Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
20-бап. Еңбек мобильділігі орталығының құзыреті
СОЦИАЛЬНЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 224-VII
1. Еңбек мобильділігі орталығы:
1) жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсынысты талдайды, болжайды, халыққа, жергілікті атқарушы органдарға және Еңбек ресурстарын дамыту орталығына астананың, облыстың және республикалық маңызы бар қалалардың еңбек нарығының жай-күйі туралы хабарлайды;
2) астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органына жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары жөніндегі ұсыныстарды және өңірлік жұмыспен қамту картасының жобасын енгізеді;
3) ұлттық жобалар, астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың даму жоспарлары, астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде жұмыс орындарының құрылуын есепке алуды жүзеге асырады;
4) жергілікті атқарушы органдардың білім беру мәселелері жөніндегі құрылымдық бөлімшелерінен, білім беру ұйымдарынан, кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын, білім беру қызметіне құқығы бар ұйымдар жанындағы оқу орталықтарынан түлектердің жұмысқа орналасуы туралы мәліметтерді, оқыту жүргізілетін кәсіптер (мамандықтар) туралы, нақты кәсіптер (мамандықтар) бойынша даярланған және даярлануы мен бітіруі жоспарланған мамандардың саны туралы ақпаратты сұратады;
5) жұмыс берушілерден жұмыс күшіне деген болжамды қажеттілік туралы ақпаратты сұратады;
6) жұмыс берушілер Электрондық еңбек биржасында орналастыратын, ұлттық жобалар мен астананың, облыстың және республикалық маңызы бар қаланың даму жоспарлары, сондай-ақ жекеше сектордың бастамалары шеңберінде іске асырылатын жобалардағы ағымдағы бос орындар мен құрылатын жұмыс орындарының болжамы туралы бос жұмыс орындарының есебін жүргізеді;
7) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыруды жүзеге асырады;
8) атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу мәселелері бойынша аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарымен өзара іс-қимыл жасайды;
9) мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орындарын құру бойынша жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл жасайды;
10) уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтерге аутсорсингті жүзеге асырады;
11) халықты жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтердің аутсорсингі туралы шарттың іске асырылу барысын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асырады;
12) жұмыс іздеуші және жұмыссыздар ретінде жүгінген адамдарды тіркейді;
13) мансап орталықтары жұмыскерлерінің кәсіби тұрғыдан дамуы мен біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді;
14) осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын көрсетеді.
2. Еңбек мобильділігі орталығы өз функцияларын аудандарда, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда, астанада филиалдар түрінде құрылатын мансап орталықтары арқылы жүзеге асырады.
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтуды қамтамасыз ету үшін еңбек мобильділігі орталығы мобильді (жылжымалы) мансап орталықтарын құрады.
3. Еңбек мобильділігі орталығы өз функцияларын іске асыру кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, оның ішінде Электрондық еңбек биржасын пайдаланады.
Еңбек мобильділігі орталығы жүгінген адамдарға өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында Электрондық еңбек биржасына тегін қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
4. Еңбек мобильділігі орталықтарының қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/sotsialnyy-kodeks/st-20/