Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
66-бап. Мүлікті сенімгерлік басқаруға беру кезінде салықтық
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 40. Исполнение налогового обязательства при передаче
· толық сәйкестік кестесі
міндеттемені орындау жөніндегі жалпы ережелер
1. Осы Кодекстің мақсаттары үшін мүлікті сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі қызмет бойынша салықтық міндеттеме деп мүлікті сенімгерлік басқаруды құру нәтижесінде, оны жүзеге асыру және (немесе) тоқтату процесінде туындайтын салықтық міндеттеме түсініледі.
Сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша корпоративтік және жеке табыс салықтары бойынша салықтық міндеттемені орындауды:
1) мүлікті сенімгерлік басқару шарты, мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы акт бойынша сенімгерлік басқару құрылтайшысы немесе мүлікті сенімгерлік басқару туындайтын өзге де жағдайларда пайда алушы (бұдан әрі – осы Кодекстің мәтіні бойынша – сенімгерлік басқару құрылтайшысы) мыналар бойынша:
сенімгерлік басқаруға берілген қатысу үлесі және (немесе) акциялар;
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін қоспағанда, Ұлттық Банкке сенімгерлік басқаруға берілген мүлік;
мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы акт бойынша сенімгерлік басқаруға берілген мүлік;
заңды тұлға, дара кәсіпкер сенімгерлік операциялар бойынша екінші деңгейдегі банктен алған кіріс;
егер сенімгерлік басқару құрылтайшысы осындай міндет жүктелген жеке тұлға болып табылса, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексіне және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес декларацияны жасау және тапсыру бойынша жүзеге асырады.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін мүлікті сенімгерлік басқаруды құру туралы акт деп мүлікті сенімгерлік басқарудың туындауына негіз болатын, қызметін Қазақстан Республикасында жүзеге асырмайтын бейрезидент-жеке тұлға немесе бейрезидент-заңды тұлға сенімгерлік басқарушылар болып табылатын құжат түсініледі;
2) мүлікті сенімгерлік басқарудың өзге де жағдайларында – сенімгерлік басқарушы жүзеге асырады. Бұл ретте дара кәсіпкерден басқа, жеке тұлғаның және тұрақты мекеме құрмай, қызметін Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның салық агенті болып табылатын екінші деңгейдегі банк жүзеге асыратын сенімгерлік операциялардан алған кірісі бойынша салықтық міндеттемені осындай екінші деңгейдегі банк салық агентінің міндеттерін атқару түрінде орындайды.
Сенімгерлік басқарушы мынадай:
егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүлікті сенімгерлік басқару құқығы мемлекеттік тіркеуге жататын болса – мұндай құқық мемлекеттік тіркелген;
егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сенімгерлік басқару құқығы мемлекеттік тіркеуге жатпайтын болса – мүлікті сенімгерлік басқару шартын жасасқан немесе мүлікті сенімгерлік басқару туындайтын өзге де жағдайдың басталғанын растайтын құжат жасалған күннен бастап туындайтын салықтық міндеттемелерді орындайды.
2. Сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша қосылған құн салығы бойынша туындайтын салықтық міндеттемені орындауды сенімгерлік басқарушы осы Кодекстің 7-бөлігінде және 99 – 101-баптарында айқындалған тәртіппен жүзеге асырады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілмеген салық және бюджетке төленетін төлемдер бойынша туындайтын салықтық міндеттемені орындауды, егер осы Кодекстің 67-бабында өзгеше белгіленбесе, осы Кодекске сәйкес осындай салықтарды, бюджетке төленетін төлемді төлеуші деп танылған тұлға жүзеге асырады.
4. Резидент болып табылатын сенімгерлік басқарушы-жеке тұлға, мүлікті қатысу үлесі мен акциялар түрінде сенімгерлік басқаруға алған жағдайлардан басқа, осы Кодекстің 97-бабында айқындалған тәртіппен дара кәсіпкер ретінде салық органында тіркеу есебіне тұруға тиіс.
5. Осы параграфтың ережелері Қазақстан Республикасының инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңнамасына сәйкес басқарушы компанияның инвестициялық қор активтерін сенімгерлік басқаруды құруы, жүзеге асыруы және (немесе) тоқтатуы нәтижесінде туындайтын салықтық міндеттемелерге қолданылмайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-66/