НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

9-бап. Мүлікті өтеусіз беруге байланысты ұғымдар

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

Мүлікті өтеусіз беруге байланысты ұғымдар:
1) грант – белгілі бір мақсаттарға (міндеттерге) қол жеткізу үшін өтеусіз негізде: мемлекеттер, мемлекеттердің үкіметтері – Қазақстан Республикасына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, жеке, сондай-ақ заңды тұлғаларға беретін; қызметі қайырымдылық және (немесе) халықаралық сипатқа ие және Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмейтін, мемлекеттік органдардың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тізбеге енгізілген халықаралық және мемлекеттік ұйымдар, шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар мен қорлар – Қазақстан Республикасына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, жеке, сондай-ақ заңды тұлғаларға беретін; шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар – Қазақстан Республикасына және Қазақстан Республикасының Үкіметіне беретін мүлік;
2) гуманитарлық көмек – халықтың өмірі мен тұрмыс жағдайларын жақсарту, сондай-ақ әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою үшін шет елдерден және халықаралық ұйымдардан жіберілген азық-түлік, халық тұтынатын тауарлар, техника, жарақтар, жабдықтар, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, өзге де мүлік түрінде Қазақстан Республикасына өтеусіз негізде берілетін, Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілетті ұйымдар арқылы бөлетін мүлік;
3) демеушілік көмек – осы көмекті көрсететін тұлға туралы ақпаратты тарату мақсатында өтеусіз негізде: жарыстарға, конкурстарға, көрмелерге, байқауларға қатысу және шығармашылық, ғылыми, ғылыми-техникалық, өнертапқыштық қызметті дамыту, білім мен спорт шеберлігі деңгейін арттыру үшін жеке тұлғаларға қаржылай қолдау (әлеуметтік қолдаудан басқа) түрінде; өздерінің жарғылық мақсаттарын іске асыру үшін коммерциялық емес ұйымдарға берілетін мүлік;
4) жеке тұлғаны әлеуметтік қолдау – салық агентінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қорғалуға құқығы бар осындай тұлғалардың жекелеген санатына жатқызылған жеке тұлғаға тиiстi қаржы жылының басына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 647 еселенген мөлшері шегiнде мүлікті бiр жыл ішінде өтеусіз беруі. Осы тармақшаның бірінші бөлігінде көзделген жеке тұлғалардың жекелеген санаттарының тізбесін уәкілетті органмен және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы органмен келісу бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітеді;
5) қайырымдылық көмек – өтеусіз негізде: демеушілік көмек түрінде; жеке тұлғаны әлеуметтік қолдау түрінде; төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен жеке тұлғаға; коммерциялық емес ұйымның жарғылық қызметін қолдау мақсатында осы ұйымға; әлеуметтік салада қызметін жүзеге асыратын ұйымға; Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес мүгедектігі бар адамдардың мамандандырылған ұйымына берілетін мүлік.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-9/