СОЦИАЛЬНЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 224-VII ·20.04.2023
01.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

81-бап. Бала күтіміне байланысты жәрдемақыны алу құқығы

СОЦИАЛЬНЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 224-VII

1. Бала күтіміне байланысты жәрдемақы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ жәрдемақы алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген шетел азаматтарына беріледі.
2. Балаға күтім жасайтын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмаған жағдайда, тірі туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар, егер олар басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалары бар адамдардың (отбасылардың) бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алуға құқығы бар.
3. Бала күтіміне байланысты жәрдемақыны тағайындау кезінде отбасы құрамында ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтары шектелген балалар есепке алынбайды. Бала күтіміне байланысты жәрдемақы мемлекеттің толық қамтамасыз етуіндегі балаларға тағайындалмайды.
4. Бала күтіміне байланысты жәрдемақы:
1) баланың туу туралы куәлігінде көрсетілген туған күнінен бастап ол бір жарым жасқа толғанға дейінді қоса алғанда;
2) асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар адамдарға (отбасыларға) – соттың баланы (балаларды) асырап алу туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап немесе қорғаншылық белгіленген күннен бастап ол бір жарым жасқа толғанға дейін;
3) қандастарға – бала туған күннен бастап, бірақ қандас мәртебесі белгіленген күннен кейін тағайындалады.
5. Бір жарым жасқа толмаған екі және одан көп балаға күтім жасалған жағдайда, бала күтіміне байланысты жәрдемақы әр балаға тағайындалады және төленеді.
6. Бір жарым жасқа толмаған бала қайтыс болған жағдайда, төлемдер баланың қайтыс болған айына қоса жүргізіледі.
7. Бір жарым жасқа толмаған бала қайтыс болғаннан кейін бала күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау үшін жүгінген жағдайда, бала күтіміне байланысты жәрдемақы баланың қайтыс болған айына қоса тағайындалады.
8. Бала күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау үшін жүгіну мерзімдері бала туған күннен бастап он сегіз айдан аспайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/sotsialnyy-kodeks/st-81/