НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

668-бап. Соттарда мемлекеттік баж төлеуден босату

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

Соттарда мыналар мемлекеттік баж төлеуден босатылады:
1) талапкерлер – еңбекке ақы төлеу сомаларын өндiрiп алу туралы талап қоюлар және еңбек қызметiне байланысты басқа да талаптар бойынша;
2) талапкер авторлар, орындаушылар және олардың мүліктік құқықтарын ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар – авторлық құқықтан және аралас құқықтардан туындайтын талап қоюлар бойынша;
3) өнеркәсіптік меншік объектілерінің  талапкер авторлары – өнертабысқа, пайдалы модельдерге және өнеркәсiптiк үлгiлерге құқықтан туындайтын талап қоюлар бойынша;
4) талапкерлер – алименттердi өндiрiп алу туралы талап қоюлар бойынша;
5) талапкерлер – мертiгуден немесе денсаулығын өзге де зақымдаудан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуынан келтiрiлген зиянды өтеу туралы талап қоюлар бойынша;
6) талапкерлер – қылмыстық құқық бұзушылықтан келтiрiлген материалдық залалды өтеу туралы талап қоюлар бойынша;
7) iске қатысы жоқ тұлғалардан басқа жеке және заңды тұлғалар – оларға қылмыстық iстерге және алименттер бойынша iстерге байланысты құжаттар берілгенi үшiн;
8) талапкерлер – Қазақстан Республикасының экология заңнамасын бұзу арқылы мемлекетке келтiрiлген залалды өтеу есебіне мемлекет кiрiсiне қаражат өндiрiп алу туралы талап қоюлар бойынша;
9) арыз берушілер – азаматтардың және қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарының, азаматтардың және қоғамдық бірлестіктердің жалпыхалықтық референдумға қатысу құқықтарының бұзылуы туралы арыздар бойынша;
10) бiлiктi еңбек жұмыскерлерін және бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi жұмысшы кадрларды даярлауды қамтамасыз ететiн кәсiптiк мектептер мен кәсiптiк лицейлер – оқу орындарын өз бетінше тастап кеткен немесе олардан шығарылған оқушыларды күтіп-ұстауға мемлекет шеккен шығыстарды өндiрiп алу туралы талап қоюлар бойынша;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда басқа тұлғалардың немесе мемлекеттiң құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғауға сотқа арызбен жүгiнген жеке және заңды тұлғалар;
12) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес бюджеттiк кредиттердi, сондай-ақ мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды қайтару жөнiнде талап қоюмен сотқа жүгiнген сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент);
13) Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ бала кезінен мүгедектігі бар адамның, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі – барлық iстер мен құжаттар бойынша;
14) талапкер қандастар – Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға байланысты барлық iстер мен құжаттар бойынша;
15) жеке және заңды тұлғалар – сотқа мынадай: іс бойынша іс жүргiзудi тоқтату туралы сот ұйғарымының күшiн жою немесе арызды қараусыз қалдыру; шешiмді орындауды кейiнге қалдыру немесе оның мерзiмiн ұзарту; шешiмдi орындаудың тәсілі мен тәртiбiн өзгерту; талап қоюларды қамтамасыз ету немесе қамтамасыз етудiң бiр түрiн басқамен ауыстыру; жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша соттың шешiмдерiн, ұйғарымдарын немесе қаулыларын қайта қарау; сот ұйғарымдарымен салынған айыппұлдарды қосу немесе азайту; өткiзiп алған мерзiмдердi қалпына келтiру туралы сот шешiмдерiнің орындалуын бұру; соттың сырттай шешімінің күшін жою; арнаулы білім беру ұйымдарына және ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына орналастыру туралы арыздар; сондай-ақ мынадай: сот орындаушыларының әрекеттерiне шағымдар; соттардың айыппұлдарды қосудан немесе азайтудан бас тарту туралы ұйғарымдарына жеке шағымдар; сот ұйғарымдарына басқа да жеке шағымдар; әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулыларға шағымдар бергенi үшін;
16) прокуратура органдары – барлық талап қоюлар бойынша;
17) мемлекеттiк мекемелер және орта білім беретін мемлекеттік оқу орындары – үшiншi тұлғалардың мүдделерiн қорғау жағдайларын қоспағанда, талап қойған және сот шешiмдерiне шағым жасаған кезде;
18) мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері және (немесе) кемінде 35 пайызы есту, сөйлеу, сондай-ақ көру қабілетінен айырылған мүгедектігі бар адамдар жұмыс істейтін, өздері құрған ұйымдар – өздерiнiң мүдделері үшін талап қоюды берген кезде;
19) сақтандырушылар мен сақтанушылар – мiндеттi сақтандыру шарттарынан туындайтын талап қоюлар бойынша;
20) талапкерлер мен жауапкерлер – азаматқа заңсыз сотталудан, күзетпен қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасын заңсыз қолданудан не қамаққа алу түріндегі әкімшілік жазаны заңсыз қолданудан келтiрiлген залалды өтеуге байланысты даулар бойынша;
21) Ұлттық Банк, оның филиалдары, өкілдіктері мен ведомстволары – өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша талап қоюды берген кезде;
22) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл – өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша талап қоюды берген кезде;
23) мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымдарының тарату комиссиялары – тарату ісін жүргізу мүддесінде берілген талап қоюлар, арыздар, шағымдар бойынша;
24) Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының қызметін мәжбүрлеп тоқтататын тарату комиссиялары – қызметін мәжбүрлеп тоқтату рәсімі мүддесінде берілген талап қоюлар, арыздар, шағымдар бойынша;
25) мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымдарының уақытша әкімшіліктері – уақытша әкімшіліктің мүддесінде берілген талап қоюлар, арыздар, шағымдар бойынша;
26) Қазақстан Республикасының заңына сәйкес мемлекеттiк инвестициялық саясатты iске асыруға уәкiлеттiк берілген банктер – мынадай: бюджет қаражаты есебiнен қайтарымды негiзде берiлген кредиттер бойынша берешектi өндiрiп алу; мүлікке өндіріп алуды қолдану; борышкерлердiң сыртқы мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыздар, сондай-ақ бюджет қаражаты есебiнен берiлген қарыздар бойынша мiндеттемелердi орындамауына байланысты олардың банкроттығы туралы талап қоюларды берген кезде;
27) облигация ұстаушылардың өкілдері – эмитенттердің облигациялар шығару проспектісінде белгіленген міндеттемелерді орындамауы мәселелері бойынша облигациялар ұстаушылардың атынан талап қоюды берген кезде;
28) банкроттықты және оңалтуды басқарушылар — Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында көзделген өз өкiлеттiктерi шегiнде банкроттық рәсімі, оңалту рәсiмi мүддесінде талап қоюды берген кезде;
29) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары – борышкерлерден зейнетақы активтеріне қатысты міндеттемелерін орындамауына байланысты пайда болған берешекті өндіріп алу бойынша жүргізілетін жұмыстар шеңберінде талап қойған және соттардың шешімдеріне шағым жасаған кезде;
30) ішкі істер органдары – Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберуге байланысты мәселелер бойынша арыздар берген кезде;
31) талапкерлер (арыз берушілер) – қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, оның ішінде белгіленбеген тұлғалар тобының мүдделерін көздей отырып қорғау туралы талап қоюлар (арыздар) бойынша;
32) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционері болып табылатын ұйым – талап қойған және сот шешімдеріне шағым жасау кезінде;
33) талапкерлер – әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюлар бойынша;
34) жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым – депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктен төленбеген жарналардың сомасын, сондай-ақ қосылу шарты бойынша олардың өз міндеттемелерін орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбын өндіріп алуға байланысты даулар бойынша. Осы баптың бірінші бөлігінде аталған тұлғалар сот актілеріне шағым жасаған кезде де соттарда мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-668/