Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
683-бап. Төлем көзінен корпоративтік табыс салығын
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
есептеу мен ұстау тәртібі
1. Қызметі Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмейтін бейрезидент-заңды тұлғаның (бұдан әрі осы тараудың мақсатында – бейрезидент) Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін кірістеріне шегерімдер жүзеге асырылмай, төлем көзінен корпоративтік табыс салығы салынады.
Бұл ретте төлем көзінен ұсталатын корпоративтік табыс салығының сомасын салық агенті осы Кодекстің 681-бабында көрсетілген кірістерді қоспағанда, осы Кодекстің 679-бабында көрсетілген кірістер сомасына осы Кодекстің 682-бабында белгіленген мөлшерлемелерді қолдану арқылы есептейді.
Төлем көзінен салық салынатын кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын есептеу мен ұстап қалуды салық агенті:
1) есепке жазылған және төленген кірістер бойынша – бейрезидентке кірістерді төлеу күнінен кешіктірмей;
2) шегерімге жатқызылған, есепке жазылған және төленбеген кірістер бойынша – табыс салығы бойынша декларацияны ұсыну үшін осы Кодекстің 359-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімнен кешіктірмей жүргізеді.
2. Салық агентi төлем көзiнен ұсталатын корпоративтік табыс салығын бейрезидентке кіріс төлеудi жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан ұстайды.
3. Бейрезиденттің кірістеріне төлем көзінен салық салу осы бейрезиденттің өз кірістеріне үшінші тұлғалардың және (немесе) басқа мемлекеттердегі өзінің құрылымдық бөлімшелерінің пайдасына билік етуіне қарамастан жүргізіледі.
4. Осы баптың ережелеріне қарамастан, бейрезидент-заңды тұлғаның кірістерінен төлем көзінен корпоративтік табыс салығын құн өсімінен есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару осы Кодекстің 687-бабында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
5. Бейрезиденттің роялти түріндегі кірістеріне салық салу кезінде сүйемелдеу жөніндегі қызметтерді, техникалық қолдау жөніндегі қызметтерді көрсеткені үшін кіріс сомалары, егер роялти болып табылатын кіріс сомасынан бөлек көрсетілсе, роялти түріндегі кіріс ретінде салық салынуға жатпайды.
Көрсетілген бөлу болмаған кезде бейрезидент кірісінің бүкіл сомасына роялти ретінде салық салынуға жатады.
6. Осы Кодекстің ережелеріне сәйкес бейрезиденттің кірісінен есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын салық агенті оны ұстамай өз қаражаты есебінен төлеген кезде салық агентінің төлем көзінен корпоративтік табыс салығын ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеті орындалды деп есептеледі.
7. Төлем көзінен корпоративтік табыс салығын есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару жөніндегі міндет пен жауапкершілік бейрезидентке кіріс төлейтін және салық агенттері деп танылған мынадай тұлғаларға:
1) дара кәсіпкерге;
2) Қазақстан Республикасында қызметін құрылымдық бөлімше арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаға;
3) Қазақстан Республикасында қызметін құрылымдық бөлімше ашпай тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаға;
4) бейрезидент, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активінің эмитенті-заңды тұлғаға;
5) осы Кодекстің 687-бабы 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген құн өсімінен кіріс төлейтін тұлғаға жүктеледі.
Бұл ретте осы Кодекстің 687-бабы бірінші бөлігінің 1-тармағында көрсетілген кірісті төлейтін жеке тұлға осы тармақшаның бірінші бөлігін іске асыру мақсатында қор биржасында бағалы қағаздармен мәмілелер жасасу жағдайларын қоспағанда, салық агенті деп танылады;
6) бейрезидент борышкер осы Кодекстің 679-бабы 1-тармағының 10) тармақшасында белгіленген, талап ету құқықтары «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқаға берілген (қайта берілген) активтер бойынша кірісті төлеген кезде сервистік компания болып табылатын резидент-заңды тұлғаға;
7) бейрезидент пен осы тармақтың 6) тармақшасында айқындалған сервистік компания арасында сенімгерлік басқару шарты болмаған кезде осы Кодекстің 679-бабы 1-тармағының 10) тармақшасында белгіленген кіріс бойынша, талап ету құқықтары «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқаға берілген (қайта берілген) активтер бойынша борышкерлер болып табылатын дара кәсіпкерге, резидент-заңды тұлғаға жүктеледі.
8. Бейрезидентпен жасалған келісімшартта Қазақстан Республикасының аумағында және оның шегінен тысқары жерде жұмыстардың, қызметтердің алуан түрінің орындалуын, көрсетілуін көздейтін ережелер болған кезде осы бапта белгіленген төлем көзінен ұсталатын табыс салығын есептеу және ұстап қалу тәртібі жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің әрбір түріне жеке-жеке қолданылады. Бірыңғай өндірістік-технологиялық цикл шеңберінде бейрезидент орындаған жұмыстардың, көрсеткен қызметтердің әрбір кезеңі бейрезиденттің кірістерінен төлем көзінен табыс салығын есептеу және ұстап қалу мақсатында жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрі ретінде қаралады.
Бұл ретте жоғарыда көрсетілген келісімшарт бойынша бейрезиденттің жалпы кірістер сомасы Қазақстан Республикасында және оның шегінен тысқары жерде жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден алынған кірістерге негізді түрде бөлінуге тиіс.
Осы тармақтың ережелерін қолдану мақсатында бейрезидент Қазақстан Республикасының және (немесе) шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес жасалған, бейрезиденттің жалпы кіріс сомасын Қазақстан Республикасында жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден алынған кірістерге және оның шегінен тысқары жерде жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден алынған кірістерге бөлуді растайтын есепке алу құжаттамасының көшірмелерін көрсетілетін қызметтерді алушыға ұсынуға міндетті.
Осы баптың ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасында салық салуға жататын бейрезиденттің кіріс сомасының төмендеуіне алып келген, бейрезиденттің кірісін осындай бөлу болмаған немесе негізсіз бөлген кезде жоғарыда көрсетілген келісімшарт бойынша бейрезиденттің Қазақстан Республикасында, сол сияқты оның шегінен тысқары жерде жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден алынған жиынтық кіріс сомасы салық салынуға жатады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-683/