Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
753-бап. Осы бөлімде реттелетін қатынастар
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 720. Отношения, регулируемые настоящим разделом
· толық сәйкестік кестесі
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың шеңберінде жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодексте белгіленген барлық салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлейді.
2. Осы бөлім жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары бойынша салықтық міндеттемелерді орындау тәртібін, сондай-ақ өнімді бөлу туралы келісімнің (келісімшарттың) шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салықтық міндеттемелерді орындау ерекшеліктерін белгiлейдi.
3. Жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары мыналарды қамтиды:
1) қол қою бонусы;
2) тарихи шығындарды өтеу бойынша төлем;
3) жер қойнауын пайдалануға баламалы салық;
4) роялти;
5) Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесі;
6) пайдалы қазбаларды өндiру салығы;
7) үстеме пайда салығы.
4. Көмірсутектер кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бір бөлігін) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу тәртібін, олардың тізбесін және пайдалы қазбаларды өндіру салығы бөлігінде салық салу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Пайдалы қазбалардың қатты түрлерінің кен орнын (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындарының тобын, кен орнының бір бөлігін) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу өлшемшарттарын, сондай-ақ рентабельділік деңгейін және рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейін айқындау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
5. Толығымен Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан жер қойнауы учаскесінде (учаскелерінде) және (немесе) тау-кендік бөлуде немесе тау-кендік бөлу болмаған кезде көмірсутектерді өндіруге немесе барлау мен өндіруге арналған келісімшартта көрсетілген көмірсутектер кенжатындарының жоғары нүктесінің тереңдігі 4500 метрден жоғары емес және тау-кендік бөлуде немесе тау-кендік бөлу болмаған кезде көмірсутектерді өндіруге немесе барлау мен өндіруге арналған келісімшартта көрсетілген көмірсутектер кенжатындарының төменгі нүктесінің тереңдігі 5 000 метр және одан төмен жер қойнауы учаскелерінде көмірсутектерді өндіруге немесе барлау мен өндіруге арналған келісімшарттар бойынша салықтық міндеттемелерді орындау тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемнің, пайдалы қазбаларды өндiру салығының және үстеме пайда салығының орнына жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу және төлеу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-753/