НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

Бап 631

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

631-бап. Жерүсті су объектілерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақыны, жобаны іске асыру кезінде тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған халықаралық және (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақыны есептеу мен төлеу тәртібі
1. Төлеушілер төлемақы сомасын жерүсті су объектілерінің су ресурстарын алудың және (немесе) пайдаланудың іс жүзіндегі көлемдеріне және белгіленген мөлшерлемелерді негізге ала отырып есептейді.
2. Тірек гидротехникалық және суды реттейтін құрылыстары бар су объектілерінде су көлігімен тасымалдау көлемі үшін төлемақы сомасы тасымалданған жүктердің тоннасына/километріне есептеледі.
3. Төлеушілер (шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілерден басқа) су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі бассейндік су инспекциялары белгілеген жерүсті су объектілерінің су ресурстарын алудың және (немесе) пайдаланудың ай сайынғы көлемі негізінде есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірмей су пайдаланудың іс жүзіндегі көлемі үшін төлемақының ағымдағы сомасын бюджетке төлейді.
4. Төлемақы сомасы рұқсат беру құжатында көрсетілген арнайы су пайдалану орны бойынша бюджетке төленеді.
5. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер төлемақыны осы Кодекстің 732-бабында белгіленген мерзімдерде төлейді.
6. Жылу энергетикасы кәсіпорындары жерүсті су объектілерінің су ресурстарын алу және (немесе) пайдалану көлемі шегінде тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық мұқтаждықтар үшін жылу энергиясын өндіру үшін, сондай-ақ агрегаттарды салқындату (қайтарымды су тұтыну) үшін технологиялық мұқтаждықтарға жұмсалатын су үшін төлемақы мөлшерін тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызметтер көрсететін ұйымдар үшін көзделген мөлшерлемелер бойынша айқындайды. Суды қайтарымсыз тұтыну үшін төлемақы мөлшері өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін белгіленген мөлшерлемелер бойынша айқындалады.
7. Жобаны іске асыру кезінде тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған халықаралық және (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақының мөлшері аквашаруашылық саласындағы уәкілетті орган бекіткен осындай балық шаруашылығы су аудындарының учаскелерін бекітіп беру қағидаларында айқындалады.
8. Тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған халықаралық және (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақының сомасы осындай балық шаруашылығы су айдындарының учаскелеріне бекітіп беруді жүзеге асыратын органның тұрған жері бойынша бюджетке төленеді. Төлеу аквашаруашылық саласындағы уәкілетті орган жобаны іске асыру кезінде тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған халықаралық және (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскесін бекітіп беру туралы шешім қабылдағаннан кейін Қазақстан Республикасының аквашаруашылық саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-631/