Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
596-бап. Салықтық есептілік
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын (пайдалануға жататын) салық салу объектілері бойынша дара кәсіпкерлер (оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимiн қолданатын дара кәсiпкерлердi қоспағанда) және заңды тұлғалар, егер олардағы салықтың есептік сомасы тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 300 еселенген мөлшерінен асатын болса, мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді төлеушілер болып табылады. Осы тармақтың мақсаттары үшін салықтың есептік сомасы салықтық кезеңнің басындағы бухгалтерлік есеп деректері бойынша айқындалған тиісті салық мөлшерлемесінің және салық салу объектілерінің баланстық құнының туындысы ретінде айқындалады.
Мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді төлеушілер салық салу объектілерінің тұрған жері бойынша салық органдарына салық бойынша ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын ағымдағы салықтық кезеңнің 15 ақпанынан кешіктірмей ұсынады.
2. Мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді төлеуші салықтық кезең ішінде салық салу объектілері келіп түскен және (немесе) шығып қалған кезде ағымдағы төлемдерді төлеудің кезекті (салықтық кезең ішінде) мерзімі басталғанға дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде осындай төлемдердің мөлшерін тиісті түзетумен және оларды алдағы төлеу мерзімдеріне тең үлестермен бөлумен ағымдағы төлемдердің қосымша есеп-қисабын ұсынады.
Бұл ретте ағымдағы төлемдердің қосымша есеп-қисабы ағымдағы төлемдерді төлеудің кезекті мерзімі басталған айдың бірінші күніндегі жағдай бойынша келіп түскен және (немесе) шығып қалған объектілер бойынша ұсынылады.
3. Салық бойынша декларацияны салық салу объектілерінің тұрған жері бойынша салық органдарына есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмейтін мерзімде:
1) заңды тұлғалар;
2) дара кәсіпкерлер – кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын (пайдалануға жататын) салық салу объектілері бойынша айқындалған салықтық міндеттемелер бойынша;
3) жеке тұлғалар (оның ішінде жеке практикамен айналысатын адамдар) – кәсіпкерлік қызметте және (немесе) осындай жеке практикаға байланысты қызметте пайдаланылатын (пайдалануға жататын) салық салу объектілері бойынша айқындалған салықтық міндеттемелер бойынша ұсынады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-596/