия объектiлерi болып табылатын ғимараттар, құрылысжайлар;
4) осы Кодекстiң 316-бабында көрсетілген активтер;
5) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген ғимараттарды (ғимараттардың бөліктерін) және құрылысжайларды қоспағанда, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес екiншi деңгейдегі банктер активтерiнiң құрамында есепке алынатын, кепiл, өзге де қамтамасыз ету ретiндегі мүлiкке өндiрiп алу нәтижесiнде меншiкке өткен, техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган белгiлеген сыныптамаға сәйкес осындайларға жататын ғимараттар, құрылысжайлар, осындай ғимараттардың бөліктері;
6) осы Кодекстің 589-бабының 6-тармағында көрсетілген ғимараттар, құрылысжайлар;
7) техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган белгілеген сыныптауышқа сәйкес осындайларға жататын ғимараттар мен құрылысжайлар, осындай ғимараттар мен құрылысжайлардың қаржылық жалға берілген және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес дебиторлық берешек ретінде ескерілетін бөліктері салық салу объектісі болып табылады.
2. «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізуді және қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмайтын дара кәсiпкерлер үшiн техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган белгілеген сыныптамаға сәйкес осындайларға жататын және осы Кодекстің 218-бабының 9) тармақшасына сәйкес негізгі құралдар болып табылатын Қазақстан Республикасының аумағындағы ғимараттар, құрылысжайлар салық салу объектiсi деп танылады.
3. Мыналар салық салу объектілері болып табылмайды:
1) осы Кодекстiң 573 және 574-баптарына сәйкес жер салығын салу объектiсi ретіндегі жер;
2) Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмi бойынша консервацияда тұрған ғимараттар, құрылысжайлар;
3) ортақ пайдаланылатын мемлекеттiк автомобиль жолдары мен олардағы жол құрылысжайлары:
бұрылу белдеуi;
жолдардың конструкциялық элементтерi;
жолдардың жай-күйі және абаттандырылуы;
көпiрлер;
өткерме жолдар;
виадуктар;
жол тарамдары;
тоннельдер;
қорғаныш галереялары;
жол қозғалысы қауiпсiздiгiн арттыруға арналған құрылыстар мен құрылғылар;
су бұрғыш және су өткiзгiш құрылысжайлар;
жол бойындағы орман алаптары;
желiлiк тұрғын үйлер және жол пайдалану қызметiнiң кешендерi;
4) 589-баптың 6-тармағында және осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген объектілерді қоспағанда, аяқталмаған құрылыс объектiлерi;
5) метрополитеннің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін көліктік кешеннің ажырамас бөлігі болып табылатын ғимараттар, құрылысжайлар;
6) мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару талаптарына сәйкес жасалған шарттар бойынша мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясы сатып алған ғимараттар, құрылысжайлар;
7) салықтық база осы Кодекстің 600-бабына сәйкес айқындалатын және салық есептеуді салық органдары осы Кодекстің 603 және 604-баптарына сәйкес жүргізетін жеке тұлғалардың кәсiпкерлiк қызметте пайдаланылатын тұрғынжайлары мен басқа да объектiлері;
8) концессия объектiлерінің құны тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 50 000 000 еселенген мөлшерінен асып кеткен жағдайда, оларды иелену, пайдалану құқықтары қолжетімділік үшін төлемақы қолданыла отырып, концессия шарты бойынша тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ерекше маңызды концессиялық жобалар бойынша берілген концессия объектiлерi болып табылатын ғимараттар, құрылысжайлар;
9) радиоактивті қалдықтарды орналастыру және ядролық физикалық қорғауды қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын, ядролық қауіпсіздік аймағы жерінің аумағында орналасқан ғимараттар, құрылысжайлар.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-590/