Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
593-бап. Салықты есептеу мен төлеу тәртібі
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 514. Порядок исчисления и сроки уплаты налога
· толық сәйкестік кестесі
Бұрынғы кодексте:
Статья 522. Порядок исчисления и уплаты налога
· толық сәйкестік кестесі
Бұрынғы кодексте:
Статья 532. Порядок исчисления и уплаты налога
· толық сәйкестік кестесі
1. Салық төлеушiлер салықты есептеудi салықтық базаға тиiстi салық мөлшерлемесін қолдану арқылы дербес жүргiзедi.
Осы Кодекстің 357-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ауыл шаруашылығы өнімін, аквашаруашылық (балық өсіру) өнімін өндіруші заңды тұлғалар салық сомасын 70 пайызға азайту құқығымен мүлік салығын есептеуді жүргізеді.
2. Осы Кодекстің 592-бабының 6-тармағында айқындалған тұлғалар салық сомасын:
салық салу объектілері жеке тұлғаларға сатып алу құқығынсыз тұрғынжайды ұзақ мерзімді жалға беру шарты бойынша жалға берілген жағдайда – осы Кодекстің 591-бабының 1-тармағына;
салық салу объектілері жеке тұлғаларға сатып алу құқығымен тұрғынжайды ұзақ мерзімді жалға беру шарты бойынша жалға берілген жағдайда – осы Кодекстің 591-бабының 2-тармағына сәйкес әрбір объект бойынша жеке-жеке айқындалатын салықтық базаға осы Кодекстің 602-бабында белгіленген мөлшерлемелерді қолдану арқылы есептейді.
3. Ортақ үлестiк меншiктегi салық салу объектiлерi бойынша мүлiк салығы әрбiр салық төлеушi үшін оның мүлiк құнындағы үлесiне пропорционалды түрде есептеледi.
4. Салықты төлеу бюджетке салық салу объектiлерiнiң тұрған жерi бойынша жүргізіледі.
5. Мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдердің мөлшерін осы Кодекстің 596-бабының 1-тармағына сәйкес осындай ағымдағы төлемдерді төлеушілер болып табылатын салық төлеушілер салықтық кезеңнің басында бухгалтерлік есеп деректері бойынша айқындалған салық салу объектілерінің баланстық құнына тиісті салықтық мөлшерлемелерді қолдану арқылы айқындайды.
6. Осы Кодекстің 596-бабының 1-тармағына сәйкес мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді төлеуші болып табылатын салық төлеушілер осындай ағымдағы төлемдердің сомаларын салықтық кезеңнің 25 ақпанынан, 25 мамырынан, 25 тамызынан және 25 қарашасынан кешіктірмей, тең үлестермен төлейді.
7. Ағымдағы төлемдерді төлеушілер салықтық кезең ішінде салық салу объектілері келіп түскен және (немесе) шығып қалған жағдайда, мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдердің мөлшерін түзетуді жүргізеді.
Салықтық кезең ішінде салық салу объектілері келіп түскен жағдайда, мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді төлеушіде осындай ағымдағы төлемдердің сомалары бухгалтерлік есеп деректері бойынша келіп түсетін күнге айқындалған келіп түскен салық салу объектілерінің бастапқы құнының 1/13-іне салық салу объектілері келіп түскен айдан бастап салықтық кезеңнің соңына дейінгі ағымдағы салықтық кезең айларының санына көбейтілген салықтық мөлшерлемені қолдану арқылы айқындалатын сомаға ұлғайтылады.
Мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді төлеушіде салықтық кезең ішінде салық салу объектілері шығып қалған жағдайда осындай ағымдағы төлемдердің сомалары шығып қалған салық салу объектілері құнының 1/13-іне салық салу объектілері шығып қалған айдан бастап салықтық кезеңнің соңына дейінгі ағымдағы салықтық кезең айларының санына көбейтілген салықтық мөлшерлемені қолдану арқылы айқындалатын сомаға азайтылады.
Бұл ретте мыналар:
ағымдағы салықтық кезеңде келіп түскен салық салу объектілері бойынша – бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша келіп түсетін күнге бастапқы құн;
қалған салық салу объектілері бойынша – бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша салықтық кезеңнің басындағы баланстық құн шығып қалған салық салу объектілерінің құны болып табылады.
8. Салық төлеушілер мүлік салығын салықтық кезең үшін декларацияны ұсыну мерзімі басталғаннан кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей төлейді.
9. Осы Кодекстің 589-бабы 6-тармағы 2) тармақшасының негізінде салық төлеуші болып табылатын тұлға үшін салық сомасы тiркелмеген салық салу объектiсіне құқықтар берілген жағдайда:
1) беруші тарап үшiн – осындай салық салу объектісін іс жүзінде иеленген және (немесе) пайдаланған (іске қосқан) айдың 1-інен бастап осындай объект қабылдау-беру актісінің немесе өзге де құжаттың негізінде берілген айдың 1-іне дейінгі кезең үшін;
2) қабылдаушы тарап үшiн – осындай объект қабылдау-беру актісінің немесе өзге де құжаттың негізінде берiлген айдың 1-інен басталған кезең үшін есептеледі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-593/