Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
200-бап. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтінішті қабылдаудан және тағайындаудан бас тарту
СОЦИАЛЬНЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 224-VII
1. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтінішті қабылдаудан бас тартуға:
1) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау, төлеу немесе тағайындауға өтініш беру фактілерін растайтын мәліметтерді уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен алу;
2) өтініш берушінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құжаттардың толық топтамасын ұсынбауы және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды және (немесе) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдау күніне қолданылу мерзімі өтетін құжаттарды ұсынуы;
3) жеке басын куәландыратын құжат бойынша мәліметтердің (мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтермен расталатын, оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ауыстырудан басқа) оларды тағайындау үшін қажетті құжаттармен сәйкес келмеуі;
4) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау құқығының болмауы;
5) өтініш берушінің мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін талап етілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімінің болмауы негіз болып табылады.
2. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындаудан бас тартуға:
1) мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу үшін өтініш беруші ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) анық еместігінің анықталуы;
2) өтініш берушінің және (немесе) мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін қажетті ұсынылған құжаттардың, деректер мен мәліметтердің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі негіз болып табылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/sotsialnyy-kodeks/st-200/