Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
592-бап. Салықтық мөлшерлемелер
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 521. Налоговые ставки
· толық сәйкестік кестесі
Бұрынғы кодексте:
Статья 531. Налоговые ставки
· толық сәйкестік кестесі
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, заңды тұлғалар мүлiк салығын салықтық базаға 1,5 пайыз мөлшерлеме бойынша есептейдi.
2. Мүлік салығын салықтық базаға 0,5 пайыз мөлшерлеме бойынша мына төлеушілер есептейді:
1) дара кәсіпкерлер;
2) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғалар;
3) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері.
3. Төменде аталған заңды тұлғалар мүлiк салығын салықтық базаға 0,1 пайыз мөлшерлеме бойынша есептейдi:
1) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес акционерлік қоғам, мекеме, тұтыну кооперативі, діни бірлестік нысанында тіркелгендерді қоспағанда, коммерциялық емес ұйымдар;
2) әлеуметтік салада қызметті жүзеге асыратын ұйымдар;
3) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес мүгедектігі бар адамдардың мамандандырылған ұйымдары;
4) негiзгi қызмет түрi кiтапханалық қызмет көрсету саласындағы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын ұйымдар;
5) мемлекеттiк меншіктегі және бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылатын су қоймаларының, су тораптарының объектiлерi бойынша заңды тұлғалар;
6) ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушi заңды тұлғалардың және шаруа немесе фермер қожалықтарының жерін суару үшiн пайдаланылатын гидромелиоративтік құрылыс объектiлерi бойынша заңды тұлғалар;
7) ауызсумен жабдықтау объектілері бойынша заңды тұлғалар;
8) Астана және Алматы қалаларының әуеайлақтарындағы ұшу-қону жолақтарын және әуежайларының терминалдарын қоспағанда, әуеайлақтардағы ұшу-қону жолақтары және әуежайлардың терминалдары бойынша заңды тұлғалар;
9) «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негізгі қызмет түрін өздері жүзеге асырған кезде пайдаланатын объектілер бойынша технологиялық парктер.
Осы тармақшаның ережелерін бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін:
«Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылған;
осындай технологиялық парктердің дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) 50 және одан көп пайызы технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институтына тиесілі технологиялық парктер қолдануға құқылы.
Осы тармақшаның ережелері салық салу объектілерін пайдалануға, сенімгерлік басқаруға немесе жалға беру жағдайларында қолданылмайды;
10) Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу, халықаралық мамандандырылған көрме аумағын көрмеден кейінгі пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйым.
Осы тармақшаның бірінші бөлігінің мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйым деп қызметінің негізгі нысанасы Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу, халықаралық мамандандырылған көрме аумағын көрмеден кейінгі пайдалану болып табылатын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға түсініледі.
4. Осы баптың 3-тармағының 1), 2), 3) және 10) тармақшаларында айқындалған заңды тұлғаларды қоспағанда, осы баптың 3-тармағында аталған заңды тұлғалар пайдалануға, сенімгерлік басқаруға немесе жалға берілген салық салу объектілері бойынша мүлік салығын осы баптың 1-тармағында белгіленген салық мөлшерлемесі бойынша есептейді және төлейді.
5. Мүлік салығын салықтық базаға 0 пайыз мөлшерлеме бойынша мыналар есептейді:
1) осы Кодекстің 15-бабы 2-тармағының 19) тармақшасында айқындалған заңды тұлғалар;
2) басым қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын салық салу объектілері бойынша – осы Кодекстің 80-тарауында белгіленген ережелер ескеріле отырып, арнайы экономикалық аймақтар аумақтарында қызметін жүзеге асыратын ұйымдар;
3) осы Кодекстің 80-тарауының ережелерін ескере отырып, инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлға;
4) дамуға ресми көмек саласындағы оператор болып табылатын ұйым;
5) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын (пайдалануға жоспарланатын) салық салу объектілері бойынша арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компаниялары.
6. Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган салық саясаты саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекіткен тізбеде айқындалған заңды тұлғалар салықты мемлекеттік және (немесе) үкіметтік тұрғын үй құрылысы бағдарламаларын іске асыру шеңберінде осындай бағдарламаға қатысушы болып табылатын жеке тұлғаға тұрғынжайды ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берілген салық салу объектілері бойынша осы Кодекстің 602-бабында белгіленген мөлшерлемелер бойынша есептейді.
7. Егер әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі осы баптың 2, 3, 4 және 5-тармақтарының бірнеше ережесіне сәйкес келсе, онда осы бапта белгіленген ең төмен мөлшерлемелердің бірі қолданылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-592/