СОЦИАЛЬНЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 224-VII ·20.04.2023
01.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

57-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы және

СОЦИАЛЬНЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 224-VII

ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларындағы есепке алу және есептілік
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бухгалтерлік есепке алуды жүргізеді және:
1) міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері;
2) жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері;
3) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаржы-шаруашылық қызметін қамтамасыз етуге арналған меншікті қаражаты;
4) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан аударылатын аударымдар есебінен қалыптастырылған нысаналы жинақтар мен нысаналы активтер бойынша қаржылық есептілікті бөлек-бөлек жасайды. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры бухгалтерлік есепке алуды жүргізеді және қаржылық есептілікті меншікті қаражаты мен ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері бойынша бөлек-бөлек жасайды.
1-1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қаржылық және өзге де есептілікті, сондай-ақ бастапқы статистикалық деректерді ұсынады.
2. Міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының, өздері үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалардың (зейнетақы төлемдерін алушылардың) жеке зейнетақы шоттарында міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен құралған зейнетақы жинақтарын есепке алу қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бөлек-бөлек жүргізіледі.
3. Шартты зейнетақы міндеттемелерін есепке алу қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
4. Резервтік қорларды қалыптастыруды және пайдалануды қоса алғанда, шартты зейнетақы міндеттемелерін қалыптастыру тәртібі, оларды есептеу әдістемесі мен құрылым қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
5. Жеке зейнетақы шотында зейнетақы активтері мен жинақтарын есепке алуды жүзеге асыру және ақпараттың сенімділігін, сақталуын және санкцияланбаған қол жеткізуден қорғалуын қамтамасыз ету үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының бағдарламалық қамтылымы түріндегі автоматтандырылған ақпараттық жүйелер пайдаланылады. Зейнетақы активтері мен жинақтарын есепке алуға арналған автоматтандырылған ақпараттық жүйелерге қойылатын талаптарды қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын ескере отырып белгілейді.
6. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары өздері үшін ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалардың (зейнетақы төлемдерін алушылардың) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізеді.
7. Зейнетақы жарналарын есепке алудың дұрыс жүргізілуін және міндетті зейнетақы жарналарының салымшыларына, өздері үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаларға (зейнетақы төлемдерін алушыларға) инвестициялық кірістің есепке жазылуын бақылауды қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
8. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары бухгалтерлік есепке алуда және есептілікті жасау кезінде пайдаланылатын құжаттардың есепке алынуын және сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Сақталуға жататын құжаттардың тізбесін және олардың сақталу мерзімдерін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/sotsialnyy-kodeks/st-57/