НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

822-бап. Бірыңғай төлемнің мөлшерлемесі және ондағы төлем көзінен салық салынатын кірістерден алынатын жеке табыс салығының үлесі

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Салық салу объектісіне қолданылатын бірыңғай төлем мөлшерлемесі: 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 24,8 пайызды; 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 25,8 пайызды; 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 26,3 пайызды құрайды. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әлеуметтік төлемдерді (міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын қоспағанда) төлеуден босатылған жұмыскерлер үшін, сондай-ақ «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы 1-тармағының 1), 7), 8), 9), 11), 12) және 13) тармақшаларына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған жарналарды мемлекет төлейтін жұмыскерлер үшін бірыңғай төлемнің мөлшерлемесі әлеуметтік төлемдердің (міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын қоспағанда) тиісті үлесіне төмендетіледі.
2. Бірыңғай төлем төлеушінің жеке табыс салығының бірыңғай төлем мөлшерлемесіндегі үлесі: 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 7,3 пайызды; 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 7,0 пайызды; 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 6,9 пайызды құрайды. 823-бап. Бірыңғай төлемді есептеу, төлеу және ол бойынша міндеттемелерді тиісті салықтық есептілікте көрсету тәртібі
1. Салық агенті бірыңғай төлемнің тиісті үлестерін есептеуді, ұстап қалуды және оны аударуды, сондай-ақ ол бойынша міндеттемелерді тиісті салықтық есептілікте көрсетуді осы тарауда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүргізеді.
2. Салық агенті салық салу объектісін есепке жазу кезінде бірыңғай төлемді есептеуді жүргізеді.
3. Салық агенті бірыңғай төлемнің жеке табыс салығына, міндетті зейнетақы жарналарына, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарына тиесілі тиісті үлестерінің сомаларын ұстап қалуды төлем көзінен салық салуға жататын кіріс төленетін күннен кешіктірмей жүргізеді.
4. Салық агенттері жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды өз қаражаты есебінен жұмыскерлердің пайдасына жүзеге асырады.
5. Салық агенті есепке жазылған кірістер бойынша бірыңғай төлемді екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы жалпы сомамен ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей, Мемлекеттік корпорацияның банктік шотына осындай бірыңғай төлем аударылатын айды көрсете отырып аударады.
6. Бірыңғай төлемді, бірыңғай төлем бойынша өсімпұлды төлеу, аудару және оларды жеке табыс салығы және әлеуметтік төлемдер (міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын қоспағанда), өсімпұл түрінде бөлу, сондай-ақ оларды қайтару Ұлттық Банкпен, уәкілетті органмен, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жөніндегі, денсаулық сақтау саласындағы және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
7. Бірыңғай төлем сомалары осы Кодекстің 445-бабында көзделген декларацияларда көрсетіледі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-822/