НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

591-бап. Салықтық база

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, бухгалтерлiк есептiң деректерi бойынша айқындалатын салық салу объектілерінiң жылдық орташа баланстық құны жүргізілген мүлікті қайта бағалауды ескере отырып, осы Кодекстің 590-бабы 1-тармағының 1), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың салық салу объектiлерi бойынша салықтық база болып табылады. Бұл ретте мүлікті мұндай бағалау әр үш жылда бір реттен сиретпей жүргізілуге тиіс.
2. Осы Кодекстің 590-бабы 1-тармағының 2) және 7) тармақшаларында көрсетілген дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың салық салу объектiлерi бойынша салықтық база халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын дебиторлық берешектің, оның ішінде ұзақ мерзімді дебиторлық берешектің жылдық орташа сомасы мөлшерінде белгіленеді.
3. Салық салу объектiлерiнiң жылдық орташа баланстық құны салық салу объектiлерiнiң ағымдағы салықтық кезеңнің әрбір айының 1-i мен есептi кезеңнен кейiнгi салықтық кезең айының 1-iндегi баланстық құндарын қосу кезiнде алынған соманың он үштен бiрi ретiнде айқындалады. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт талаптарында салық салу объектілерін бөлшектеу және жою жөніндегі міндеттемелерді орындау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Экология кодексінің ережелерінде қалдықтарды көму полигондарын жою қорына байланысты іс-шараларды орындау көзделген болса, онда осындай міндеттемелердің халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалған бағалауы жеке есеп жүргізу кезінде салық салу объектiлерiнiң баланстық құнына кірмейдi. Егер «Магистральдық құбыр туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелерінде магистральдық құбырды жою жөніндегі міндеттемелерді орындау көзделсе, онда осындай міндеттемелердің халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалған бағалауы осындай міндеттемелер құнының жеке есебін жүргізу кезінде салық салу объектiлерiнiң баланстық құнына кірмейдi. Егер энергия беруші ұйым Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес иесіз деп танылған немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтеусіз негізде алынған электр желілерін өз балансына қабылдаса, мұндай желілердің құны «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-1-бабының 8-тармағына сәйкес тарифтік сметада мұндай желілер бойынша мүлік салығының сомалары есепке алынғанға дейін салықтық базаға кірмейді.
4. Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес белгіленетін дебиторлық берешектің, оның ішінде ұзақ мерзімді дебиторлық берешектің жылдық орташа сомасы ағымдағы салықтық кезеңнің әрбір айының 1-іне және есептіден кейінгі салықтық кезең айының 1-іне дебиторлық берешектің, оның ішінде ұзақ мерзімді дебиторлық берешектің сомаларын қосқан кезде алынған соманың он үштен бір сомасы ретінде айқындалады.
5. Осы Кодекстiң 588-бабы 3-тармағының 3) және 4) тармақшаларында аталған заңды тұлғалардың салық салу объектiлерi бойынша салықтық база пайдалануға, сенімгерлік басқаруға немесе жалға берiлген осы салық салу объектiлерiнің үлесi негізге алына отырып айқындалады.
6. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізуді және қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмайтын дара кәсiпкерлердің салық салу объектілері бойынша мыналар: салық салу объектісі ретінде танығаннан кейін алғашқы үш жылда – оларды сатып алуға, өндіруге, салуға, монтаждауға, орнатуға, сондай-ақ реконструкциялауға және жаңғыртуға жұмсалған шығындардың жиынтығы салықтық база болып табылады. Бұл ретте реконструкциялауды, жаңғыртуды тану осы Кодекстің 278-бабының 2-тармағына сәйкес жүзеге асырылады; кейінгі кезеңдерде нарықтық құны салықтық база болып табылады. Бұл ретте мұндай бағалау 1 қаңтардағы жағдай бойынша әр үш жыл сайын бір реттен сиретпей жүргізілуге тиіс. Сатып алуға, өндіруге, салуға, монтаждауға, орнатуға, реконструкциялауға, жаңғыртуға жұмсалған шығындарды растайтын және бағасы (құны) белгісіз мәмілелер бойынша не өтеусіз, оның ішінде сыйға тарту, мұраға қалдыру, қайырмалдық, қайырымдылық көмек түрінде алынған салық салу объектілері бойынша бастапқы құжаттар болмаған кезде:
1) осы активке меншік құқығы туындаған күнге салық салу объектісінің;
2) осындай объектілер бойынша төлеушілер деп тану күніне осы Кодекстің 589-бабының 6-тармағында аталған төлеушілердің салық салу объектісінің нарықтық құны салық салу объектісі ретінде танығаннан кейін алғашқы үш жылда салықтық база болып табылады. Бұл ретте нарықтық құн Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалады.
7. Осы Кодекстің 67-бабының ережелеріне сәйкес мүлік салығы бойынша салықтық міндеттемелерді сенімгер басқарушы орындайтын жағдайда, осы баптың 3-тармағында айқындалған тәртіппен:
1) егер осындай мүлік оның балансына берілсе, сенімгер басқарушы дербес;
2) балансында осындай мүлік бар мемлекеттік мекеме белгілеген осындай салық салу объектілерінің орташа жылдық баланстық құны салықтық база болып табылады. Бұл ретте осындай мүліктің салықтық база бойынша деректері сенімгер басқарушыға жыл сайын, 1 ақпаннан кешіктірілмейтін мерзімде берілуге тиіс. Мүлік салығы бойынша салықтық есептілікті жасау кезінде осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген мүліктің жылдық орташа баланстық құны бойынша деректер болмаған жағдайда, оның осы Кодекстің 67-бабының 4-тармағына сәйкес қабылдау-беру актісінде көрсетілген баланстық құны осындай мүлік бойынша салықтық база болып табылады.
8. Осы Кодекстің 588-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы күрделі жобалар (құрлықтағы газ жобаларын қоспағанда) бойынша көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша келісімшарттық қызмет шеңберінде мүлік салығын төлеуші болып табылмаған жағдайда, мұндай жер қойнауын пайдаланушы үшін салықтық база күрделі жобалар бойынша (құрлықтағы газ жобаларын қоспағанда) көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған тиісті келісімшартқа тиесілі мүліктің орташа жылдық баланстық құнының үлесін шегергенде айқындалады. Бұл ретте мұндай үлесті айқындауды жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 757-бабының 12-тармағында көзделген, жер қойнауын пайдаланушы салықтық есепке алу саясатында қабылдаған бөлек салықтық есепке алуды жүргізудің бір немесе бірнеше әдісінің негізінде дербес жүргізеді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-591/