СОЦИАЛЬНЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 224-VII ·20.04.2023
01.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

173-бап. Мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақылар, еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушының құқықтары мен міндеттері

СОЦИАЛЬНЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 224-VII

1. Мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақылар, еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушының:
1) осы Кодексте көзделген тәртіппен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға;
2) мүгедектігі бар адамдарға төленетін мемлекеттік жәрдемақыларды алатынына қарамастан, осы Кодексте көзделген тәртіппен еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алуға;
3) Мемлекеттік корпорациядан және Қордан мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақыларды, еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау және алу тәртібі туралы ақпаратты сұратуға және тегін алуға;
4) мемлекеттік органдардың, Мемлекеттік корпорацияның және Қордың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.
2. Мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақылар, еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушы:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақылар, еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау үшін толық және анық мәліметтер ұсынуға;
2) мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақыларды, еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді алу кезеңінде Мемлекеттік корпорацияны мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін өзгерту немесе мүгедектігі бар адамдарға жәрдемақылар, еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді төлеуді тоқтату үшін негіз болуы мүмкін мән-жайлар туралы он жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті. Өтініш беруші мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы уақтылы хабарламаған жағдайда олардың мөлшері көрсетілген мән-жайлар басталған кезден бастап, бірақ оларды тағайындаған кезден ерте емес қайта қаралады;
3) мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақылардың, еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің артық есептелген (төленген) сомаларын ерікті түрде, ал бас тартылған жағдайда – заңды күшіне енген сот шешімі негізінде сот тәртібімен қайтаруға міндетті.
3. Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органның және (немесе) Қордың кінәсінан уақтылы алынбаған не толық алынбаған мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақылардың, еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің сомалары оларға құқық туындаған күннен бастап өткен уақыт үшін мерзімі шектелмей төленеді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/sotsialnyy-kodeks/st-173/